Симоне де басында Гризманнды жартылай қорғаныста ойнатты. Лондонға кеткен Диего Костаның орнына жазда Манджукич пен Рауль Хименесті алған еді. Гризманның рөлі-қапталдағы позиция. Яғни, негізгі шабуылшыдан бір адым артта деген сөз. Бірақ, Симоненің бұл тактикасы өз жемісін бермеді. Алғашқы ойындарда Гризманн алаңда мүлде көрінбеді, 9 матчта голсыз. Француздың жартылай қорғаныстан гөрі, шабуылда жемісті боларын Симоне сол кезде түсінді. Тактиканы бір шабуылшыдан, екі шабуылшыға көшірді. 4-4-2. Шабуыл өтінде Манджукич-Гризманн жұбы. Бұл схема бірден өз нәтижесін бере бастады. Антуан еркін суретші ретінде, Манджукичке соңғы пасты да беріп жүрді, өз голды да оңды-солды тоғытып жүрді.
Мадридке Англия мен Италияға сапарынан кейін Фернандо Торрес оралған соң, Диего Симоненің шабуыл өтінде футболшылар көбейді. Ал, Гризманн Манджукичті де, Торресті де жатсынбайтынын көрсетіп берді. "Сантьяго Бернабеуде" Торрес екі гол салып, матч қаһарманы атанғанда, екеуінде де соңғы пасты Гризманн берген еді. Кім біледі, француз болмағанда бүгінге дейін Торрес голсыз жүрер ме еді.
Антуанның "матрасниктердің" басты қаруына айналып, жұлдызды футболшы атануы-Симоненің арқасы, Симоненің көрегендігі. Командасында өліні де тірілтіп жіберетін білікті бапкер, французды шабуылшы етіп қана қоймай, командамен бірге қорғануды да үйретті. Ойынды, қарсыластың әрбір шешімін алдын-ала болжауды да Антуанның бойына сіңірді. 13 голымен "Атлетиконың" үздік сұрмергені ғана емес, қарсыластың жарты алаңында допты ең көп тартып алатын футболшылардың бірі. Бұл оның біріншіден командалық ойыншы екендігін көрсетеді. Оның тағы бір жақсы қасиеті-бойында шабуылшыға тән туа біткен сараңдықтың жоқтығы. Бұл мансабын шабуылшы ретінде емес, жартылай қорғаушы ретінде бастағанының әсері болса керек.
"Атлетико" сапында Гризманн ер жетті. Кеше "Реал Сосьедад" сапында ойнап жүрген жас Гризманн емес, дәл бүгін әлемнің жарқын жұлдыздарымен бәсекеге түсе алар, Месси мен Роналдудың қатарында болмаса да, Неймар, Азар мен Бэйлдардың қатарында тұруға лайықты ер жеткен футболшы. Егер де, Симоненің баптауымен, күннен-күнге шеберлігін арттыруын жалғастырса, ендігі жылы Францияда өтетін "кәрі құрлық" додасында, Погба емес, дәл осы Гризманн үш жолақтылардың жүрегі болары даусыз. Әрине, ол болашақтың еншісінде, ал француздың бүгін мақсаты, "Атлетиконы" биік шыңға көтеріп, бағын ашқан ұстазының үмітін ақтау.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚБіздің серіктес: FONBET