Әлемдегі ең мықты ішкі чемпионат болып саналатын Ағылшын премьер лигасының кезекті 23-ші турында кестеде көш бастап тұрған "Манчестер Сити" сырт алаңда "Ливерпульден" 3:4 есебімен жеңіліс тапты. Лигада бұған дейін ұтылыс атаулыдан аулақ болған Гвардиола шәкірттері биылғы маусымдағы алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Ойынның басталуымен әдеттерінше қонақтар допты көп бақылауда ұстағанымен нәтижелі шабуылдар ұйымдастыра алмады. Десек те "Энфилдқа" жиналған жанкүйерлерді гол ұзақ күттірмеді. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына қарай Клопптың шәкірттері бірінші болып есеп ашты. Ойынның 9-шы минутында Окслейд-Чэмберленнің алыстан шірене тепкен соққысына Эдерсон дайын болмай шықты. Артынша есепті теңестіруге ұмтылған қонақтардың әрекеттері бірден берекет бере қоймады. Десек те қонақтар дегендерінен қайтпай бірінші таймның аяқталуына 5 минут қалғанда Саненің арқасында кездесудің терезесін тең қылды. Ойынның екінші бөлігі "Ливерпульдің" шабуылдарымен өрбіді. Алдымен Фирмино Эдерсоннан айласын асырып, "парашют" әдісімен гол соқса, артынша Мане тоғыздықты нысанаға алып, есепті еселеді. Есеп 3:1. Артынша шабуыл шектегі әріптестерінен қалыспай гол соғуды көздеген Салах, Эдерсонның қателесуін күтумен болды. Ойынға белінен батқан Эдерсонның қақпадан алыстап кеткенін байқаған Салах, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, байғұс қақпашыны өз қақпасынан допты төртінші мәрте шығаруға мәжбүр етті. 3 доп айырмасымен жеңіп жатқандарына мастана бастаған алаң иелері, допты қонақтарға беріп қойып, өздері қорғаныста ойнап есепті сақтап қалуды жөн санады. Алаң иелерінің осындай "сыйын" пайдаланған қонақтар кездесудің 84-ші минутында Бернарду Силваның көмегімен есеп айырмасын 2 голға дейін қысқартты. Артынша ойынға қосылған қосымша минуттар санала бастағанда Гюндоган өз командасының осы ойындағы үшінші голын соқты. Осылайша кездесу алаң иелерінің пайдасына 4:3 есебімен аяқталып, Гвардиоланың ұжымы осы маусымдағы алғашқы жеңілісін тапты. Әзірге биылғы маусымдағы топ-5 лиганың ішінде жеңіліп көрмеген жалғыз команда болып каталондық "Барселона" қала бермек.
Руслан МЕРАЛИЕВ