Бразилияда жартылай финалдың кезеңі де келіп жетті. Еуропа Оңтүстік Америкаға қарсы, әлде Оңтүстік Америка Еуропаға қарсы. Бұл маңызды емес. Бразилия-Германия. Аргентина-Голландия. Қай команданы алсаңыз да финалда өнер көрсетуге әбден лайықты ұжымдар. Бірақ финалдың аты финал ғой, екі команда ғана кім мықтыны анықтайтын спектакль, сондықтан екі команда жартылай финалда жарыс жолын тоқтатуға тура келеді. Әрине, өкінішті-ақ. Ал, сол өкініш пентакампиондардың басына жартылай финал бітпей жатып-ақ төнді. Колумбияны жеңуін жеңгенімен, ол жеңіс Неймар жарақатының көлеңкесінде қалды. Команданың үздік сұрмергені, көшбасшысы, бүкіл Бразилия халқы алақанда тербеткен Неймар енді бұл чемпионатта ойнамайды. Жүрегінен айырылған бұл Бразилия, немістерге қарсы не істемек? Сколари бұл бас қатырарлық мәселенің шешімін қалай таппақ?
Соңғы екі әлем біріншілігінде, ширек финал табылдырығын аттай алмаған Бразилия, 2002 жылдан бері бірінші рет жартылай финалға шығып отыр. Шығуын шыққанмен, бүкіл Бразилия төбеден мұздай су қуып жібергендей халде екені түсінікті. Жеңістің бұндай ащысы да болады екен. Колумбия құрамасының ойыншысы Суньига қазір Бразилияның ата жауы секілді. Оның, бәрі ойын жағдайында болды, әдейі жасаған жоқпын деген сөздерін ешкім елер де емес.
Бірақ, бұл жағдай түбінде Неймардың басынан өту тиіс еді. Бразилия үшін өкініштісі, осындай жауапты сәтте болғаны. Чемпионаттың басынан бастап, Бразилия ойынын тамашалаған жанкүйер болсаңыз, мейлі Мексика, Хорватия, тіпті кешегі Колумбия ойыншылары болсың, Неймарға қарсы өте дөрекі ойнады. Допты алған сәтте, қарсылас, Неймардың аяғындағы допты алуға ұмтылуымен қатар, Бразилия жарқын жұлдызының денесіне де шабуылдайды. Әр ойында, кем дегенде екі-үш рет Неймардың дәрігерлер көмегіне жүгінетінін көріп жүрміз. Дөрекі ойнайтыны, қарсыластың Неймардың футболына қарсы қару таппағаны. Бір-екі футболшыны оңай-ақ алдап кетер футболшыға қарсы тәртіп бұзудан басқа амал жоқ. Міне, түптеп келгенде сондай дөрекі қарсылықтарға, футбол заңының шеңберіне сыймайтын соққыларға Неймардың организмі шыдаған жоқ. Шыдау да мүмкін емес еді.
Неймарға кім қандай көзқараспен қарамасын, жек көрсің, жақтырмасын, әдейі құлауды жақсы көретін "хрусталды симулянт" десің, бәрібір жүрегінің түбінде болсың, оның нағыз жоғарғы дәрежелі ойыншы екенін үнсіздіктің үнтаспасы арқылы мойындайтыны сөзсіз. Ол, әдемі финттарымен қарсыластың басын айналдыруымен, бір орында доппен билеуімен қатар, кез келген матчтың тағдырын жалғыз өзі шешіп кете алар қасиеті тағы бар. Бар болғаны 22 жасына қарамай, анау-мынау емес, пентакампиондардың лидері. Пентакампиондардың! Осындай ауыр жүкті арқалап жүрсе де, Бразилия үшін футболдың қандай маңызға ие екенін білсе де, психологиялық, моральдық дағдарысқа ұшырамай еркін ойнап жүргеніне тамсанбасқа болмайды. Белді эксперттердің өзі бүгінгі Бразилияны, Неймардың Бразилиясы деп, әдемі шаш қою үлгісіне қарап қана айтпаған болар?! Бұл-ақиқат, біреуге ұнаса да, ұнамаса да.
Біздің серіктес: FONBET