«Гранаткин Мемориалы-2017» турнирінің ширек финалында Қазақстан U-19 құрамасы өздерінің Словениядан келген құрдастарымен кездесті.
Негізі Словения құрамасының бұз кезеңге жетпей қалуы да әбден ықтимал болған. Топтың соңғы ойынында олардың бағы жанды. Қалай дейсіздер ғой? «Зенит» командасы 6 ұпай алып, топтағы алғашқы орынды 100 пайыз алатын болғаннан кейін, соңғы ойынға қосалқы құрамды шығарды. Ал екінші бәсекелес Иран Молдованы 5:0 қылып тас-талқан етті. Екінші орынды Иран құрамасы алмағанын тіледік. Себебі, Парсы түбегінің футболшыларының қарқыны тым күшті еді. Сүйретіліп, әзер шыққан Словенияны Иранға қарағанда осал деп санадық. Былайша айтқанда ойлағанымыз болды. Біздің бұл пікірімізбен құраманың футболшылары да, бапкерлері де келіскендей болды. Олар да Ираннан гөрі Словения қарсылас болғанын күтті.
Словения сапында 10 нөмердегі қорғаушы Александр Паламар Голландия біріншілігіндегі «Херенвен» командасында, 12 нөмердегі қақпашы Видовшек Матевич Италия «А» сериясындағы «Аталанта» командаларының жастар құрамасының ойыншылары. Міне, осының өзі біраз жайтты айтады. Команданың соншалықты осал еместігін осыдан-ақ бақылауға болатындай. Ал қалған ойыншылары бізге жақсы таныс «Марибор», «Домжале», «Браво» командаларында өнер көрсетеді. Ал 5 нөмердегі жартылай қорғаушы Яка Бийоль 3 ойында 2 гол соққан құраманың маңызды ойыншысы. Оны Словениялық мамандар болашақ «жұлдыз» деп жүр. Сонымен қатар, ойын алдында белгілі болғандай осы екі команданың жеңімпазы жартылай финалда Грекиямен кездесер еді. Олар кеше Латвиямен болған теке тіресте пенальтилер сериясында жеңіске жетті. Топтық кезеңде 8 доп соққан элладалықтар осы турнирдің басты фавориттерінің бірі саналды.
Сонымен қош делік, ойынға тоқталсақ. Матч басталысымен оң қаптал арқылы жақсы бір шабуыл жасадық. Жанәлі Пайруз қақпашыны қателесуге мәжбүрлеп, есеп ашты. Бірінші таймның өзінде басымдылық танытқан қазақстандықтар қарсыластың имысын басып тастады. Және өздері де словениялықтардан еш жерлері кем еместігін анық ұқты. Себебі, қарсылас команда ойыншылары бір-біріне пас беру кезінде жиі қателесіп, түсініспей жатты.
Екінші таймда жерлестеріміз допты көбірек ұстап, матчтың 60 минутына дейін жетіп алуды ұйғарды. Одан кейін таза қарымта шабуылдарға иек артты. Бұл біздің команданың негізгі ойын мәнері ғой. Қарсыласқа допты беріп қойып, қателігін аңдып жату. 8 нөмердегі Сұлтанбек Астановты айып алаңының тура сызығының үстінде құлатқаны үшін төреші пенальти белгіледі. Бұл жолы 11 метрлікті капитан Дінмұхамед Кашкен емес, Айдос Орал орындады. Қақпашы доптың ұшу бағытын дәл аңғарғанымен, тоса алмады. Есеп 2:0. Бұл ойынның тағдырының шешілгендігінен хабар берді. Себебі, бұл кезде матчтың 62-минуты өтіп жатты. Қалған минуттарда бапкер Кузнецов ойыншыларды алмастырып, шаршаңқы қалған позицияларды жаңартып отырды. Комбинациялық ойын көрсетіп, қарсыластан тактикалық тұрғыдан да басым болған Қазақстан жастары жеңіске жетуге лайық еді. Ойын аяқталысымен біздің команда сапында Айдос Орал үздік ойыншы атанғанын есіттік.
Енді Қазақстан құрамасы турнирдің жартылай финалында 18-қаңтар күні, Астана уақытымен 19-30-да Грекия құрамасымен кездеседі.