Самат Смақов "Тұран" клубының бапкерлер штабына қосылмақ, деп хабарлайды Aladop.kz.
Біздің инсайдтық ақпарат бойынша, Қазақ футболының аты аңызға айналған тұлғаларының бірі, Самат Смақов "Тұран" футбол клубының бас бапкері орынбасары болып тағайындалатын болды.
"Тұран” үшін 2025 жылғы маусым нағыз дағдарыспен есте қалды, команда небәрі 16 ұпаймен соңғы орындардың біріне тұрақтап, ҚПЛ-дан ұшып кетті. Сәтсіздіктің негізгі факторлары ретінде басқарудағы тұрақсыздық, қаржылық тапшылық және жазғы үзілісте негізгі құрамның ыдырап кетуі аталды. Айта кетерлігі, команда жинаған жалпы ұпайдың басым бөлігін (14 ұпайды) Виталий Жуковскийдің тұсында иеленгенімен, маусымның екінші жартысында клуб сол қарқынды сақтай алмай, элитамен қоштасуға мәжбүр болды.
2026 жылдың басында клуб, кәсіпкер Дінмұхамет Ыдырысовтың жеке қолына өткен. Ал осы айдың басында клуб тізгінін тәжірибелі маман Виктор Кумыков ұстады.
Самат Смақов — қазақ футболының нағыз аңызы және ұлттық құрама тарихындағы ең ықпалды капитандардың бірі. Оның көпжылдық көшбасшылық қасиеті мен алаңдағы шеберлігі оны отандық спорттың символына айналдырғаны белгілі.
Смақов бапкерлік мансабында өзінің талапшыл әрі ашық мінезімен ерекшеленіп, 2025 жылғы маусымда "Жетісу” клубын ҚПЛ-де сақтап қалу міндетін (12-орын) абыроймен атқарды. Маусым соңында клубтағы даму перспективасының белгісіздігіне байланысты қызметінен кеткенімен, ол трансферлік нарықта сұранысқа ие маман болып қала берді. Қыс айларында оның есімі павлодарлық "Ертіспен” жиі байланыстырылса, ақпан айында тіпті Ресейдің "Черноморец" клубы тарапынан қызығушылық болғаны туралы ақпараттар оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы да дәлелдеді.
Оның бапкерлік және басқарушылық жолы бір клубпен шектелмей, "Елімай", "Жеңіс", "Ақтөбе", "Ордабасы” және "Астана” секілді отандық жетекші ұжымдардың жүйесімен тығыз байланыста өрілген. Бұл оның тек есімі танымал бұрынғы футболшы ғана емес, сонымен қатар клубтық құрылымды және менеджментті терең меңгерген, тәжірибелі кәсіби маман екенін айқын аңғартады.
Біздің серіктес: FONBET