Жарнама
Жарнама

Соңғы тур – соңғы вальс!

09.11.2024, 16:22

Сонымен, ел чемпионатында соңғы тур – соңғы вальс қалды.

Григорий Бабаян
Жарнама
Жарнама

«Соңғы вальс, шыр көбелек айнала» деп жалғасатын танымал әндегідей, биылғы біріншіліктің шешуші матчтары үлкен қызығушылық туындатуда. БАҚ тарапынан да зор назар аударылып отыр. Отандық телевидение тарихында тұңғыш рет соңғы турдың негізгі деген ойындары тікелей эфирде көрсетіліп, бір-бірімен өзара байланыста болады.

«Атырау» - «Қайрат» 

ҚПЛ-2024-тің алтын жүлдесінен басты үміткер – «Қайрат». Алматылық клуб осы сенімді ақтау үшін ертең ерлік жасауы тиіс. Бұдан басқа теңеу таба алмай отырмыз. Біріншіден, алматылықтардың мойнына ғаламат жауапкершілік жүгі артылады. Барлығы қазір Рафаэль Оразбахтин мен «Қайрат» футболшыларының өз қолдарында. Ұтса болды, чемпион! Бірақ, қашан да соңғы түйенің жүгі ауыр. Алматылық клуб үлкен қысымның астында. Чемпион атану үшін соған шыдас беруі маңызды. Сондықтан, «Қайрат» қарсыласынан бұрын ертең өз-өзімен болатын күресте жеңілмеуі тиіс. Одан кейін әрине, «Атырау» да осал емес. Биыл ешкімге жайдан-жай ұпай ұстата салған жоқ. Виталий Жуковскийдің қайсар командасы премьер-лигадағы барлық мықтыға тегеурінді қарсылық танытқан. Өткендегі «Астанамен» аты шулы матчтың өзі неге тұрады? Қысқасы, «Қайратқа» оңай болмайын деп тұр.   

«Астана» - «Жетісу» 

«Астананың» чемпиондықтан дәмесін үзбегені анық. Григорий Бабаян осы үшін біраз құрбандыққа баруда. Конференциялар Лигасын да шетке ысырып қойғанына қарағанда елордалық клуб өліспей-беріспейтін сыңайда. Бірақ «Қайраттың» шешуші тур алдында бір ұпайы артық. Осы себепті енді ертең «Астана» өзінің кездесуін ұтып, «Атыраудың» тілеуін тілеуге мәжбүр. Григорий Бабаянның ұжымына қатарлас бәсекеде алаң иелерінің ұтып не тең нәтиже тіркелгені тиімді. Басқа жағдайда кубок Алматыға аттанбақ. Бізде біраздан бері мұндай интрига болмап еді! Биылғы талас командалардың өзінен бұрын, жанкүйерлерге қызық болып отыр.

«Жетісу» үшін маусымның соңы сәтсіздеу аяқталды. Біріншілікті жақсы-ақ қарқынмен бастаған талдықорғандықтардың жолын түрлі кедергілер кес-кестеп, бойындағы бар әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермегендей әсер қалдырады. Клуб басшылығының былықтарымен байланысты жағдайлар болмағанда, Қайрат Нұрдәулетовтің командасын турнирлік кестеде едәуір жоғарыдан көретін едік. 

«Қайсар» - «Тобыл» 

Соңғы тур чемпионнан бөлек Қазақстан атынан Еурокубоктерге қатысатын клубтарды да анықтайды. Мұнда да өз интригасы бар. Чемпионат соңына таман жақсы қарқын алған қостанайлықтардың бар ойы үздік төрттіктен көріну. Нұрбол Жәрдемұлының «Тобылы» да маусымды бір деммен өткізе алған жоқ. Енді тым болмаса келесі маусымда Конференциялар Лигасының іріктеуінде ойнайтындай орын алуы тиіс. Үшінші орынды «Ақтөбе» бермейтін секілді. Ал төртінші сатыға «Тобылдан» бөлек тағы «Ордабасы» мен «Елімайдың» да таласы бар. Бұл жерде қостанайлықтар жағында кішігірім басымдық тұр: «Тобыл» «Қайсарды» ұтса болды. Себебі, соңғы турда тікелей бәсекелестері өзара кездеседі.  

«Ордабасы» - «Елімай»

Биылғы біріншіліктегі бәсекелестік соңғы турға дейін жалғасып келеді. Мысалы, «Ордабасы» ертең міндетті түрде «Елімайды» жеңуі керек. Әйтпеген жағдайда Еурокубоксіз қалмақ. Алаң иелері ұтқан жағдайдың өзінде қатар өтетін ойындағы «Тобылдың» нәтижесіне елеңдеулі болады. Осыдан бірнеше тур бұрын ғана чемпиондыққа басты үміткер саналған шымкенттіктер үздік үштіктің қатарына кірмей қалуы да кәдік. Кетемін деген Кирилл Кекерді маусымның аяғына дейін әрең алып қалған былтырғы чемпионның сапында біраз өзгерістердің болатыны даусыз.          

«Елімайға» ешкімнің өкпесі жоқ шығар. Андрей Карпович өзінің жұмысын мүлтіксіз болмаса да, жаман атқарған жоқ деп есептейміз. Премьер-лигаға оралған ұжым үшін алғашқы бестіктің өзі де тәуір нәтиже. Клуб бапкерлік құрамы мен негізгі орындаушыларын сақтап қала алса, келесі жылы жүлдеге таласатын шамасы бар. 

«Ақтөбе» - «Тұран» 

Ақтөбелік клубтың алтынға таластағы тәбетін құртқан Қазақстан Кубогіндегі жетістігі деседі. Кім білсін, бірақ, «Ақтөбеден» әлдеқайда жоғары нәтиженің күтілгені анық. Бірақ, әдеттегідей тек жүлдегерлердің қатарынан төбе көрсететін секілді. 

«Тұран» үшін бұл ойынның турнирлік маңызы жоқ. Түркістандықтардан жүлде күткендер көп болмаған шығар. Алайда, клуб жанкүйерлерінің біріншілікті осылай «Шахтерді» ғана артқа тастап соңғы орындардың бірінде аяқтайды деп те күтпегені анық. 

«Жеңіс» - «Қызыл-Жар»

Жоғары дивизионға біраз үзілістен кейін оралған «Жеңіс» чемпионат соңын керемет аяқтап отыр. Соңғы төрт ойынның үшеуінде жеңіске жеткен елордалықтар ҚПЛ-де қалу үшін барын салды. «Тобылды» ұтты (2:1), «Ордабасының» өзін Шымкентте жеңіп қайтқан (1:2) «Жеңіс» премьер-лиганы қатты сағынып қалғанын дәлелдеді.

Петропавлдық клуб та үмітті ақтамағандар қатарынан. Әли Әлиев жаттықтыратын ұжым биыл чемпионатқа жақсы кірді. Бірақ, тұрақсыздық жетіспегендіктен бе, чемпиондықты ақыр соңында екінші алтылықтың қатарында аяқтауға мәжбүр. Десе де, ешқандай мәселе шешілмейтін кездесулердің ішінде осы «Жеңіс» пен «Қызыл-Жардың» матчын көруге кеңес береміз.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров