Қарағандылық команданы елде "кеншілер" деп атайтынын білесіздер. Өйткені бұл қалада шахтерлер көп. Олар негізінен көмір қазумен айналысады. Міне, сол қаланың үмітін арқалаған команда "Шахтер" кәсіби футбол клубы Чемпиондар лигасында өзінің қатысқан алғашқы айналымынан "ұшып" кетті.
Қаншама кенші осы ойыннан жақсы нәтиже күтті десеңізші. "Ел арна" эфирінен барша республика тамашалап, жанкүйерлік еткен ойында алаң иелері сенімді ақтай алмады. Әлбетте, бұл футбол болғандықтан сәтсіздік болатыны түсінікті. Ондай жағдпайдан ешкім де сақтандырылмаған. Бірақ, қазақ футболы УЕФАға кірген 10 жылдың ішінде тура осындай жағдай үздіксіз қайталанып келеді. Ойынның қосымша минутының соңғы секундтарында тағы да жерге қарап қалдық.
Жердің астында қызмет ететін "кеншілер" жасыл алаңда өз білгендерін толықтай іске асыра алмады. Мүмкіндіктер болмады емес, болды. "Қайрат" кезінде "Артмедияға" тура осылай жеңілгенде іші-бауырымыз езілердей, өкініп едік. Сөйтсек онымен іс бітпеген екен. Осыдан екі жыл бұрын журналистикадағы әріптесім Мұратхан ТҰРАР "соңғы минуттардың ауырлығы" деген мақала жазып еді. Сонда шынымен де ел спортында жүрген сайыпқырандарымыздың көбіне жеңіске жетер тұста кедергі болатын соңғы секундтар екен.
Сонда шығар қорытынды не болмақ? Біздің елдегі спорт мектептерінде психологиялық сабақтар өткізілмей ме? Әрбір спортшыға, футболшыға жекелей келіп жұмыс істейтін психологтар жоқ па? Қазір ел футболында болған жағдайлардың өзін санамалап шыққанның өзінде соңғы минуттарда опық жеген талай матчтарымыз бастан өтіпті. Еуропа чемпионы гректер де, словакияның өзіміз қатарлы "Артмедиясы" да ойынның соңғы минуттарында қазақ жанкүйерлерін ауыр жағдайларға түсірген екен.
Мақсат Байжановтың ойынның тағдырын шешетін керемет мүмкіндігін ойын соңынан кейін бір қайталап көрген адам болса, барлық кінә сәтсіздікте де емес, өзімізден болған деп ойлар еді. Алғашқы ойында да Байжанов көп қателесті. Орнына шыққан Каньяс жағдайды түзеген болатын. Бүгінгі ойында да колумбиялық ойыншы "кеншілерді" алға сүйреді, өте сауатты өнер көрсетті. Гридиннің алаңнан ерте кеткені де дұрыс болмады. Шабуылдың соңғы фазалары кейбір сәттерде толықтай аяқталмай жатты. Келесі кезеңде қарсылас атанатын "Клуж" командасымен болатын ойынды ендігі ойластырып жатқан жанкүйерлердің көңілдері су сепкендей басылды.
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET