Былтыр маусым аяғына жетпей-ақ, Дэвид Мойесті орнынан босатқан кезде, "Манчестер Юнейтедтің" алдында екі таңдау тұрған. Біріншісі, "Милан", "Ювентус", "Атлетико" секілді клубтардан үлгі алып, клубтың жүйесімен, ішкі құрылысымен жақсы таныс Райан Гиггзге бас бапкерлік қызметті сеніп тапсырып, жеңісті күндерді ұзақ болашақтан күту болса, екіншісі аз уақыт ішінде команданы қалыпқа келтіретін білікті, әлемді мойындатқан бапкер шақыру. Клуб екінші жолды таңдап, Луи ван Галды шақырды. Оның көмекшісі ретінде Гиггзді отырғызып қойды. Қысқаша айтқанда, бір оқпен екі қоянды ату. Ван Гаалдың миссиясы-дәл бүгін "қызыл сойқандарды" биік шыңға көтеру болса, Гиггздің тапсырмасы-нидерландық бапкерден жеңістің қыр-сырын үйреніп, болашақта "Манчестер Юнайтедті" баптауға іштей дайындалу. Жарайды, Гиггздің мықтылығын болашақ көрсете жатар, ал басшылықтың Луи ван Галды таңдауы дұрыс болды ма?
Дұрыс, бұрыс болсың таңдау жасалды. Луи командаға келді де, кімдерге үміт артпайтынын айтты. Оларды басшылық сатты. Қандай футболшыларды алу керектігін мәлімдеді. Сатып алды. Басшылық сараңдық танытқан жоқ. Мойеске қимаған ақшаны, жазда оңай шашты. Әрине, олар үшін Мойес кім, ван Гал кім. Мойес ол-басшылық Фергюссонның сөзін қимағандықтан, жаттықтырушылық орындыққа амалсыз отырғызған, "Эвертоннан" әрі аспаған қарапайым маман. Ал, Луи ван Гал.. О-хо-хо. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Жарайды, ол түсінікті. Солай-ақ болсың. Клуб, шейхтар мен Роман Абрамовичтің өзің шалқасынан түсірген қаржыны жұмсады. 150 миллион доллор. Ақшаны оңды-солды шашатын Мадридтегі Перестің өзі бір жазда бұндай ақша құртқан емес. Қорғанысты тас қамал ету үшін Люк Шоуды, вице-чемпион Маркос Рохоны, алаңның барлық жеріңде ойнайтын, әлем біріншілігінде Голландия ұлттық құрамасының орталық алаңына қожайындық еткен Дейли Блиндті алды, жартылай қорғанысқа Андер Эррера мен Чемпиондар Лигасы финалының үздік ойыншысы Ди Мария келді. Шабуылға "Монакодан" Фалькао жалға алынды.
Турнир кестесінe үңілсек, алаңдайтын жай жоқ секілді. Былтырғы маусыммен салыстырғанда, командада прогресс бар, төртікте. Басшылықтың қалауы да осы. Маусым басында ван Галдың алдына қойылған талап-Чемпиондар Лигасына жолдама алу. Бірақ, терең үңілсек алтын дегеніміз, күнмен шағылысып, көздің жауын алған "арзан қол темір" болып шығады. Ең басты мәселе-командада жаттықтырушының қолтаңбасы, ұсынған ойнау мәнері, стильі жоқ.
Фергюсон кезінде мінез болатын. Испания үшін "Реал" мен "Барса", Германия үшін "Бавария" қандай болса, Англия үшін де "Манчестер Юнайтед" сондай болатын. "Ортаң қол", аутсайдер командалар "Олд Траффордқа" тозақтың отына күйгелі келгендей күй кешетін. Бүгінде, Олд Траффорд өзге емес, Манчестер үшін "тозаққа" айналып бара жатқандай. Бұл жерде "Суонси" де, "Саутгемптон" де толықтай ойын басымдылығымен жеңіске жете алады. Осы маусымда "Манчестер Юнайтедтің" бір сенімді жеңісін атай аласыз ба? Бұл нені білдіреді? "Қызыл сойқандарда" бір кездегі чемпиондық рухының жұрнағы да жоқ дегенді.
Жаттықтырушының жұмысына баға берер тағы бір жәйт-футболшылардың шеберлігін арттыруы. Ал, ван Гал кімнің бағын ашты? Иә, де Хеаның. Нидерландық бапкердің қақпашыларға сенімділік ұялататын қасиетіне Әлем біріншілігінде-ақ куә болғанбыз. Де Хеа-бүгінгі таңда АПЛ-дың үздік қақпашысының бірі, Испания ұлттық құрамасында бір-екі жылдан кейін Касильястың сөзсіз ізін басады. Мүмкін, Валенсияның басқа қырын ашқанын да атауға болар. Былтыр ғана шабуылдан басқа жұмысы жоқ Антонио, бүгін таза қапталдағы қорғаушы. Әрине, "өткен өмірдегі" сәттерін еске алып, шабуылға араласып тұрады. Басқа кім? Енді командадағы жұлдыздарға қараңыз? Робин ван Персиді тани аласыз ба? Мойестің баптауымен жарты маусымда 6 гол салып, бірнеше нәтижелі пастарды атына жазған Мата қайда? Шабуылшы болып туылған Руни орталық алаңда не істеп жүр? Ол таза шабуылшы ретінде әлдеқайда жемісті ғой. Бәлкім, Фалькаоны қайта Францияға қайтарармыз? Ди Мария жайлы айтсақ... Ван Гал мырза, Ди Мария оң қанаттан емес Чемпиондар Лигасының финалында Атлетиконың(!) қорғанысын сол қанаттан тескен еді ғой. Ары-бері сүйремей, тым болмаса бір матч толықтай оны сол қапталға қойып көріңізші. Жүз есе жемісті боларына сенімдімін. Ван Гал командасының шабуылдағы мәнері қызық. "Ей, Ди Мария, Валенсия! Комбинацияны қайтесіңдер, допты айып алаңға асырыңдар, онда Феллайни бар, Руни бірдене ойлап табар, қаңғыған допқа Блинд жетіп барар. Әйтеуір, құдай оңдап гол соғармыз". Күлкілі. Қайран, Фергюссон заманы. Жоқтығын, осылай жуық арада білінер деп ойлап па едік?
Осындай ойынымен "қызыл сойқандардың" болашағы қандай? Жарайды, соңғы турдың соңғы минуттарында сансыз, мәнсіз айып алаңға асырылған доп қақпаға "байқаусызда" кіріп кетіп, Чемпиондар Лигасына жолдаманы тартып алды дейік. Ендігі маусымда не болады? Болашақ бұлыңғыр деген осы. Бірінші маусым ғой, бәрі алда дерсіз. Бірақ, Куман баптайтын "Саутгемптонға" қараңызшы. Ол да Англияға өткен жазда келді. Бірақ, алып клубтар тарапынан тоналған командаға. Екі команданыны ойынын салыстырыңыз. "Саутгемптонды", мынау-Куман бар болғаны жарты жылда құрған команда ғой деп айта аламыз. Ал, Манчестер? Құрылысты бастаған да жоқ. Тығырыққа тірелді де қалды, орнынан қозғалар емес. Бұлай жалғасса, ван Гал орнынан кетеді. Ван Гал секілді әлем футболының беделі маманы "қызыл сойқандарға" көмектесе алмаса, кім көмектеседі? сэр Алекс, бәлкім қайта ораларсыз? Сіз болмасаңыз, "Манчестер Юнайтед" секілді ұлы клубты мәңгілікке жоғалтып алатын секілдіміз.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ