«Астана» клубының бұрынғы бас бапкері Станимир Стоилов Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы жайлы пікірімен бөлісті.
Болгариялық маман сондай-ақ, ҚПЛ-дегі стадиондардың сын көтермейтіндігіне назар аударған болатын.
«Қазақстанда маған қорқынышты түс секілді болып есіме түсетін стадиондар көп. Мен 22 жыл бойы Болгариядағы стадиондардың жағдайы туралы айтып келемін, сол үшін мені «синоптик», «агроном» деп атап кетті. Бірақ бір нәрсені қайталаудан жалықпаймын: егер дамығың келсе, инфрақұрылым мен ұйымдастыру жұмыстарына көңіл бөлу керек», - деді С. Стойлов.
Елордалық клубпен толағай табысқа жеткен болгариялық бапкер сондай-ақ, Қазақстан премьер-лигасындағы алаңдарға тоқталып, үлкен мәселені алға тартты. Пікірінше, қазақ футболында алаң сияқты маңызды дүниелер тасада қалып келген. Қаржы мен қолдаудың барлығы футболшылардың жалақысына ғана жұмсалады, басқасы көлеңкеде қалып қойған.
«Жасанды төсеніші бар шағын алаңдар есімде. Бірде Атырауда тіпті спортзалдың ішінде киім ауыстыруға тура келді. Мен мұны түсінбеймін – Қазақстанда футболшыларға үлкен ақша жұмсалады, бірақ базалар мен ареналар туралы ойланбайды», – деді С. Стойлов Zidan4eg LIVE арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, болгариялық бапкер 2014–2019 жылдар аралығында «Астананы» және Қазақстан құрамасын жаттықтырды. Қазір 59 жастағы маман баптайтын «Гезтепе» клубы Түркия чемпионатының турнирлік кестесінде бесінші орында келеді.
Біздің серіктес: FONBET