Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов өзінің қызметінен кеткені туралы БАҚ-да жарияланған ақпаратқа қатысты өз ойын білдірді. Станислав Саламұлы қазір ештеңеге таңданбайтынын айтыпты.
Қазір мен Мәскеуде демалып, алдағы жұмыс жоспарымды ой елегінен өткізіп жүрмін. Кеше Абат Айымбетовке қоңырау шалып, Түркия чемпионатында соққан кезекті голымен құттықтадым. Бұл оның қатарынан соққан осымен үшінші добы. Сондай-ақ, Бахтияр Зайнутдиновтың да ойынын бақылап жүрмін. «Тобылдың» көшбасшысы Ислам Чесноковтың да қай клубқа ауысатыны маған маңызды. «Ахматта» жүрген Максим Самародов та жарақатынан айығып, желтоқсан айында өзін жақсы жағынан көрсетті. Нұрәлі Әліптің де жағдайын біліп, жарақатын емдеп жатқанынан хабардармын. Жалпы команда капитаны Асхат Тағыбергеннен бастап, басқа да ұлттық құрама ойыншыларымен байланыстамын. Барлығына келесі жаттығу жиынына дейін жекелей тапсырмалар жолданып, футбол тақырыбын тіпті өмірлік мәселелерді де талқылаймыз. Сондықтан, мен және менің бапкерлік штабым құр жатпай жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлік қызметінен кетті деген алып-қашпа әңгімелерге еш алаңдамаймын. Менің қызметіме қатысты футбол федерациясы ресми жауап берді. Сондықтан мен әлі қызметтемін. Ешқайда кетуге де асықпаймын. Келер жылдың наурыз айында әлем чемпионатының іріктеу ойындары басталады. Бар ойым сол кезеңге футболшыларды дайындап, ұлттық құрама департаментімен бірлесіп арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ал федерацияның жаңа Президентімен әлі сөйлескенім жоқ. Қызметіне кірісіп, орнығып алғаннан кейін осы дайындық барысына қатысты біраз мәселені талқылап, ақылдасатын шаруа бар. Футболда уақыт зымырап өтеді де кетеді”-деді Станислав Черчесов.
Біздің серіктес: FONBET