Жуырда УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА лигасында өнер көрсеткен командалардың биылғы маусымда қанша табыс тапқаны жайында мәліметті көпшілік назарына ұсынды.
Жалпы, Еурододаның биылғы маусымының жүлделік қоры – 1,34 миллиард еуро. Қазақстандық командалар осы жарыстың топтық турниріне қатыса алмайды. Сол себепті де қазірдің өзінде олар қанша табыс тапқаны жайында баяндауға болады. Мәселен, жоғарыда аталған қос бірдей жарыстың көрігін қыздырған «Ақтөбе» 550 000 еуро көлемінде пайда тапты. Еуропа лигасының іріктеу сындарында сүрінген «Астана» – 540 000, Қарағандының «Шахтері» 390 000 және Алматының «Қайраты» 250 000 еуроға иелік етті. Жалпы, Еурододада бақ сынау әр команда үшін тиімді. Тіптен, жарыс жолына шыққан клубтар жарытып өнер көрсете алмаған жағдайдың өзінде біраз олжаға кенеледі. Ал содан түскен ақшаны стадионды жөндеуге немесе жаңа ойыншылар сатып алуға жұмсауға болады.