Тіпті, Бразилияға 26 емес, 96 баланы аттандырсақ та, оларды ойнататын - біздің мемлекеттік жүйе, ал еврофутболдың жүйесі мүлдем бөлек. Онда футболға әкім бюджеттен қаржы бөлмейді. Бөлсе де оның мөлдірлігі мен ұрланбауы және дұрыс ойыншылардың, бапкердің таңдалуы үлкен сұраныста. Бізде ше?... Бізде сол - баяғыдай! Шашылған тарыдай!
Бірден айтайын, футболдың тұрақты жанкүйері емеспін. Дегенмен, жуырда Наурыз мерекесімен қабат келген қазақ-герман футболын түн ортасы болса да ұлтшылданып отырып, қарап шықтым.
Бірінші байқағаным, немістер де ет пен сүйектен жаралған пенделер екен. Олар да біз секілді сасып, жанталасып ойнайды екен. Екіншіден, олардың ойыны мүлдем бөлек және ол сана мен болмысқа қатысты ма дедім.
Әрине, намыс жағынан біздің ойыншылар Астана-Арена стадионының түндігін желпілдеткен 30 мың көрерменнің дуылынан өтпес пышақты қайраққа жанығандай амалсыз күй кешті. Барларын салып бақты. Бірақ болмыстан асып қайда барасың?
Немістер салған жерден өздерінің стратегиясы мен тактикасын байқатып отырды: Алғашқы 15-20 минөт ішінде бір гол салу арқылы қарсыластың мысын басып, өздері бір рухани асуға шығып алу міндетіне қамшы басты. Айтқандай-ақ, бар өнерін сала отырып, оған жетіп үлгерді. Тіпті, араға сәл ғана мезет өтпей жатып, екінші голды тағы да елеусіз сала салды. Былай қарасаң, немістердің жанталасы соншалықты байқалмайды, біздікі - ТЖ министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелеріне тән қым-қуыт тірлік болды да отырды: қызылтанау жүгіріс, бір неміске екі-үшеу жабылмаса жағдай қиын. Сөйтіп, алғашқы кезеңнің жартысына жетер-жетпесте 0:2 есеппен еңсеміз түсті. Бірақ обалына не керек ойыншыларымыз өздері де, бізді де дәмелендірумен жүрді. Тіпті, бір емес екі рет айқын түрде гол салу мүмкіндігі болды. Неге түспеді, голы құрғыр? Мәселе сонда!
Немістің голы алдын ала есептелген, өрілген ойын тәртібіне негізделген, біздікі... далбаса мен «калбасаға» негізделген, тактика жоқ, болса да жолшыбай ол тактикамыз шашылып қалады. Себебі, оны жүзеге асыру жүйесі қазақ футболының міндеті ғана емес, дағдысына, әдетіне айналмаған. Біздегі дағды - әупірім. Мәселе неміс өмір салтының ойластырылған өнеге мен ережеге құрылғанында. Ал, бізде өнеге де, өмір де біреудің жасанды ережесінде.Шындықты әрірек айтсақ, футбол ойыны команданың ғана емес, ұлттық сана мен мәдениеттің көрінісі. Әрине, балалық шақтан аяқдоппен бірге туатын латынаамерикалық футбол жүйесінің орны өзгеше. Онда демократиялық қоғам емес, футбол қоғамы әлеумет пен менталитеттің негізін құрайды.
Ал, барынша нәзік әрі салқынқанды еврофутбол европалықтардың саяси-әлеуметтік сипатын футболда да көрсетіп тұр.
Біріншіден, әрбір футболшы кемінде қарсылас екі ойыншыдан өте аларлық жеке-дара қабылетін шыңдаған - индивидуалистік қоғамның дағдысы! Екіншіден, әркім өз орнын жоғалтпайды, бейнебір машина моторының тетігі сезінеді - команда тұтастай алғанда бір ағза!
Біздегі жағдай - «домбырам не дейді, мен не дейміннің» көрінісі: әрбір ойыншы өз алдына қарсыластың бір ойыншысын да алдап өтуге дәрменсіз, доптан бірден айырылып қалатын болғасын сенімсіз жүгіріс; алдына түскен добы құрғырдан тезірек құтылғанша асығып, жақтасына емес, далаға теуіп құтылады - жеке-даралық қабілет шыңдалмаған! Бұл - біздің қоғамның бүгінгі басты дерті және дүбаралық сипаты!
Бізде өмір сүру дағдысы қоғамның әр мүшесінің санасы мен жасампаздығын шыңдауға емес, соларды басқарушылардан ауыспайтындығымен өлшенеді. Соның көрінісіндей, әрбір футболшы өз орнында жеке міндетін атқара алмағандықтан тактика да, стратегия да әдірә қалып тынады. Әрине, Бауыржан Жолшы секілді ойыншылар намыспен ештеңе бітіре алмайды, себеп - футбол рингтегі жекпе-жек емес, топтың бір ағзаға айналып ойнауына арналған сайыс. Және де жеке-даралық дамымаған қоғамда оның мүшелері де бір-бірін түсінісе алмайды. Оны біздің футболшылар ойынынан да көрдік. Әрбір ойыншы жеке дамыған кезде ғана түйсікпен, тіпті әлдебір тылсым байланыспен өз жақтастарын ыммен-ақ ұғысып, текеметтің түріндей ойын өрнегі түзілер еді.
Футбол ойыны біздің күнделікті елді басқарудан да байқалады. Капитан қанша айғайласа да, оны басқасы не орындай алмайды, не ұқпастан лағып кетеді болмаса өз жайын күйттейді. Ал, күштеп, диктатпен ойын өрнегін ешқашан көктете алмайсың. Футбол - демократиялық ойын, футболшы өз міндеті мен құқығын жақсы білумен бірге, шебер меңгеруі тиіс. Ал, ондай орта жоқ жерде дағды мен қылық қайдан болсын. Сосын шетелдіктерді топырлатып сатып алып, көз боямай қайтеміз.
Сондықтан футболды біздің өз болмысымыздан, даралықты түтіп жейтін, көре алмай, алға түскенді көрікке отын ететін ортадан іздеу әзірше қиын шаруа. Тіпті, Бразилияға 26 емес, 96 баланы аттандырсақ та, оларды ойнататын - біздің мемлекеттік жүйе, ал еврофутболдың жүйесі мүлдем бөлек. Онда футболға әкім бюджеттен қаржы бөлмейді. Бөлсе де оның мөлдірлігі мен ұрланбауы және дұрыс ойыншылардың, бапкердің таңдалуы үлкен сұраныста. Бізде ше?... Бізде сол - баяғыдай! Шашылған тарыдай!
Abai.kz
Біздің серіктес: FONBET