Тағы да камбэк! Қазақстан құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговинамен тең ойнады

08.09.2021, 07:59
Зайнутдиновтің 95-минутта соққан голы Қазақстанға бір ұпай сыйлады.

Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Босния және Герцеговина құрамасымен күш сынасты. Зеница қаласындағы «Билино Поле» стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Ойынның 53-минутында Қазақстан құрамасы бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Асзат Тағыбергеннің асырған пасы Исламбек Қуаттың аяғына дөп түсті. Ал «Астана» футболшысы ашық қақпаны көздеуде еш қателеспеді. Ал 74-минутта Миральем Пьянич пенальтиден гол соқты. 86-минутта дәл осы футболшы бұрыштамадан пас асырған еді, Лука Менало қақпаға баспен соққы жасап, командасын алға шығарды. Бірақ 95-минутта Бақтиер Зайнутдинов айып добын тамаша орындап, Қазақстан құрамасына бір ұпай сыйлады.

Бес ойын өткізген Талғат Байсуфинов шәкірттері D тобында 3 ұпаймен соңғы орында қала берді. Ал Босния құрамасы бір саты жоғары тұр (3 ұпай).