Қазақстан Премьер-лигасының 10-турының екінші күні күтпеген нәтижемен басталды.
Талдықорған қаласының стадионында турнирдің басты аутсайдерінің бірі, ең аз гол соққан «Жетісу» өз алаңында бірінші орында тұрған, чемпионатта ең аз гол жіберген «Ақтөбені» қабылдады. Матчта қонақтар айқын фаворит саналып, қарсыласын қалпақпен ұрып алады дегендей болжам жасалып еді.
Бірінші таймда сондай әсер қалды да…Ойынның алғашқы минуттарынан бастап, «Ақтөбе» матч тізгінін өз қолдарына алды. Тіпті үзіліске дейін Габи Кики есеп ашып кетті. Бірақ Самат Смақовтың командасын екінші таймда танымай қалдық.
Екінші таймның басында қарсылас қорғанысының қателігін Ринат Серікқұл тиімді пайдаланып кетті. 23 жастағы футболшы былтыр ғана Бірінші лигада «Жетісайдың» намысын қорғап, клубтың көшбасшыларының бірі болып еді. Енді жоғарғы дивизионда дебютті голын соға алды. Одан кейін басымдықты қонақтар алып, гол соғуға жақын болды. Алдымен Жайроның соққысына қақпашы Денис Кавлинов дер кезінде қайтарып үлгерсе, 84-минутта «Ақтөбе» пенальти ала жаздады. Алайда бас төреші Саят Қарабаев VAR жүйесін көргеннен кейін, айып алаңының ішінде құлаған Оралхан Өміртаевқа сары қағаз көрсетіп, пенальтиден бас тартты.
Матчтың соңғы 88-минуттарында Максим Житнев қарымта шабуылды сәтті тәмамдап,, «Жетісуға» жеңіс сыйлады. Есеп: 2:1. Талдықорғандықтар маусымдағы бірінші жеңісін тойлады.
«Ақтөбе» екінші рет жеңіліске ұшыраса да, 25 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап тұр. Ал «Жетісу» 8 ұпаймен 10-орынға көтерілді.
«Жетісу» — «Ақтөбе» 2:1 (0:1)
Голдар: Кики 40 (0:1), Серікқұл 49 (1:1), Житнев 88 (2:1)
Біздің серіктес: FONBET