Біріншілікті тың серпіліспен бастаған «Тараз» футбол клубы былтырғы чемпионатты жүлдеге қол созым жерде аяқтаған еді. Сербиядан білікті бапкер шақыртып, сақа спортшыларды жинаған ұжым «МЕН» деген командалардың мысын басып, біріншілік көркін қыздыра түскен. Дегенмен былтырғы футбол маусымында командаға мұндай мақсат қойылмаған болатын. Тек үздік алтылыққа еніп, нәтижелі ойын өрнегін көрсетуді көздеген команда мақсат-міндетті діттеген межеден асыра орындады. Ал алдамыздағы жаңа футбол маусымында командаға қандай межені бағындыру міндеті қойылған? Жалпы «Тараздың» биылғы біріншілікке дайындығы мен ұжым жаңалықтарын білмекке клуб президенті Талғат Әпсаматовпен әңгімелескен едік.
- Талғат Тұрлыбайұлы, кеше биылғы оқу-жаттығу жиындарының алғашқысын аяқтап келдіңіздер. Жаттығу жұмыстары қалай өтті, клубтың қандай жаңалықтары бар?
- Иә, Анталияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтадық. Онда біршама ойыншыларды байқап көрдік. Нәтижесінде португалиялық плеймейкер Жозе Мануэль Курто мен сербиялық қорғаушы Марко Ранджеловичті команда қостық. Бұрындары біздің командамызда өнер көрсетіп жақсы қырынан танылған, кейіннен «Ақтөбе», «Ертіс» сапында жасындай жарқылдаған Тити Эссомбамен келісім шартқа қол қойылды. Оқу-жаттығу жиыны барысында үш командамен: македониялық «Тетекс» (0:0), хорватиялық «Осиек» (0:2) және Ливия чемпионы «Аль-Иттихадпен» (1:0) жолдастық кездесу өткізідік. Сондай-ақ жаттықтырушылар тобында да өзгерістер орын алды. Клуб екі жаттықтырушының орнына кезінде «Қайрат», «Ордабасы» клубтарында ойнаған, қазіргі кезде білікті бапкер Дроган Джурджевич, сондай-ақ футболдан Американың МLS, Сербия чемпионатында, «Црвена Звезда» клубында қызмет жасаған Джорджо Рашич және техникалық шеберлікті шыңдау үшін Родмила Азановичтермен толықты. Айта кетерлігі соңғы екеуі тек «Тараз» футбол клубымен ғана емес, қосылқы құрам және «Лашын» командасын да жаттықтыратын болады. Ал бас бапкер Любомир Петрович осы маусымның соңына дейін команданы баптайтын болады.
- Жаңадан алынған үш жаттықтырушының бірі ойыншылардың техникалық шеберлігін шыңдаумен айналысатын Родмила Азановичтің алыну түсінікті. Ал өзге екі бапкерді алып, былтыр жұмыс жасаған серб мамандарымен қош айтысуға не себеп болды?
- Мұның себебін команда мүшелері, бапкер және басшылықпен қарым-қатынастың дұрыс болмауы деп айтуға болады.
- Клуб алдына биыл қандай мақсат, меже қойылып отыр?
- Айтарлықтай межені көздеп отырған жоқпыз. Мақсат былтырғыдай. Яғни әр ойында жеңіске жету.
- Мысалы өзге клубтар алдына жүлдеге ілінуді мақсат етсе, басқалары чемпонатта қалуды көздейді. Ал «Таразға» неге алдына нақты мақсаттар қойылмаған?
- Иә дұрыс айтасың. Бұл мәселеде мынаны айта кету керек. Клубтың бюджет қоры алдына биік мақсаттар қоюға міндеттей алмайды. Көпшілік клубтың ақшасы көп деп жатады. Ол облыс көлемінде солай шығар. Ал премьер-лига клубтарының тізімінде тек 8-9 сатыларда ғанамыз. Егер қаржы молынан болып жатса, біз қалаған ойыншыны клуб қатарына қосып, жеңімпаз атануды көздейтінімізді жариялар едік. Дегенмен әзірге бірінші кезеңде алғашқы алтылықта болуды ойлап отырмыз.
- Клубтың ресми сайтында былтыр келісім шарт жасасқан Иван Перич пен Огнен Красичті трасферге шығарыпсыздар…
- Иван Перич, өздеріңіз білесіздер, алғашқы айналымда жақсы-ақ ойнады. Өзін көрсете білді. Бірақ екінші кезеңде өзіне жүктелген істі лайықты атқара алмады. Ал Огнен Красичке келер болсақ, біз одан да мықты ойыншыны алғымыз келді. Яғни Тити Эссомбаны алдық. Ол 2012 жылғы біріншілік бойынша ең жақсы оң қапталдағы жартылай қорғаушы болып танылған. Красич «Тобыл» сапына ауысты. И.Перич әзірге ешқандай клубпен келісім жасай қойған жоқ. Ал Невен Вукман қорғаныста қарымды екендігін көрсетті. Дегенмен шабуылды ұйымдастыруға қабілеті төмен болған соң португалиялық Жозе Мануэль Куртоны алуға тура келді.
- Бірер күн бұрын берген бір сұхбатыңызда Бауыржан Исламханды сұрап жатса, өзге клубтарға беруге қарсы емес екендігіңізді айтыпсыз. Ал жамбылдық жанкүйерлерде «неге өз жерлестеріміз Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Байтаналарды өзге ұжымдарға береміз? «Тараз» сапында ойнап, неге жүлделі орындарға таласпайды?» деген әңгімелер бар…
- Негізгі біздің мақсатымыз ұлттық құрамаға ойыншы беру. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан біріншілігінің деңгейі УЕФА тізімінде 45-ші сатыда екен. Ресей 12-ші, Украина 11-ші, Греция 10-шы орында көрінеді. Егер
Бауыржан Исламхан Ресей клубтарында ойнап жатса, бұдан Қазақстан, оның ішінде «Тараз» ұтылмайды деп ойлаймын. Әрине егерде келісім жасау барысында лайықты баға берілсе, Исламханды неге жібермеске… Кезінде «Қайрат» сапында ойнаған, «Зенит» құрамында доп тепкен Евгениий Тарасовтың Исламхан жайында айтқан пікірін жуырда ғаламтордан оқып қалдым: «Ол доппен болғанда алдағы үш қадамды ойлап тұрады. Тек командаластары оның ойын түсінбегендіктен, басқа шешімге барып, түрлі тәсілдер жасап тұрып қалады» депті. Егер Исламхан Ресейде жасындай жарқылдап жатса, шетел қазақ футболын танып, мойындап жатса қуаныш емес пе?! Жанкүйерлердің ойын түсінуге болады. Бірақ несі бар, біз бір емес екі Исламханды шығарамыз! Байтананы «Тобыл» жалға бердік. Себебі оған негізгі құрамда орын болмай тұр. Мұнда ол қосалқы құрамда отырып қалады. Кәсіби деңгейі төмендей түседі. Ал бізге оның ойын тәжірибесінің тұралап қалғаны керек емес. Шеберлігін шыңдай түскені қажет. «Тобылда» жастар саны тым аз. Сондықтан оны негізгі құрамға қосатын болады. Егер Исламханның орны босап қалатын болса, кез келген уақытта Байтананы қайтара аламыз.
- Осы аталған талантты теңбіл доп шеберлерінің ізін алып келе жатқан жергілікті жастардан кімдерді атай аласыз?
- Қожамберді Жақып, Берік Айтбай, Ардақ Қарпық, Бағдәулет Дәрибаев Нұрдәулет Сейітханов деген жігіттерді айтуға болады. Бұлардың әрқайсысы жоғарыда аталған бапкерлерден тәлім алып, ел футболының деңгейін көтере алады деп сенім арта аламын.
- Биылғы бәсекеде қай командалардан қауіп күтесіз? Мысалы, былтыр «Оқжетпес» ойламаған жерден опық жегізіп кетті…
- Иә, былтыр біз толық қалыптасып үлгере алмадық. Ойыншылар жаңарды. Дегенмен жігіттердің жігерлілігінің арқасында он алты жыл бойы жеңе алмаған «Ақтөбені» ұттық. «Ертістен» 4 ұпай еншіледік. «Тобылдан» алты ұпай алдық. Ал «Ақжайық», «Оқжетпес», «Жетісу» командаларынан 18 ұпай олжалауымыз керек еді. Бірақ олай болмады. Биыл енді мұндайға жол бермеуге тырысамыз. Барлық қарсыласқа тыңғылықты дайындықпен шығамыз. «Ақтөбенің» бапкері ауысқанымен, ойыншылары түсінісіп қалған. «Ертіс», «Шахтер», «Астана», «Ордабасы» лайықты әрі басты қарсылас. Ал «Қайраттың» бапкері Вайс келе сала лайықты қарсылас атана алатындай ұжым жасап шығарады дей алмаймын.
- Любко Петрович тамаша ұжым жасады ғой келісімен…
- Өйткені Тараз топырағы өзге өңірлерге қарағанда талантқа толы. Әрине, басқа облыстарда да баршылық жақсы ойыншылар. Дегенмен Әуриеата жастарының футболға деген қабілеті жоғары екендігін мойындау керек.
- Биыл премьер-лигада 12 ұжым бақ сынасады. Бұрынғы жылдары 14,16 команда еді. Бұлай жиі түрленуіне көзқарасыңыз қалай? Он екі ұжым аздық етпей ме?
- Он екі команда болған дұрыс. Өйткені Қазақстанда 14, 16 команда болатындай кәсіби деңгейі жоғары ойыншылар табу қиын. Ол біріншілік деңгейінің төмен болуына тікелей әсер етеді. Оған қоса қаржыландыру жағы оңай емес.
- Бірер күн бұрын клубтың ресми сайтында жеті легионердің тізімін жарияладыңыздар. Яғни олармен келісім шарт жасағансыздар. Ал кеше тағы бір легионермен толығуымыз мүмкін депсіз…
- Иә, біздегі Ерсин Мехмедович жақсы қорғаушы екені рас. Мирослав Лечич де талантты шабуылшы. Бірақ олардан деңгейі жоғары ойыншы табылып жатса, командаға қосатын боламыз. Ал бұларды трансферге қояр болсақ, Қазақстандағы кез келген ұжым алып кетеріне даусыз.
- Былтыр «Алатау» сақтандыру компаниясының демеушілігімен «Тараз» кездесулерінен тікелей эфирде жергілікті телеарнадан транслияция жасаған едіңіздер. Биыл қалай болмақ? Әлеуметтік желілердің бірінен компания клубты 20 миллион теңгеге шығындандырып кетіпті дегенді көзіміз шалып қалды…
- Бізде олардың бір жылда 30 миллион көлемінде демеушілік жасаймыз деген келісім шарты бар. Өздері келіп «Тараздың» биыл басқа футболды көрсетеріне және өздерінің «Алатау» деген сауда маркаларын кеңінен танытады деп сеніп, ерікті түрде тілек білдірген еді. Сөйтіп бірден транслияцияның қаржысын төлеп қойғанбыз. Клубтың өзі жуырда 240 балаға арналған футбол мектеп ашқан едік. Соған қажетті түрлі жабдықтар алып, «Алатаудың» ақшасын төлемек болғанбыз. Бірақ олар осы күнге дейін келісім шарттағы қаржыны бермей келеді. Алынған жабдықтардың иесіне енді қарыз болып отырмыз. Ал сақтандыру компаниясына бір апта көлемінде уақыт бердік. Осы аралықта шешім табылмаса, сотқа жүгінетін боламыз. Ал транслияция міндетті түрде болады. Басқа демеуші іздесек те телеарнадан «Тараздың» кездесулерін көрсететін боламыз.
- Алдағы біріншілікте еурокубоктарға қатысуға мүмкіншілік алып жатсаңыздар стадион УЕФА талаптарын сай келмейтіні белгілі. Бұл жағы қалай шешілмек?
- Бұл ретте облыс әкімшілігіне ризашылығымды білдіргім келеді. Кеше облыс әкімдігінің құрылыс басқармасында болдым. Енді құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны анықтаймыз. Олар жұмысты жақын арада бастайтын болады. Жыл аяғына дейін стадионның жартысының төбесі жабылып, акустика мен жарық беру тетіктері УЕФА стандартына сай болады.
- Алдағы оқу-жаттығу жиындары қайда өтпек?
- Ертең команда 15 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Белекке (Түркия) кетіп барады. Онда 4-5 жолдастық кездесу жоспарланған. Команда мүшелері түгел қатысады және Мехмедович пен Лечичтің орнына футболшы қарастырып көретін боламыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұржан Туғанбай