Жарнама
Жарнама

Талғат Байсуфинов «Қайсардың» Премьер лигадан шығып қалуына қатысты пікір білдірді

Бүгін, 10:59

Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының бас бапкері Талғат Байсуфинов Қазақстан Премьер лигасының соңғы, 30-турында елордалық «Жеңістен» 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін команданың сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Бұл жеңілістен кейін «Қайсар» турнирлік кестеде соңғы, 16-орында қалып, Қазақстан Премьер лигасынан шығып қалды.

Байсуфиновтың айтуынша, футболшылар бірінші таймда қажетті деңгейде өнер көрсете алмаған. Ал үзілістен кейін команда шабуылда белсенділік танытып, қарсыласынан басым ойнаған.

«Егер жігіттер бірінші таймға екінші таймдағыдай дайындықпен шыққанда, нәтиже басқаша болар еді. Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап футболшыларға турнирлік кестедегі жағдайымызды түсіндірдік. Бізге жеңіс пен ұпай қажет екенін айттық. Алайда бірінші таймда қажетті жігерді көрсете алмадық. Екінші таймда, Құдайға шүкір, ойыншылар ашылып, жақсы өнер көрсетті. Шабуылды күшейту үшін барлық ауыстыруларды жасадық. Гол соғу мақсатында шабуылдаушы футболшыларды алаңға шығардық», – деді Байсуфинов Sports24.kz сайтына берген сұхбатында.

Сонымен қатар маман команданың нәтижесіне кадрлық мәселелер де әсер еткенін атап өтті.

«Біз өз мәселелерімізді жақсы түсінеміз. Жарақат алған футболшылар болды. Кейбір легионерлер төрт сары қағаз жинап, ойынға қатыса алмады. Басқалары жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ», – деп түсіндірді бас бапкер.

Еске салайық, «Жеңіске» қарсы кездесуде Қызылордалықтар бірінші таймда екі гол жіберіп алды. Екінші минутта Зураб Тевзадзе есеп ашса, 31-минутта Исламбек Қуат басымдықты арттырды. Ал 52-минутта Әлияр Мұхамед есеп айырмасын қысқартқанымен, «Қайсар» таразы басын теңестіре алмады.

Осылайша, Қызылордалық клуб 2026 жылғы Қазақстан чемпионатын 25 ұпаймен соңғы орында аяқтап, келесі маусымда Бірінші лигада өнер көрсететін болды.

Дегенмен «Қайсар» үшін маусым әлі толық аяқталған жоқ. 7 қарашада команда Қазақстан кубогының финалында шымкенттік «Ордабасымен» кездеседі.

«Чемпионат аяқталды. Енді маусымды кубок финалымен қорытындылаймыз. Бар назарымызды осы кездесуге аударамыз», – деді Талғат Байсуфинов.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров