Жарнама
Жарнама

Талғат Байсуфинов: «Қазақстанға да Еуропа чемпионатында ойнайтын уақыт келеді»

25.02.2022, 02:50
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Sports.uz сайтының тілшісі Шухратбек Жораевқа берген сұхбатында ұлттық құрама мен ел футболындағы өзгерістерді айтып берді. Сондай-ақ Өзбекстан құрамасына аз-кем тоқталды.
Жарнама
Жарнама

- Бізді көршілес командалардың нәтижелері қызықтырады. Атап айтқанда, Қазақстан УЕФА-ға мүше болғандықтан, Еуропада өнер көрсетуде. Талғат Маруаұлы, айтыңызшы, қазір ұлттық құраманың деңгейі қандай?

- УЕФА-ға кіргелі бері Қазақстан құрамасы жақсы дамып келеді. Ойындарымыздың нәтижесі жақсарып келеді деп айта аламыз. 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Украина мен Босния сияқты мықты командалардан ұпай алғанымызды ерекше атап өткім келеді. Біздің деңгейіміз осындай командаларға жақындап қалды, жақын арада біз оларды жеңетін боламыз. 2007 жылы Қазақстан құрамасы өз алаңында Сербияны (2:1) жеңіп, Бельгия құрамасымен тең ойнаса (2:2), 2019 жылы Шотландияны (3:0) ойсырата жеңген болатын. УЕФА-ға мүше болуымыз ойыншыларымыздың деңгейіне өз әсерін тигізуде.

- Қазақстан УЕФА-ға мүше болғаннан кейін не өзгерді? Осының жақсы және жаман жақтарын айта аласыз ба?

- Прогресс біздің отандық клубтардан да байқалуда. «Астананың» «Манчестер Юнайтед», «Селтик» сияқты клубтарды жеңгенін атап өткім келеді. Бұл матчтарды тамашалауға Орталық Азиядан, әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен жанкүйерлер келді. Сондықтан елдегіфутболдың деңгейі айтарлықтай көтерілді.

- Орталық Азиядағы ең күшті чемпионатты атай аласыз ба?

- Әрине, Қазақстан чемпионаты Орталық Азиядағы ең мықты чемпионаттардың бірі. Қазақстанда Өзбекстан мен Қырғызстанның мықты ойыншылары өнер көрсетті. Отандық клубтарымыз қаржыдан таршылық көрмеуде, еурододаларда ойнап, сапалы легионерлерді шақыруға тырысады.

- Қазақстан құрамасын жергілікті және шетелдік жаттықтырушылар баптады. Қателеспесем, екі жылдан бері жұмыс істеп жатырсыз. Сіздің командадағы міндетіңіз қандай?

- Менің міндетім – буын алмасу процессін жүргізу, алдағы жылдары еліміздің намысын қорғайтын футболшыларды дайындау, Ұлттар лигасында жақсы нәтижеге қол жеткізу және әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде лайықты өнер көрсету, сондай-ақ Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу.

- Өзбекстан футболы туралы не айтасыз? Біз дұрыс жолда келе жатырмыз ба?

- Өкінішке орай, менде Өзбекстан чемпионаты туралы толық ақпарат жоқ, бірақ мен бұл елдің футболын тікелей БАҚ арқылы және тікелей эфирде бақылап отыруға тырысамын. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан құрамасының ойыншысы Владислав Васильев «Андижанда» ойнады, сондықтан біз оны мұқият бақылап отырдық. Өзбекстан құрамасының Азия кубогінің іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Еліңізде көптеген стадиондар салынып жатыр, инфрақұрылым дамып жатыр деп естідім.

- Ұлттық құрамалар арасында Орталық Азия чемпионатын өткізу туралы ұсынысқа қалай қарайсыз? Бізге мұндай жарыс керек пе?

- Бұл жақсы идея, біз бұдан бас тартпаймыз. Оның үстіне, Азия футболы алға үлкен қадам жасады. Мысалы, Тәжікстан былтырғы жолдастық кездесуде жақсы ойнады. Орталық Азияның көптеген командалары ФИФА рейтингінде лайықты орындарға ие. Мұндай турнир әр командаға тек пайда әкеледі.

- Қазір Қазақстан футболындағы ең мықты үш ойыншыны атап өтсеңіз.

- Бүгінгі таңда Қазақстан чемпионатында сапалы легионерлер көп. Солардың бірі – «Астананың» ойыншысы Марин Томасов. Қазақстандық футболшылардың арасынан жақында «Зенитке» ауысқан Нұралы Әліпті, жас әрі болашағы зор Арман Кеңесовті, ЦСКА сапындағы Бақтиер Зайнутдиновты атап өтуге болады. Бұл Қазақстан құрамасындағы көшбасшы ойыншыларының бірі.

- Сізге өзбекстандық ойыншыларының қайсысы ұнайды?

- Өзбекстан құрамасында Жозе Моуриньоның қол астында көрсететін Эльдор Шомуродовты ерекше атап өтейін. Ол Еуропа футболына жақсы бейімделді. Оның футболға деген көзқарасы өте керемет, әрине бұл Өзбекстан футболына жақсы серпін береді.

- Бізде Еуропаның ТОП-5 чемпионатында өнер көрсететін Эльдор Шомуродов бар. Қазақстанда жақсы ойыншылар бар. Құпия болмаса, қазақстандық Шомуродовтың кім екенін айта аласыз ба?

- Шетелдік чемпионаттарда ойнайтын ойыншылар аз емес. «Висладағы» Георгий Жуков, Еуропадан ұсыныс алған Артур Шушеначев, «Зенитке» ауысқан Нұралы Әліпті атап өтуге болады. Қазір жақсы ойыншылар өсіп келеді.

- Қазір Өзбекстан мен Қазақстан құрамаларының деңгейі шамалас деп ойлайсыз ба?

- Екі командаға да шеберлік пен сәттілік жетіспейді. Бірақ Өзбекстанға да, Қазақстанға да әлем чемпионатында ойнайтын уақыт келеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров