“Тараз” ФК мойнында әлі қанша қарыз бар?

Инсайдер Қазбек Тайланов “Тараз” ФК директорының кеңесшісі Ғабит Қазбекұлынан сұқбат алды.

Өздеріңіз білетіндей “Тараз” ФК қарыздарына байланысты Бірінші лигаға қатысуға өз еркімен ұсыныс жасады. Сол кезде клубтың құрамы 95% тазарды. Көп ойыншылар командадан кетті. Осы себептен “Тараздың” намысын футбол орталығында тәлім алып жүрген жастар қорғауда. 2023 жылы сол футболшылармен біз Бірінші лигада 10 орын алдық. Биылда сол жастарымызға иек артып отқан жайымыз бар. Қазірде салық мәселесіне байланысты қысым болып жатыр. Жаңа басшылық келіп, аталған жағдайды қалпына келтіреді деген сенім бар.

Қарыз демекші, берешектің нақты бір соммасы бар ма? 

Енді, 300-350 млн теңгедейі қарызымыз әлі де бар.

Жергілікті әкімдік тарапынан қолдау бола ма?

Жаңа басшылық өз бағдарламасына сәйкес, жергілікті әкімдікпен байланыс орнататып, осы мәселені шешуге тырыспақ.

Футбол орталығынан қазіргі сәтте қанша түлек командада өнер көрсетуде?

Бірінші лига командасында 25 жігіт доп тепсе, Екінші лигадада 25 футболшы “Тараздың” намысын қорғап жүр. Былайша айтқанда, барлығы өз түлектеріміз. Онымен қоса, бапкерлік штабтың қызметкерлері де жергілікті мамандар. QJ League турнирінде бақ сынасып жатқан жігіттердің бәрі футбол орталығынан.

QJ League турниріндегі “Тараздың” мақсаты қандай?

Мақсат үздік үштіктің қатарынан табылу. Өзің жақсы қырынан көрсеткен футболшылар “Тараздың” Екінші лигадағы командасына шақырту алады. Одан өскен аяқдопшы Бірінші лигадағы клубта өнер көрсетуге мүмкіндік алмақ. Қазірде негізгі ұжымда жүрген жас футболшыларымызға басқа командалардан ұсыныс түссе, біз оларды ұстап қала алмаймыз. “Тараздың” түлектері әрқашан сұраныста. Сол себептен біз жастардың жолын байлай алмаймыз.

“Тараздың” футбол құрымынан түлеп шыққан Бақтиер Зайнутдиновтай жұлдызды ойыншылар туған жерінің командасында қаншалықты қонақтап тұрады. Жас футболшылармен осындай тәжірибесі толыққан ойыншылар арасында кездесу өткізіліп тұра ма?

Әрине, балаларды, жастарды ынталандыру мақсатында өзіміздің жұлдызды футболшыларымызбен міндетті түрде кездесу өткізіп тұрамыз. Мәселен, Бақтиер Таразға келген сайын футбол орталығының жұмысымен танысып кетеді. Ондағы жастармен тілдесіп, оларға ағалық ақылын айтады. Бізде негізі мынадай жоспар болған. Өзіміздің тәжірибелі ойыншыларды командаға қайта шақыртып, Премьер-лигаға жолдама алу үшін таласу сынды. Алайда УЕФА тарапынан трансферлік бан алғандықтан, командаға ешқандай футболшыларды ала алмаймыз. Сондықтанда ҚПЛ шығудағы мақсатымызды бір жылға алға жылжыттық. 

Осы жылдың басында Әлішер Сүлей секілді футболшылар “Тараз” клубының жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын. Олар өз айлықтарын төмендету арқылы командада ойнауға өз келісімін берген бе еді?

Сізге айтқанымдай, 4-5 футболшы өз айлықтарын төмендетіп, әрмен қарай командада қала беруге келіскен. Олардың арасында Мақсат Әмірханов, Әлішер Сүлей және Жақып Қожамберді бар. Бұл жігіттер “Тараз” үшін соңына дейін барамыз деді. Алайда трансферлік бан бар жоспарымыздың күл-талқанын шығарды.

“Тараздың” биылдыққа мақсаты?

Біздің команда қашанда болсын құрама мен Премьер-лига деңгейіндегі футболшыдарды тәрбиелеуге қызмет жасайды. Мысалы, ел құрамасының U-19 командасына Әділет Өмей мен Димаш Серікұлы шақырту алды. 

Бүгінгі күні “Тараздың” бастапқы командасында жүрген жігіттерге Премьер-лига клубтары тарапынан ұсыныстар түсу де ме?

Түсті… Алайда трансферлік бан болғандықтан, жастарымызды таратып жібермедік. Оның үстіне клуб бұл футболшылармен әлі де келісімшартта. Өзің көрсеткен футболшыға басқа командаға ауысуға ешқашан кеш емес. Осы маусымда жақсы ойнаған аяқдопшылар алдағы уақытта мен-меңдеген клубқа ауысатыны сөзсіз. 

Қарыз мәселесінде көмектесуге ниет білдірген демеушілер бар ма?

2022 жылы “Қазфосфат” компаниясы бізге жақсы көмектесті. Кіші серіктестерімізде бар. Алайда олар үлкен соммада бізді қаржыландыра алмайды. Жаңа демеуші іздеудегі жоспарымыз орындалмай келеді. Бұған біздің аймақтағы алпауыт компаниялардың аздығы деп білем.