Ұлан ҚОНЫСБАЕВ
Ұлты: қазақ Туған жылы: 28.05.1989 ж Туған жері: Тараз қаласы Бойы: 175 см Салмағы: 69 келі Клубы: «Тараз» Алаңдағы орны: қапталдағы жартылай қорғаушы Клубтық нөмірі: 7 «Таразбен» келісімшарты: 2011 жылдың соңына дейінБиыл премьер-лигада 32 ойын өткізіп, үш гол соққан. – Жалпы, «Таразбен» келісімшартың қай кезге дейін? – Әлі бір жылым бар. 2011 жылдың соңында келісімшартым бітеді. – Клуб басшылары келісімшартыңды ұзарту туралы ұсыныс тастаған жоқ па? – Келесі жылы болмаса, биыл әлі басшылық үнсіз. – Ал басқа командалардан шақыртулар болып жатыр ма? – Бұл жайында маған тікелей ешкім хабарласқан жоқ. Бәлкім, басқа командалардан түсетін ұсыныстар жаңа жылдан кейін болатын шығар. Әдетте, солай болатын. Бірақ менің «Таразбен» әлі бір жылдық келісімшартым барын ескерсек, қазақстандық клубтардан көп ұсыныс болады деп айта алмаймын. – Клубтағы футболшылардан команданы тастап кеткендері бар ма? – Әлі тыныштық. Ешқайсысы «Тараздан» кеткен жоқ. Тіпті Антон Землянухин де – әзірге «Таразда». Дегенмен барлығын қысқы маусымаралық үзіліс шешеді. – Соңғы жаңалықтардан хабардар шығарсың. «Тараздан» Дмитрий Огай кетіп қалды... – Иә, естідік. Естідік те, өкіндік. Дмитрий Огай секілді бапкерлер Қазақстанда көп емес, саусақпен санарлықтай-ақ. Ұстап қалу керек еді. Аз ғана уақыттың ішінде Дмитрий Алексеевич бізге көп нәрсе үйретті. Келесі жылы «Таразды» жүлделі орындарға көтеретін шығар деп үміттенгенбіз. Енді жаңа бапкер Огай секілді бола ала ма, сол жағы уайымдатады. Ал Алексеевич Ресейдің жоғарғы лигасындағы «Сибирь» клубына кетіпті. Клуб басшылығы оған команданы премьер-лигаға шығаруға тапсырма берді деп естідім. Өз басым, Огай тапсырманы бір жылдың ішінде-ақ орындай алады деп ойлаймын. – Енді команданың келесі оқу-жаттығу жиыны қашан болады? Оған футболшыларды кім дайындайды? – Қазір бәріміз демалыстамыз. Бірінші оқу-жаттығу жиыны осы айдың 17-сінде басталады. Ешқайда шықпаймыз, жаттығудың барлығы Таразда өтеді. Кімдердің командада қалып, кімдердің кететіндері де сол кезде анықталатын шығар. Ал футболшыларды өзіміздің бапкерлердің бірі уақытша жаттықтыруы мүмкін. – Былтырғы жылы «Тараз» премьер-лигада 8-орынға тұрақтаған еді. Биылғы жылды 9-орынмен аяқтап отыр. Бұл сәтсіздікке не сеп болды? – Оны өзіміз де түсінбей қалдық қой. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты көрінетін. Бірақ іркес-тіркес жеңілістеріміз көбейіп кетті. Тіпті жанкүйерлердің бетіне қарай алмай кеткен кездеріміз де аз болған жоқ. Жүйелі ойын көрсете алмай, әбден әбігерге түстік. Қазір бұл сәтсіздіктерді жуып-шаю үшін әртүрлі сылтау іздеп жүрміз. Бірақ басты себеп – бапкерлерді жиі ауыстыруда болған сияқты. Санап қарасам, Владимир Фомичев, Ойрат Садуов, Игорь Урсаки, Анатолий Бельский, Дмитрий Огай, бір жылдың ішінде команданы төрт жаттықтырушы жаттықтырыпты. Әлбетте, мұның барлығы өз кесірін тигізбей қойған жоқ. – Ұлттық құраманың да бас бапкері әлі анықталмағанын білесің. Қалай ойлайсың, еліміздің бас командасына бапкерді шетелден шақырту керек пе, әлде өз мамандарымыз дұрыс па? – Басқалардың қалай ойлайтынын білмеймін. Өз басым ұлттық құраманың бас бапкері шетелдік болу керек деп санаймын. Бірақ біліктілігі төмен мамандарды шақырудың қажеті жоқ. Ұлттық құраманы түлете алатын білікті маман керек.
Автор: Әзиз Жұмаділ
Біздің серіктес: FONBET