Жарнама
Жарнама

Тихонов «Астананы» өрге сүйрей ме?

21.10.2020, 03:16
Тихонов клубқа өте қиын кезеңде келді. Еурокубоктен ұшқан команда ішкі біріншілікте де жарытып ойнап жүрген жоқ.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футболы тарихында өзіндік орны бар елордалық "Астана" командасының бапкерлік құрамы ауысты. Стоилов кеткелі бапкерге жарымаған пентакампеондар аз уақыттың ішінде төрт бапкер ауыс­тырып үлгерді. Төртіншісі – Қазақстан біріншілігінде бір кездері атой салған ресейлік маман Андрей Тихонов. Басшылық осы бапкерге сенім артып отыр.

Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, бұл ұжымның ішкі чемпионаттан бөлек, Еурокубоктың додаларында да тамаша өнер көрсеткенін біледі жұрт. Сондықтан «Ас­танадағы» кезекті ауыс-түйіс жанкүйер­лерді былай қойып, мамандардың өзін де таңғалдырды. Көпшілігі бұл қадамды кезекті эксперименттердің бірі деген пікірде.

50 жастағы ресейлік маман футбол жан­күйерлері арасында «Спартак» және Ресей құ­рамасы сапында көрсеткен өнерімен таны­мал. Ол «ақ-қызылдар» сапында 8 рет Ресей чемпионы атанды. Тихоновтың мансабында мәскеулік клубтан кейін «Крылья Советов», «Химки», «Маккаби Тель-Авив» (Израиль) және «Локомотив» (Астана) клубтары болды. Ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Спартак» (Мәскеу), «Спарта» (Щел­ково), «Краснодар», «Енисей» және «Крылья Советов» клубтарында қызмет атқарды.

Ресейлік спорт сарапшылары Тихонов­тың жұмсақ мінезді бапкер екенін айтуда. Қазіргі «Астанаға» Станимир Стойлов сияқты өте қатал, талапшыл бапкер қа­жет екенін, тіпті чех маманы Михал Би­лектің өзі де бұл ұжымды жаттықтыра ал­мағанын мысалға келтірді. Алайда Match TV комментаторы Александр Шмурнов бұл ауысымның «Ас­тана» тарапынан жасалған жақсы қадам екеніне сенімді.

– Тихоновтың елордалық ұжымды жат­тық­тыруға тәжірибесі жеткілікті деген ойдамын. Андрейдің мінезі жұмсақ. Сондық­тан шығар, ол осыған дейін көбінесе бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Футбол тұрғысынан оның өзіндік идеялары, алған тәжірибесі бар екені анық. Сондықтан мен оған сенемін, - дейді ресейлік маман.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Ловчев бұл тағайындау Тихоновқа берілген үлкен мүм­кіндік екенін айтады.

– «Астананың» құрамы қазіргі кезде тә­жірибелі футболшылармен жасақталған. Көпшілігі орта жастағы ойыншылар және отыздан асқан он футболшысы бар. Бұл жас­тағы футболшылар команданың так­ти­касына, жаттығу барысына, жаттықтырушының өзіне наразы бола бастайды. Команданың қазіргі құрамы біраз жетіс­тіктерге жеткен ойыншылар. Сондықтан «Астанаға» жаңа, жас футболшылар қажет. Бір сөзбен айтқанда, жеңіске жеткісі ке­летін «аш ойыншылар» керек. Олар клуб­ты жетістікке жетелей алады. Тихонов ко­мандаға серпіліс әкеліп, «Қайратпен» чем­пиондыққа таласа ала ма? Ол жағын уақыт көрсетеді. Әлі де мүмкіндік бар секілді. Мен «Қайраттың» алдағы ойындарда ұпай жоғалтатынына сенемін, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы.

«Астананы» жаттықтырған бапкерлердің қай-қайсысы да халықтың сын садағына ілінді. Өйткені ешбірі Стоилов секілді ко­манданы жетістікке жеткізе алмады. Болгариялық бапкермен бірге жұмыс істеген Бабаянға да клуб басшылығы сенім артпады. Қысқа уақытта еуропалық клуб деңгейіне көтерілген «Астана» алдына үлкен мақсат қоя алатын команда екені сөзсіз. «Үздіксіз даму үшін үлкен өзгерісті қалаған ұжым тізгінін Билекке сеніп тапсырған кезде үл­кен қателікке бой алдырғанын сезген де жоқ. Расымен де, чех маманы еліміздегі үз­дік клубпен жетістіктерге жете алмады. Қайта команда ішкі біріншілікте көп ұпай жоғалтты. Білікті деген бапкер «Астананы» өрге сүйрей алмады. "Астанадан" кетіп, Ұлттық құраманы жаттықтыруға бел буған чех ма­манына қатысты кейінгі кездесулерден соң көптеген сын айтылуда. Ұлттар лигасындағы ойындарда деңгейлес құрамалардан ұпай ала алмаған Билек алдағы кездесулерде жеңіске жете алмаса, жылы орнын босатуы әбден мүмкін.

– Билек кетісімен бас бапкерсіз қалған пентакампеондар уақытша бапкерлік тізгінді Пол Эшуортқа табыстаған. Ол да Михалдың жіберген қателігін түзете алмай пұшайман болды. Керісінше, команда чемпионаттағы аутсайдер командаларға жеңіліп, ұзақ жыл­ғы абыройынан айырылды. Осыдан соң тараптардың келісімі бойынша «Астана» фут­бол клубының атқарушы директоры Пол Эшуортпен еңбек келісімшартын тоқ­тату туралы шешім қабылданды. Тихонов та анау айтқандай мықты маман емес. Бәз­біреулердің оны көкке көтеріп жатқанын да көріп отырмыз. Дегенмен Андрейдің менеджерлік қабілеті төмен. Бапкерге қажетті ішкі түйсік, интеллект, психологияны жетік меңгеру, Андрейде бұлардың бірі де жоқ. «Астананың» психологиялық жағдайы да аса мәз емес. Жылда ойнайтын еурокубок жоқ, ішкі чемпионатта да жарытып ойнай алмай жүр. Демек, ойыншылардың рухы сын­ған, көңілдері пәс. Ондай командамен Тихонов алысқа бара алмайды, – дейді спорт журналисі Мадияр Қазыбек.

Нұрсұлтандық клубтың басты қарсы­ласы алматылық «Қайрат» биыл қайтсе де чемпион болуды көздеп отыр. Карантиндегі түрлі жағдайлар, өзгерістер Шпилевскийдің ко­мандасына оң әсерін тигізді. «Бұл да Тихонов­тың басты проблемасы», – дейді спорт мамандары. Бір сөзбен айтқанда, Тихонов «Астанаға» өте қиын кезеңде бапкер болып келді. Енді оның кризис-менеджер болатын қасиеті бар ма, жоқ па, оны алдағы уақытта білетін боламыз.

Абылайхан Жұмаш

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров