Жарнама
Жарнама

Тимур СЕГІЗБАЕВ, қазақ футболының ардагері : БЕРАНЕК… ӘЛЕМДІК АРЕНАҒА ШЫҒАТЫН БАПКЕР ЕМЕС

12.04.2011, 01:12
Жарнама
Жарнама

Қазақ футболының жарық жұлдызы, теңбіл доптың тарланбозы Тимур Сегізбаевтың сырқатынан сауығып, аяғынан тұруға жарап қалғанын естіген соң арнайы көңілін сұрай барғамыз. Денсаулығы сыр беріп соңғы жылда үш рет пышаққа түскен ағамыздың төсек тартып жатып қалғаны қабырғамызды қайыстырып, көңілімізді алаң қылғаны рас. Шүкір, қазір беті бері қарап, өңіне шырай кіріпті. Үлкен футболдың үдерісінен толықтай хабардар екен. Кеңінен шармап, көсіле сөйлемесе де, ағамызбен отырып отандық футболдың бүгінгі беталысын бағдарлаудың сәті түсті.

– Тимур Санжарұлы, тәуір болғаныңызды ести сала келген бетіміз ғой. Қазір қалай, теңбіл допты дедек қаққызуға жарап қалған боларсыз? – О не дегенің, допты көрсем делебем қозып тұрады. Біздің, алаңда жаяу жүріп жалақы алатын футболшыларымызға қарағанда, менің бабым келісіп тұр (күліп). Негізінде мені сырқат қылған осы футбол. Аяқдоптан алыстап кеткендіктен, аяқасты қатты ауырдым. Маған футболдан толықтай қол үзбей, тым болмаса осының төңірегінде қызметте қалу керек еді. Бірақ Қазақстан Футбол федерациясы мені қолдаған жоқ. Тіпті өзім баулып шығарған шәкірттерім де ат-тонын ала қашты. Әйтеуір ең бастысы, қатардамыз. Денсаулығым да жақсарып келеді. – Ескі жараның аузын тырнағандай болсам, айып етпеңіз. Енді ел футболын сөз етсек қайтеді аға? Отандық доп додасын қадағалап отырасыз ба? – Әрине. Мені футболшы ретінде атымды шығарып, елге белгілі қылған жасыл алаңда, ондағы жан алысып, жан беріскен бәсекелерді қалайша ұмытайын. Бұрынғыдай емес, футбол жарыстарын шама-шарқым жеткенше қадағалап отыруға тырысам. Оның өзінде үзіп-үзіп. Бірақ, бұған да тәубе. Екі-үш жыл бұрын футболға назар аударуға да шамамның келмей қалған кездері де болды ғой. – Ұлттық құраманың Германиядан тас-талқан ұтылғанын естіген боларсыз… – Еуропада дүркіреп тұрған «неміс машинасынан» ұтылмай қайда барамыз. Бірақ біздің құраманың жеңілісі қарсыластың атақ-абыройына ғана байланып тұрған жоқ. Жігіттерге жігер жетіспей жатыр. Кейде құрамаға өңкей қорқақ ойыншыларды жинап алған ба деген ойға қаласың. Футболшы алаңға өзін-өзі қайрап шығуы керек. Қандай қарсылас болмасын, қарымта қайтаруға болады. Ал біздің ойыншылар алаңға арыстанның аранына кіретіндей, тізелері дірілдеп шығады. Кезінде «Қайрат» қалай ойнады десеңші! Мәскеудің «Спартак», Киевтің «Динамо» командаларының атақ-даңқына қарамай-ақ алаңда соңғы минуттарға дейін барымызды салып ойнайтынбыз. Қазір ше? Қақпамызға гол кірсе болды, жігіттердің салы суға кетіп қалады. – Ел ішінде қазақ футболы УЕФА-дан Азияға оралуы мүмкін деген сыбыс бар. Қалай ойлайсыз, сары құрлыққа қайта қосылып жатсақ, футболымыздың күйі не болады? – Мен осы бастаманы қолдаймын. УЕФА қатарына ертерек өтіп кеткен сияқтымыз. Жанкүйерлерден де ұят. Құрама да, клубтарымыз да жеңілістен көз ашпайды. Шынын айтқанда, Батыстың белді командаларымен тең дәрежеде ойнау үшін бізге әлі біраз уақыт керек. Мүмкін он жыл, мүмкін елу жыл керек шығар. Негізі жеңіле берген де жаман. Ара-тұра жеңіп тұрмасақ, ертең Еуропаның «ергежейлі» құрамалары деңгейінде қалып қоямыз. Ал Азияға қайта оралып жатсақ, жеңістің де дәмін татамыз, әлемдік бәсекеге қатысуға да қарыс қадам мүмкіндік аламыз. – Жалпы, біздің ішкі біріншіліктегі ойыншыларымыздың әлеуеті қандай? Олардың қарқындары мен деңгейлерін өсіруге бола ма? – Қазір ұлттық құрамада Абдуллин мен Логвиненко орталық қорғаушылар жұбын құрап жүр. Бірақ екеуі де тіл табыса алмай жүр. Кейде тіпті бір допқа қатар секіріп жатады. Неге? Өйткені ойынды оқи білмейді. Деңгей деген ең алдымен алаңдағы жағдайды барлай білу. Ал жылдамдық, ұтымды пас берудегі қырағылық мұның бәрі жаттығуларда жетілдіретін дүниелер. Артқы шептегі «деңгейі жоғары ойыншы» деп мен ең алдымен Самат Смақовты айтар едім. Қасық қаны қалғанша шайқасатын батырлар болады ғой. Самат солардың сортынан. Ортаңғы шепте әзір ондай ойыншы жоқ. Шабуылда Таңат Нөсербаевтан үміт күтем. Таңатта шабуылшыға тән озбырлық, ең алдымен жылдамдық бар. – Қазақстан құрамасының қазіргі бапкері Мирослав Беранектен қандай үміт күтесіз? – Ешқандай. Беранек ұлттық құраманы әлемдік аренаға алып шығар бапкер емес. Мен оны кіналап тұрған жоқпын. Бапкер қолынан келгенін жасайды. Алайда бар мәселе ойыншыларда. Біріншілік деңгейі өспей, құрама күшеймейді. Бастысы Беранек шаруасына мұқият қараса деймін. Жеңіліп қалған кездері, стадионы ыстық екен, жолы алыс болды деп толастамас сылтаудан тау тұрғызған Шторктың кебін кимей, сәтсіздіктің анық себебін айтсын. – Әңгімеңізге көп рахмет!

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров