Тимур аға, сіз 1941 жылы 12 мамыр күні дүниеге келіпсіз. Қырқыңыздан шығатын күні Ұлы Отан соғысы басталыпты. Яғни сәбилік шағыңыз қиын-қыстау кезеңге тап келген екен. Ал балалық дәуіріңіз қалай өтті?
– Не айтайын, ол бір ел басына күн туған, тауқыметі жанға батқан заман еді. Ертеңгі күніңнің қалай болары белгісіз, аласапыран кезең-тін. Көпбалалы отбасында өстім. Әкем Санжар сол кезде Семейде жұмыс істеген. Сол жылдары отбасымыз көп қиындық көрді. Себебі 1938 жылы әкем халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған-ды. Мен Семейде тудым, ал екі әпкем сол кезде Алматыда қалып қойыпты. Кейіннен ақталып шықты. Алматыға келіп, жұмысын жалғастырды. 1948 жылға дейін ғой деймін, Министрлер кеңесінде жалпы бөлімнің, заңгерлер бөлімінің бастығы болып қызмет етті. Карьерасын Министрлер кеңесі аппаратында тамамдады. Әкеммен бірге жүрдім, содан бері Алматыдамын.
– Ал футболға қалай келдіңіз? Аяқдоп өнеріне деген ыстық ықылас қашан тұтанды?
– Алматының өзінде біраз жерде тұрдық. Қаланың қай ауданында тұрсақ та, ауладағы балалармен доп қуып өстім. Волейбол, баскетбол және футбол алаңдарындағы, теннис корттарындағы үлкендердің ойындарына сүзіле қарап, көше додаларының у-шуы арқылы спортқа үйір болып есейе бердік. Одан қалса, өзіміз де ала-өкпе болып, жалаңаяқ доп қуатынбыз. Шаңы шыққан қара жолдың бойына қос кірпіштен «қақпа» қойып, көше-көшеге бөлініп, футбол ойнайтынбыз. Спортқа деген сүйіспеншілік осылай қалыптасты. Мектеп табалдырығын аттаған соң да, қит етсе, футбол ойнап жүрдім. Жазда пионерлер лагеріне барамын. Лагерь маусымы басталған бетте барамын, содан тамыздың аяғында бір-ақ келемін үйге. Басқа балалар ауысып жатады. Ал мен ала жаздай пионерлер лагерінде доп тебумен боламын. Тамыздың аяқ жағында Горький саябағындағы «Спартак» стадионында футболдан Алматы төңірегіндегі лагерьлер арасында біріншілік ұйымдастырылады. Лагерьаралық сол додада маған «Авангард» зауытына қарасты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, марқұм Георгий Козельконың көзі түсті. Осылай мен талай талантты түлетіп, талай футболшыны үлкен спортқа дайындап шығарған маманға тап болдым. 1958 жылы Дене тәрбиесі институтына түстім. Екінші курста оқып жүрген кезімде «Қайрат» клубынан бір-ақ шықтым.
– Аға, футбол әлемінде сіз туралы аңыз көп. Солардың бірі, Оқушылар спартакиадасында Қазақстан құрамасы армяндардан 0:5 есебімен ойсырай ұтылып жатқанда, алаңға екінші таймда сіз шығып, таразы басын теңестіргендігіңіз жайында…
– Иә, болған ондай жағдай. Тбилисиде өткен ІІ Оқушылар спартакиадасы ғой. Бірінші таймда армяндардан 0:3 есебімен ұтылып қалдық. Екінші таймда таразы басын теңестіріп қана қоймай, 5:3 есебімен алға да шықтық. Бірақ армяндар матч соңына дейін есепті теңестіріп кетті. Бес голды да мен соққанмын.
– Ал Мәскеуде орыс халқының мақтанышы болған «Спартакты» қалай тізерлеттіңіздер? Түзде «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жеткенде де, екі голды да сіз соғып, мамандар мен жанкүйерлерді таң қалдырдыңыз. Сол ойын әлі есіңізде болар?
– Әрине, о не дегенің?! Бәрі де жадымда жаттаулы. Ол ойын – менің өмірімдегі ұмытылмас матчтардың бірі. Азуы алты қарыс «Спартакпен» болған сол ойында алаңға негізгі құрамда шықтым. Әр таймда бір голдан соқтым. Қызық болғанда, олардың қақпашысы бұрын «Қайратта» ойнаған жігіт еді (Владимир Лисицын). Сол кезде КСРО олимпиадалық құрамасының сапында ойнап жүрген. Соны екі мәрте қапы қалдыруымның да маңызы зор еді. Сол ойында Қазақ спорт комитетінің төрағасы, марқұм Кәркен Ахметов те болды. Ойыннан соң, біздің киім ауыстыратын бөлмемізге келіп, жүзі бал-бұл жанып, бәрімізді құттықтады. Алыс сапардан, яғни Азия елдерінің Олимпиадалық комитетінен келе жатқан беті екен. Қолында сол жақтан әкеле жатқан бір базарлығы бар. Ағаштан жасалған естелік бұйым, ортасында Азия елдері Олимпиадалық комитетінің эмблемасы бар. Соны қолына ұстап тұрып, «мынаны қайсыңа берсем екен» деді. Футболшылардың бәрі «екі голдың авторы лайық бұл сыйыңызға» деп шулап қоя берді. Содан әлгі базарлығын маған сыйлады. Сол сувенир күні бүгінге дейін бар. Сол матчтан естелік ретінде ұқыптап сақтап жүрмін. Ертеңінде Мәскеудегі орталық газеттерде Кеңес футболының аузы дуалы маманы Николай Старостиннің пікірімен, «Тимур и его команда» деген тақырыппен мақалалар жарыққа шығып, біздің сол жеңісіміз жайлы егжей-тегжей жазылды.
– Сол жылдары жанкүйерлер арасында тағы бір дастан іспетті сөздер желдей ескен. Сіз, соққыңыз пәрменді болғандықтан, аяғыңызға қара таспа байлап алатын мәртебеге қол жеткізіпсіз-дүр. Сол рас па?
– (Күліп) Жоқ, ол жанкүйерлердің шығарып алып жүргендері ғой. «Соққысы қатты болғандықтан аяғына қызыл таспа (лента) байлап алады екен», содан соң «Африкаға барып, бір жолдастық кездесу өткізгенде қуатты соққысымен бір маймылды өлтіріпті» деген сияқты аңыздарды шығарып алып жүрген – жанкүйерлер. Соққымның пәрменді болғаны ғана рас. Жанкүйерлерге сол қуатты соққыларым ерекше ұнаса керек. Ары қарай өздері құрастырып әкетті ғой. Тіпті «атақты Анзор Кавазашвилидің өзі теңбіл доп Сегізбаевтың аяғына тигенде… тізесі дірілдеп, зәре-құты қалмайды екен» деушілер де болған. Мұның бәрі бір мақтаныш сезіммен айтылған жай сөздер шығар. Мәскеудің «Торпедосының» қақпашысы Анзорға 35-40 метрдей қашықтықтан гол соққанмын. Алматыда өткен сол ойында біз 1:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Ал аты аңызға айналған Лев Яшинге гол соға алмадым. Даңқты қақпашы ғой. Самарқандта жаңа маусым дайындығы барысындағы бір турнирде кездестік. Ойын барысында айып соққысы белгіленді. Қақпаға дейін – кем дегенде 30 метр. Яшин өзіне сенімді қақпашы ғой, тосқауыл да құрғызбады. Қорғаушыларына «керек емес» деді. Мен шірене тептім. Допты қағып ала алмады. Қолынан сусып кеткен теңбіл доп қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты. Біраз уақыттан кейін тағы да айып соққысын орындауға мүмкіндік алдым. Яшин бастапқыдай емес, өз командасының ойыншыларынан тосқауыл құрғызды. «Қатарласып, тосқауыл болып тұрыңдар, мынаумен қалжыңдауға болмайды екен» деді…
– Тимур аға, өкінішке қарай, КСРО құрамасының сапында ойнамадыңыз. Неге? Сол кездегі солақай саясаттың кесірінен бе?
– Ойнадым ғой (күліп). Бірақ КСРО ардагерлері құрамасында. 100 жылдан кейін. (Сәл үнсіздіктен кейін) Біріншіден, ол кезде Кеңес Одағында деңгейі жоғары футболшылар көп болды. Екіншіден, КСРО құрамында негізінен мәскеулік, украиналық, содан соң грузиялық футболшылар ойнады. Бірақ біз осы бір қалыптасып кеткен «дәстүрді» бәрібір бұздық. Станислав Каминский екеуміздің шәкіртіміз Сейілдә Байшақов КСРО құрамасы сапында ойнады. Екеуміз «Қайраттың» бас бапкері болып жүріп, осындай ерен жетістікке қол жеткіздік. Өзім ойнамасам да, шәкіртімнің ойнағаны – мен үшін үлкен жетістік. Байшақов Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына шақыртылды. Кеңес Одағы құрамасы сапында бірнеше ойын өткізді. КСРО құрамасы гректерден ұтылып қалған соң, соның себебін іздеген болып, біздің ойыншымызды құрама сапынан «сылып» тастады. Негізі, Байшақовтың титтей де кінәсі жоқ еді.
– Егер Мәскеу клубтарының бірінің намысын қорғағаныңызда, бәлкім, сіз де КСРО құрамында кем дегенде бір-екі ойын ойнар ма едіңіз?
– Мүмкін. Басқа командалар шақырған. Бірақ мен ешқайсысына да бармадым. Үзілді-кесілді бас тарттым. Әсем Алматымды, өзімнің сүйікті «Қайратымды» тастап, ешқайда барғым келмеді. Басқа команданың жейдесін кимек түгіл, ондай көріністі көз алдыма елестеткен емеспін.
– Жалпы, сіз кімсіз: шабуылшы ма, жартылай қорғаушы ма?
– Мен орталық шептің ойыншысымын. Көбісі мені шабуылшы деп есептегенімен, мен орталық алаңның футболшысымын. Қақпаға алыстан тепкенді ұнататынмын. Шабуыл ұйымдастырып, пас бергенді жақсы көретінмін.
– Футболдан тым ерте кетіп, бірден жаттықтырушы болдыңыз ғой.
– Жарақатым көсіле сілтеуге мүмкіндік бермеді. «Қайраттың» сол кездегі бас бапкері, әйгілі Александр Севидов «асықпа, емдел, қанша уақыт болсын тосамын, әзірше менің көмекшім болып жүре бер» десе де, бутсымды шегеге ілдім. Себебі бұрынғыдай жоғары деңгейде ойнай алмайтындығымды сездім. Сондықтан көптің бірі болып, карьерамды бірінші топта аяқтағым келмеді. Мен олай, алаңда адам санын көбейтіп жүре алмаймын. Жанкүйерлердің жадында, жүрегінде қалай жатталып, сақталып қалдым, спорттан солай кеткім келді. Одан төмендеуге дәтім бармады. Содан 9 мамыр күні, Алматыдағы Орталық стадионда Бакудің «Нефтчиімен» болатын КСРО кубогы аясындағы матчтың алдында салтанатты түрде футболмен қоштастым. Сол кезде 29-ға енді толуым керек еді. Өзіңнің сүйікті ісіңмен қоштасу оңай емес, әрине. Содан екінші жоғары білім алу мақсатымен журналистика мамандығы бойынша диплом қорғағалы жүргенмін. Дәл сол кезде Қызылордадан обком секретары Хасан Бектұрғановтың өзі келіп, «Тимур жүр бізге, жақсы команда жасақтағымыз келеді, қазіргі ойындары маған ұнамай жүр, жаңа стадион салдық, енді бапкер керек» деді. Мен екінші мамандығым мен диплом қорғау керек екендігімді айтып едім, «журналистика күте тұрады» деп, асықтырды. Содан Сыр еліне тартып кеттім. Ал журналистикаға сол кеткеннен қайтып оралмадым. Қызылордада бір жыл еңбек еттім. «Автомобилист» клубы КСРО чемпионатының екінші лигасындағы «Орал және Орта Азия» аймағында («Б» тобында) өнер көрсету құқығына ие болып, 16 команданың ішінде 6-орынға ие болдық. Бір жылдан соң, бірінші лигада ойнайтын Қарағандының «Шахтеріне» бас бапкер болдым. Екі жыл кеншілер қаласында жаттықтырушы болдым. Қазақ кеңес республикасының спорткомитеті «Шахтерді» де жоғары топқа шығару үшін қам-қарекет жасап, «Қайраттың» қосалқы құрамындағы бірнеше ойыншысын берген. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Межелі орынға бір табан жетпей, сүріндік. 1973 жылы «Қайратқа» келдім. Осылай бапкерлік карьерам басталды. 1988 жылы бапкерлік карьерама да нүкте қойдым. Осы жылдар аралығында «Қайратта» ғана емес, Шымкентте және Йеменде жұмыс жасадым. Йеменде осы елдің ұлттық және олимпиадалық құрамасына жетекшілік еттім. Бұл мемлекет араб елдері ішінде бірінші болып, табиғи жасыл желекті стадион салды. Сол кезде Катарда да, Кувейтте де, Сауд Арабиясында да жасанды желек болатын.
– Аға, 1986 жылы «Қайратқа» қайтып келдіңіз. Сол жылы Станислав Каминский екеуіңіз «Қайратпен» КСРО чемпионатында жетінші орын алдыңыздар. Бұл – «Қайраттың ең жоғары жетістігі. Негізі, бұдан да жоғары орындарға қол жеткізуге болатын ба еді?
– Әрине, болғанда қандай?! 1976 жылы Каминский екеуміз республика басшыларына «футбол кәсіби тұрғыда дамытылуы керек, ойыншылармен келісімшартқа отырайық» деп өз пікірімізді айттық. Біздің футболдың әуесқой сарында екендігін де түсіндіріп, жеткіздік. Футболшылармен келісімшартқа отырсақ, олардан нәтиже талап ете алатындығымызды да тәптіштеп, жіпке тіздік. Бірақ бізге тыйым салынды. Біздегі Еңбек кодексінің келісімшарттық жүйеге келмейтіндігі, бағынбайтындығы көлденең тартылды. Егер ойыншыларға жақсы жалақы төленіп, жағдай жасалғанда, одан да жоғары орындарға ие болуға болатын еді. Соны түсінген клуб басшылары футболшыларға әр жерден ақша төлеп отыруға тырысты. Сол үшін жұмыстан шығып қалғандары да болды. Команданың ойынын жетілдіру үшін Мәскеуден футболшылар шақыртылды. Алайда қомақты қаражат төленбеген соң, сырттан келгендер бізде ұзақ ойнамады. Осылай нақты бір жүйе болмағандықтан, футболымызда тұрақтылық болмады. Басында үнемі жоғарғы топта ойнағанымызбен, КСРО-ның соңғы чемпионаттарында жоғарғы лигадан бірінші топқа түсіп қалып, одан қайта жоғары көтеріліп, арлы-берлі тербеліп жүрдік. Сөйтіп жүргенімізде КСРО-да тарады. Бірақ футболымыз күні бүгінге дейін еңсесін көтере алмай келеді. Футболдың нақты бір өңірде тасы өрге домалап тұрған жоқ. КСРО тұсындағы сол тұрақсыздық әлі сақталуда. Әу баста «Қайрат» чемпион болып еді, одан кейін Павлодардың теңбіл добы жоғары өрледі. Содан соң Семейдің футболы оза шапса, көп ұзамай Тараз топ жарды. Еліміздегі жақсы футболшылардың көбісі осы командаларға топ-тобымен ауысып, көшіп-қонып жүрді. Кейіннен Қостанай мен Ақтөбе де қосылды, бұл бәйгеге. Енді Астана аяқдобының түтіні түзу ұша бастады. Әйтсе де, балалар футболына лайықты деңгейде көңіл бөлініп отырған жоқ. Кеңес Одағы тұсындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық мектептер тарқап кетті. Инфрақұрылымдық жүйе қарқынды түрде дамытылып отырған жоқ. Міне, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толады, ал салғанымыз – бір-ақ стадион. Әупірімдеп жүріп, Астанада жаңа заман талабына сай бір стадион салдық. Қалған қалаларымыздағы стадиондар – ескі құрылымды.
Өзіңіз де ел футболын басқардыңыз ғой. Бірақ сіздің өкілеттігіңіз қиын-қыстау, аласапыран кезеңге дөп келді. Қиын болған шығар?
Өте қиын кезең еді. Ел чемпионатын өткізудің өзі оңай болған жоқ. Әйтсе де, 23 командамен алғашқы ел чемпионатын өткіздік. Екі жыл солай ойнадық. Чемпионатымызға қырғыздарды, өзбектерді, түркімендерді тарттық. Бірақ реті келмеді. Ал қазір ше? Премьер-лигада қалғаны – 12 клуб. Келісімшарт жүйесі қалыптасқан, бірақ бапкерлерде лицензия жоқ. Барлық командалардың ізбасарлар тәрбиелеу ісі көңілдегідей деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, қазір жергілікті бапкерлерге қолдау көрсетілмейді. Ақша төлеп, шеттен шақырамыз. Өзіміздің мамандар көлеңкеде қалды. Негізі, өз мамандарымыз да жаман емес. Қаншасы шетелдерде жұмыс жасап келді. Тәжірибелері аз, біліктіліктері төмен болса, шетелдерде қызмет ете ала ма?
Кейінгі кезде қорғаушылар мен шабуылшының бойы ұзын, дене бітімі есік пен төрдей болуы керек деген пәлсапа өршіп барады. Бұған не дейсіз?
– Мәселе бойда емес. Не, Пеле ұзын ба? Бізде тек Байшақов қана бойшаң болды. Мен де ұзынтұра болған жоқпын. Балтиев те, Смақов та ұзын емес. Германиядан алған немістеріміз де бойшаң емес қой. Ең бастысы, ойланып, баспен ойнау керек.
Саралы сөз:
Егер «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап беру керек болса, онда мен – бүкіл саналы өмірімді футболға арнаған адаммын. Футбол – менің өмірімде әрдайым бірінші орында. Шын көңіліммен айтайын, тіпті отбасым да – екінші орында. Бұлай ақтарылуымның менің туғандарыма ҚАЛАЙ АУЫР ТИЕРІН түсінесіз бе?! Бірақ адам өз болмысын өзгертпей, сол күйінде қалуы керек қой. Мен де барлық адамдар сияқты әйелімді, үш қызымды және немерелерімді сүйемін. Сыйлаймын әрі құрметтеймін. Әйтсе де, мен үшін футболдың орны бөлек. Егер өмір бойы аяқдоп жейдесімен жүруге болатын болса, мен онда бидайдың масағындай алтын түстес, көгілдір түспен әрленген, арқасында «10» деген нөмірі бар жейде киіп жүрер едім. Ал алдыма «абырой және адалдық» деп жазып алар едім. Өйткені мен үшін ең үлкен абырой – қандай да жағдай болмасын, өз клубыңа жан-тәніңмен берілу, оны шексіз сүю.
(«10 дней и вся жизнь Тимура Сегизбаева» кітабынан)
Автор:
Нұрғазы САСАЕВ