Қарағандылық «Шахтердың» қақпашысы Тимурбек Закиров алматылық «Қайратпен» болған ойынды (1:1) қорытындылады:
- Ойында барлығы біз қалағандай бола қоймаса да, бірақ команда бір-бірі үшін жанын салып күресті, сол үшін матч соңында голмен марапатталды. Матч алдында ойынның нәтижесі осындай голмен шешіледі деп мүлдем ойламадым. Жақсы ойнаған матчтарымыз болды, бірақ сәттілік жетіспеді. Ал кеше керісінше, сәттілік біздің жағымызда болды. Соғылған голға келер болсақ, мен әлі де жағдайдың осылай өрбігеніне сене алар емеспін. Бұл соңғы мүмкіндік екенін түсіндім, егер қазір соқпасақ, онда мұндай мүмкіндіктің болмайтынын білдім. Бас бапкерден осы стандартқа қосылуға рұқсат сұрадым және ол келісімін берді. Ол сәтте бәрі өте тез болды, бәрі әлі де менің допқа қалай жанасқаныма таңқалуда. Иә, ресми түрде голдың авторы болған жоқпын, бірақ сонда да бұл голды өткен жылы дүниеден өткен әкеме арнағым келеді.
Бұл кездесуде қарсылас жеңіске жетуі мүмкін еді, біз оларға тиісті бағасын беруіміз керек. Бірақ есепті көрдіңіздер. Осы маусымда команда үшін және жеке өзім үшін қандай міндеттер тұр? Бір ғана міндет бар - әр кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесінде жоғары орындарға көтеріліп, жанкүйерлерімізді қуанту. Ал менің міндетім - командаға көмектесу, қолымнан келгеннің бәрін жасау. Әрине, әр футболшының арманы – өз елінің ұлттық құрамасында өнер көрсету. Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алу үшін тынбай жұмыс істеп, тырысамын.
Біздің серіктес: FONBET