Негізі, ұлтық құрамаға бас бапкер тағайындаудың бірнеше жолы бар. Соның ең негізгі екеуі – ағылшындар сияқты шетелдік білікті бапкерге қызығу және Аргентина секілді әлем чемпионы болмай қалса да, басқа елдің бапкеріне сенім артуды ар санау.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы ресми ойындарын аяқтады. 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының електік додасы аясындағы биылғы соңғы ойынын Венада өткізіп, Австрия құрамасынан ойсырай ұтылды.
Спортта команда жеңілсе, бірінші кезекте бас бапкерді кінәлайтын әдет бар. Оны бапкерлердің өздері де айтады әрі мойынсынған. Дәл қазір бізде де бірінші кезекте бас бапкерді кінәлаушылар көп. Әрине, Мирослав Беранектің кінәсі жоқ емес. Командасы жеңілді ме, бас бапкер кінәлі...
Содан соң спортта, оның ішінде футболда, деңгей деген болады. Біреу тума талант, допты ұршықша үйіріп, жақсы ойнайды. Енді біреу, бәрін жаттап алатын жақсы оқушы сияқты, зеректілігі мен жанкештілігінің, еңбекқорлығы мен талпынысының арқасында көзге түсіп жүреді.
Бапкерлер де солай. Әрқайсысының көзге маздап көрінбейтін деңгейі бар. Біреу – ойын үстінде ұтымды шешім қабылдай алатын айлакер, енді біреу – қарсыласын зерттеп, осал тұсын дөп таба алатын сұңғыла, баз біреулер – аяқдоп тактикасының сүйек майын шаққан әккі... Солай-солай кете береді.
Осы орайда, Қазақстан ұлттық құрамасын бір жылдан артық жаттықтырған Мирослав Беранектің де деңгейінің шегі көріне бастағандай демекпіз. Ол біздің құрамамен Еуропаның азулы құрамаларын оңды-солды жеңіп кететін сиқыршы емес екен. Яғни деңгейі төмен Қазақстан футболшыларымен, өзі айтқандай, бесінші жылдамдықта зыр қағатын Еуропа алпауыттарын ұта алмай жүр.
Биыл мамыр айының басында Мирослав Беранек «Астана» клубына бас бапкер болып тағайындалғанда, «Беранектің нақты әлеуеті мен деңгейін енді байқайтын боламыз» дестік. Міне, «балапандарды санайтын» қоңыр күз де келді. Ел чемпионатының көмбесі көрініп, тамамдалуға айналды.
«Астана» футбол клубы содан бері біраз ойын өткізді. Бірақ қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, суырылып көш басына шыққан жоқ. Қазір алтыншы орында тұр. Сонда қалай, Беранектің деңгейі Виктор Кумыков, Владимир Муханов, Любо Петрович, Вячеслав Грозный және Талғат Байсуфинов сияқты бапкерлерден жоғары болмағаны ма?!
Жо-жоқ. Ел чемпионатының кестесі Мирослав Беранектің деңгейіне нақты өлшем бола алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Жоғарыдағы бапкерлердің көбі Қазақстан чемпионатында көптен бері жұмыс істеп келеді. Ал Беранек астаналықтардың тізгінін мамыр айында ғана қолына алды (биылғы чемпионаттың басынан да емес).
«Астана» сапында ұлттық құраманың ойыншылары көп болғандықтан, чех маманы алаңға шетелдік легионерлерді көп шығара алмайды. Тіпті Қазақстан құрамасының негізін қалайтын орталық қорғаушыларын алаңға жиі шығаруы керек. Ал Кумыков бұлай ұлттық құрама мүддесі үшін бас ауыртпайды. Қорғанысының орталық шебінде шетелдік екі алып қорғаушысы бар. Сол екеуінің арқасы шығар, «Шахтер» – Қазақстан чемпионатындағы өз қақпасына ең аз гол жіберген команда.
Содан соң жақында ғана ел чемпионатында шу шығып, төрешілердің ойын нәтижесіне ықпал ететіндігі әшкере болды. Ендеше, бапкерлердің деңгейіне Қазақстан чемпионатының кестесіне қарап баға беру мүлде дұрыс емес сияқты. Әрі ұлттық құрама мен клубтың жаттықтырушысы болу, екеуі – екі түрлі қызмет.
Онда Беранекті Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болған басқа бапкерлермен салыстырып көрсек ше? Бұл орайда, әрине, есімізге бірден Арно Пайперс пен Бернд Шторк түседі.
Бернд Шторк өңшең жастарды жинап алды да, «мен болашақта өрнекті ойын үлгісін көрсететін команда дайындап шығарамын» деп, тәжірибелі ойыншыларымыздың біразынан бас тартты. Ал біз «онда жастар құрамасы не үшін керек?» деп даурықтық. Бәрінен де Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев сынды қазақ жанкүйерлерінің көзайымына айналған футболшыларды ұлттық құрамаға маңайлатпауы жанымызға батып, жүрегімізді ауыртты. Әрі теория жүзінде білікті маман болса да, іс жүзінде көңілге қонымды нәтиже көрсете алмады.
Арно Пайперс жаман болған жоқ. Алматыда азуы алты қарыс Сербияны жығып беріп, бәрімізді сүйсіндірді. Бірақ қарамағындағы өзінің көзі үйреніп қалған футболшыларға ғана сенім артумен болды. Ел чемпионатында көзге түсіп жүрген футболшыларды шақырып, ұлттық құраманың «тамырына» қан жүгіртіп отырмады.
Сол жылдары құрама сапына жаңадан ешкім қосылмады десек те болады. Содан болар, кейіннен кейбір футболшылар «біз Пайперс үшін жанымызды салатынбыз» деп қалды. Негізі, футболшылар бас бапкер үшін емес, Отаны үшін, туған елі үшін шыбын жанын шүберекке түймеуші ме еді?!
Содан соң Арно Пайперстің менмендігі бар сияқты еді. Енді ше! Ол аяқдобы қарыштап дамыған Голландиядан, ал біз теңбіл допты жөндеп тебе алмайтын қазақтың сайын даласынанбыз...
Ал Мирослав Беранек ше? Ол ондай емес. Қарапайым. Содан соң ұлттық құрама сапына үнемі жаңадан ойыншылар қосып отырады. Ел чемпионатындағы футболшылардың арасынан талант іздеп, үнемі қадағалап отыратындай. Осылай құрама сапына Мұхтаров, Гридин, Тәжімбетов, Цирин, Логиновский, Исламхан, Дмитренко, Богданов, Жолшиев, Шабалин, Коробкин сынды футболшылар келді.
Әлқисса, Беранек футболшыларымызды жанкештілік танытып, аянбай ойнауға баулығанымен, олардың шеберліктері бірден артып кеткен жоқ, әрине. Рас, айып соққылары мен бұрыштама соққыларын кәдеге жаратуымыз жиіледі. Алайда ресми екі кездесуіміз бір-біріне іркес-тіркес өтетін болса, екіншісіне күш-жігеріміз жетпей қалады. Әлі де тактикалық тұрғыда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, қарсыластарымызға таңдай қаққызып, жанкүйерлерді тәнті қыла қойған жоқпыз. Десек те, Қазақстан – Әзірбайжан, Түркия – Қазақстан, Қазақстан – Ирландия матчтары алдағы күндерімізге үміттендіріп қойған.
Мұның бәрі Мирослав Беранек өз қызметіне адал, бірақ ол «сиқыршы» емес дегенді білдіреді. Жалпы, кінә бас бапкерде емес. Беранек шамасының жеткенінше еңбек етіп, тер төгіп жүр. Ал бар кінә мен кінараттың төркіні – тереңде...
Негізі, ұлтық құрамаға бас бапкер тағайындаудың бірнеше жолы бар. Соның ең негізгі екеуі – ағылшындар сияқты шетелдік білікті бапкерге қызығу және Аргентина секілді әлем чемпионы болмай қалса да, басқа елдің бапкеріне сенім артуды ар санау.
Өздеріңіз қараңыздаршы, Англияның клубтары қандай! Бірақ барлық үздік клубтарында – шетелдік бапкерлер. Әрі ұлттық құрамасына бас бапкер тағайындауда да тізгінді шетелдік мамандарға ұстата береді.
Ал Аргентина басына қандай күн туса да, көршілес Бразилиядан бас бапкер шақыртпайтын шығар. Талантты футболшылары көп-ақ, «әлем чемпионы болсақ» деген армандарына көптен бері қол жеткізе алмай жүр. Сонда да ұлттық құрамаларының тізгінін тек өз мамандарына береді.
Германия мен Испанияда өз мамандарына сенім артқанды хош көреді. Немістер үшін ұлттық құрама деген қасиетті ұғым сияқты. Ойыншыларының өздері ұлттық құрамаларының сапында өзгеше түлеп сала беретіндей. Францияда ұлттық құрамаларында алауыздық жүзеге асса да, өз мамандарымен шектеліп жүр.
Ал біз «ағылшындық» жолға түстік. Ресей де осы жолды таңдаған. Бірақ Англия да, Ресей де соңғы жылдары әлі әлем және Еуропа чемпиондары болған жоқ. Біз де әлем және Еуропа чемпионаттарының ақтық сынына шыққан жоқпыз...
Өздеріңіз қараңыздаршы, Түркия құрамасы Фатих Терим мен Шенол Гюнеш жаттықтырғанда қандай еді? Ал соңғы екі жылды Гус Хиддинк баптағанда қандай болды? Голланд маманы қанша білікті болса да (жетістіктері жағынан Фатих Терим мен Шенол Гюнештен едәуір асып түссе де), Түркия құрамасы адуынды мінезінен айырылып қалған жоқ па?
Қазір біз де солай сияқтымыз. Бас бапкеріміз жақсы. Тәп-тәуір білікті маман. Адамгершілігі мол, қарапайым, мәдениетті. Тіпті инабатты десек те жарасар. Бірақ біздің құрамада да мінез жоқ...
(Ертең команда капитанына тоқталамыз)
Нұрғазы Сасаев