«Тобыл» Чемпиондар лигасына қалай дайындалды?

«Тобыл» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі қарсаңында үш жаңа ойыншымен толықты, олар: Сербия құрамасының жартылай қорғаушысы, мәскеулік «Спартактың» экс-қақпашысы және Армения чемпионатының африкалық сұрмергені.

Қостанайлық «Тобыл» еурокубок қарсаңында құрамын қайта жасақтады. Милан Миланович Дмитрий Мирошниченко, Дмитро Непогодов және Руди Пожегті командасынан аластатты. Словениялық жартылай қорғаушы командада небәрі екі ай тұрақтап, отбасылық мәселелеріне байланысты кетіп қалды. Өз кезегінде қостанайлық клуб оларды сапалы легионерлермен алмастырды.

«Тобылдың» ең соңғы трансфері - 29 жастағы вингер Мильян Вукадинович. Қостанайлық команда ойыншымен бір жарым жылдық келісім-шартқа қол қойды.


Белград қаласының тумасы мансабын «Хайдукте» бастаған. Кейінірек, Мильян «Славия» мен «Млада Болеслав» клубтарында доп тебеді. 2020 жылдан бері «Войводина» ұжымының намысын қорғады.

Өткен маусымда, вингер 33 ойын өткізіп, 8 гол салған екен.

Бір қызығы, биыл көктемде «Войводина» ойыншысы сербиялық БАҚ өкілдеріне мансабын Қазақстанда жалғастырғысы келетінін айтқан еді.

– Мен отбасылы адаммын, әйелім, екі қызым бар, үлкені күзде бірінші сыныпқа барады. Нови Садтағы өміріміз ұнайды, сондықтан мен бұл жерден кетпеймін. «Войводинамен» бұл туралы әлі сөйлеспесем де, жаңа келісім-шартқа отырып, осында қалғым келеді. Ал егер шетелге кету керек болса, мен осы күнге дейін болмаған кейбір елдерді көргім келеді, мысалы, Қазақстан немесе Сауд Арабиясы.

Transfermarkt порталы 29 жастағы футболшыны 1 миллион еуроға бағалады. 2021 жылы Милян Сербия құрамасы үшін Доминикан Республикасы мен Панамамен өткен жолдастық кездесулерге қатысты.

«Тобылдың» тағы бір жаңа ойыншысы - 32-жастағы ивуарлық шабуылшы Серж Дебле. Келісім-шарт мерзімі 1 жылға есептелген.


Дебле өз мансабын отаны Кот-Д' Ивуарда бастаған. Серж - Англия, Қытай, Франция, Ресей, Армения чемпионаттарын көрген аяқдопшы. Жас ойыншының талантын байқаған англиялық «Чарльтон» Деблені өз қатарына қосып, франциялық «Анже» және «Нант» клубтарына жібереді.

Францияда жұлдызы жанбаған ивуарлық шабуылшы «Чарльтоннан» кетіп, Ресейге аттанады. Бір жылдай ФНЛ-дегі «Химки», «СКА-Энергия» клубтарының намысын қорғады. Одан кейін Серж армениялық «Ширак», даниялық «Виборг», қытайлық «Мэйчжоу Хакка» және еревандық «Арарат» командаларында доп тепті.

Шабуылшының соңғы клубы «Пюник» болды. Армениялық клубта маусым қорытындысы бойынша 21 гол салып, чемпионаттың үздік сұрмергені атанды.

Transfermarkt футболшыны 200 мың еуроға бағалап отыр.

41-жастағы Мокинге көмек болсын деп «Тобыл» ресейлік қақпашы Тимур Акмурзинмен бір жылдық келісім-шартқа отырады.


Тимур тепсе темір үзер жасында «Барселона» мектебінде тәлім алады. Одан кейін «Рубин» жастар командасының қақпасын қорғады.

Бастапқы командамен жаттыққан кезі де бар екен.

«Ол кезде жасым он төртте еді. Жігіттермен доп тебуге шыққанбыз. Бір қарасақ, бастапқы команда ойыншыларының жаттығуы басталып кетіпті. Ойыншылар сол кезде ұлттық құрамасына кетті ме, әйтеуір команданың екіге бөлініп футбол ойнауы үшін қақпашылары жетіспей тұр екен. Біздің доп теуіп жатқанымызды көрген бапкер топтан бөліп, мені шақырып алды. Қақпаға тұрасын деп ережелерді түсіндірді. «Абай бол, ешкімді жарақаттап алма», - деп ақыл-кеңесін айтты.

Ойын сәті, доп Рондонда. Жас қақпашының жазасын берейін деді ме, Соломон төрт мерт жерден аяғында тұрған допты бар күшімен тепті. Доп көкірегіме тиіп, кері серпілді. Тұрдым, барлығы дұрыс. Кейін өзіміздің базаға барғанда командаластарым «бастапқы құрам ойыншыларымен ойнаған қалай екен?» - деп сұрақ қойды. Оларға: «Рахат қой шіркін, табиғи алаң, ойыншылар жылдам, доптың өзі басқаша қимылдайды», - деп жауап бердім. Қызықтың көкесі жейдемді шешкенде болды. Рондонның соққысынан қалған доптың ізі тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Тіпті Adidas деген белгі де өз ізін салыпты», - деп еске алды Акмурзин басынан өткен қызықты.

Соңғы 3 жылда «Спартак» табалдырығын тоздырып жүрген Акумурзин Ресей Премьер-лигасында бірде-бір ойын өткізбеген. Тек жастар командасының намысын қорғады.

Transfermarkt қақпашыны 300 мың еуроға бағалады.