Жарнама
Жарнама

«Тобыл» мен «Ордабасы» озды

09.11.2011, 21:31
Жарнама
Жарнама

Кеше Қазақстан кубогын сарапқа салған төрт команда финалға шыққан қос мықтыны анықтады. Шымкентте «Ордабасы» Тараздан келген ұжымды қабылдаса, Қостанайда «Тобыл» Кереку өңірінің «Ертіс» командасымен шеберлік жарыстырды. Бағалы жүлде жолындағы тартыс өте шиеленісті өрбіді.  Алдымен Шымкенттегі ойынға тоқталсақ. «Ордабасы» мен «Тараздың» арасындағы бәсекенің қашан да қызықты өтетіні мәлім. Екі ұжымның жартылай финалдағы алғашқы кездесуінде төрт бірдей гол соғылған еді. Ол ойында алаң иелері «Тараз» футболшылары 3:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға біршама жақындай түскендей көрінгені рас. Бірақ «Ордабасының» әлеуетіне сенгендер ақтық сынға бәрібір де шымкенттіктердің шығатынына күмән келтірмеді. Расымен де оңтүстік өңірдің қос ұжымы арасындағы бәсекеде «Ордабасының» мерейі үстем болды. Алаң қожайындары кездесу басталғаннан-ақ өздерінің жеңіске деген ұмтылыстарын гол соғып, қуаттады. Ойынның 2-минутында Қайрат Әшірбеков қонақтар қақпасынан саңлау тауып есеп ашты. Үзілістен кейін тіркелген екі голды да алаң иелері енгізді. Алдымен кездесудің 70-минутында Дәуренбек Тәжімбетов есепті еселей түссе, арада тағы үш минуттай уақыт өткенде Бақдәулет Қожабаев «Ертіс» қақпашысын қапы қалдырып, матчтың нүктесін қойды. Қос кездесудің қорытындысы бойынша 4:3 есебімен алға шыққан шымкенттік футболшылар финалға жолдама алды. Қатар өткен ойында «Тобыл» керекулік «Ертістен» айла асырды. Бұл екі команданың алғашқы ойыны 1:1 есебімен тең аяқталғаны мәлім. Сырт алаңда соққан гол көп жағдайда қостанайлықтарға басымдық беретін еді. Осыны сезінгендіктен болар өз алаңдарында жинақы ойнаған қостанайлықтар да кездесу басталғанда-ақ тізгінді қолға алды. Олар 22-минутта Виталий Волковтың көмегімен есеп ашты. Көп ұзамай, 33-минутта Сергей Гридин жергілікті жанкүйерді нәтижелі соққысымен қуантты. Арада бір минут та өтпей жатып Самир Бекрич алаң иелерінің басымдығын ұлғайта түсті. Дегенмен екінші таймда қонақтар жолдаманы іліп кете жаздады. Олар ойынның екінші бөлігінде екі рет мергендік танытып, тартысты қыздыра түсті. Бірақ қостанайлықтар өздеріне тиімді нәтижені сақтап қала алды. Қазақстан кубогының ақтық бәсекесінде «Ордабасы» мен «Тобыл» бақ сынайтын болды.

Шалқар ЕСТЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Футбол соғысы