Жарнама
Жарнама

«Тобыл» топтан оза ма?

12.01.2011, 22:26
Жарнама
Жарнама
e893bc7329ddb1c0287ec7f2b405a63a «Ақтөбе» орындай алмаған миссияны «Тобыл» орындай ала ма? Қаңтардың 15-і мен 23-і аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Достастық кубогы» турнирі өтеді. Бұл додаға биыл тұңғыш рет Қостанайдың «Тобылы» да қатысады. «Ақтөбе», «Ертіс», «Қайрат» сынды клубтарымыз орындай алмаған миссияны Равиль Сабитов шәкірттері орындай ала ма, сол жағын саралап көрейік. «Достастық кубогы» өз маңыздылығын түбегейлі жоғалтып алды ма, жоқ әлде елі­мізде өтетін VII қысқы Азия ойын­да­рының көлеңкесінде қалып қойды ма, әйтеуір елімізде бұл турнирді асыға күтіп жүр­ген спортқауым мүлдем жоқтың қасы. Әйтпесе кезінде «Достастық кубогы» таяған сайын жанкүйерлердің дегбірі қашып, уа­қы­тын өткізе алмай қоймаушы ма еді. Ал, не­гізінде, бұл турнирдің футболшылар үшін келесі баспалдаққа көтерілудің төте жолы екенін ұмытпаған жөн. ТМД-ның ірі клубтарының бапкерлері «Достастық ку­богын» «футбол­шылар көрмесі» деп атап кеткені де бекер емес. Осы доданың ар­қа­сын­да көптеген түрік­мен, өзбек, грузин, әзір­байжан фут­болшылары бүгінде Ресей мен Украинаның ірі клубтарында өнер көр­сетіп жүр. Тіпті қазақ футболының мақ­та­нышы Самат Смақов та «Достастық ку­бо­гындағы» ойын­дарынан кейін Ресейдің «Ростельмашына» шақырылған болатын. Өкі­нішке қарай, бүгінде футболшыларымыз бұл мүмкіндікті пайдалана алар емес. Жалпы, ТМД-ның бұл турнирінде Қазақ­­стан клубтарының жолдары болып жүр дей алмаймыз. Тіпті 2001-2002 жыл­да­ры 16 ұжымның ішінде 15-орын алған кезі­міз де болыпты. Тек 2009 жылдан бас­тап қана көсе­геміз көгере бастады. Сол жылы «Ақ­төбе» финалға дейін жетіп, ақ­тық ойында Молдованың «Шерифінен» пенальтиден же­ңілді. Өткен жылы да «Ақ­тө­бе» финалға дейін қарсылас шақ кел­тірген жоқ. Тек финалда ғана қара басып, Ресей чемпионы «Рубиннің» жастар ко­мандасынан 2:5 есебімен оңбай жеңілді. Ендігі кезек – «Тобылда». Қостанайдың ко­ман­дасы ТМД кубогының жеңімпазы атана алар ма екен?! Жалпы, «Тобылдың» дайындығына ке­лер болсақ, нашар емес секілді. Команда Фар­хадбек Ырысметов, Ұлықбек Бакаев, Азат Нұрғалиев сынды саңлақтарынан айырылғанымен, олардың орнын Владе Лазаревски, Сергей Костюк, Тимур Дос­ма­ғам­бетов басты. Астананың «Локомотивіне» қоныс аударған Нұрбол Жұмасқалиевтың орнын Латвия құрамасының көш­бас­шы­ла­ры­ның бірі Юрис Лайзанс пен серб плеймейкері Ненад Сливич басатын болды. Әлбетте, Лайзанс Нұрболдай бола алмас, ал Сливич Жұмасқалиевтың орнын жоқ­тат­пайды деп отыр клуб басшылығы. Ендеше, «Достастық кубогында» Ненадтың ойын өрнегін жіті тамашалап көрейік. Қостанайлық команда Латвияның «Скон­тосымен», Арменияның «Мика­сы­мен» және Өзбекстанның «Бунедкорымен» «В» тобына түсті. Осылардың ішінде басты қарсыласымыз «Бунедкор» мен «Сконто» болатын тәрізді. Рас, «Бунедкордың» бұл додаға екінші құрамын алып келетінін жасырмаймыз. Өйткені футболшыларының көпшілігі бұл күндері ұлттық құрама сапында Азия чемпионатына қатысуда. Атап айтар болсақ, қақпашы –Игнатий Нес­теров, қорғаушылар – Ануар Гафуров, Хайрулла Каримов, Сахоб Жураев, жар­ты­лай қорғаушылар – Виктор Карпенко, Тимур Кападзе, Сервер Жепаров, Жасур Хасанов, шабуылшы – Ануар Солиев бү­гінде Катарда жүр. Сондай-ақ бас бапкері Мирджалол Қасымов та бір жағынан Өзбекстан құрамасын жаттық­ты­ра­тын­дық­тан, Санкт-Петербургке «Бунедкорды» аға бапкері алып баруы ғажап емес. Дегенмен Қазақстан клубтарына келгенде Өзбек­стан­­ның ешбір командасы аянып қалған емес. Демек, «Бунедкормен» ойнау «То­был­ға» оңай тимейді. Оның үстіне, «Бу­нед­кор» бұл турнирде жаңа ойын­шы­ларын да тексеретіні хақ. Ал олардың ара­сында өт­кен маусымда «Тобылда» ойнаған Вит Туртенвалд та бар екенін айтып өткеніміз жөн. «Сконтоның» да дайындығы өте кере­мет. Алғашқы оқу-жаттығу жиынын да өткі­зіп үлгерді. Балтия кубогына қатысып, оны да жеңіп алды. Ал бұл клубты өте білікті маман Александр Старков жаттық­ты­рады. Дегенмен «Тобылды» да қол қусырып жүр демес едік. Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Фран­ция­ның «ПСЖ» клубының жастар құрамасын жеңді. Германияның екінші дивизионының ко­мандасын 2:0 есебімен ұтты. Басқа да жеңістері аз емес. Ал Арменияның «Мика­сы­нан», шынымызды айтсақ, не күтерімізді де білмейміз. Команда бапкері Армен Шах­гельдян болса, баспасөз өкілдерінің біріне бұл турнирде жеңіске ұмтыл­май­тындарын айтқан екен. «Тобылдың» «Бунедкор» және «Ми­камен» болатын ойынын «Мир» теле­ар­на­сынан тікелей эфирден көре аласыздар. «Достастық кубогына» қатысатын «Тобылдың» құрамы: Қақпашылар: Александр Петухов, Ярослав Багинский. Қорғаушылар: Алексей Данаев, Ринат Хасенов, Олег Лотов, Анатолий Стукалов (Ресей), Владе Лазаревски (Македония), Евгений Овшинов. Жартылай қорғаушылар: Сергей Костюк, Анатолий Богданов, Тимур Дос­ма­ғам­бетов, Ермек Қуантаев, Алексей Малы­шев, Дәурен Жәтеков, Игорь Юрин, Ненад Сливич (Сербия), Юрис Лайзанс (Лат­вия). Шабуылшылар: Кристапс Гребис (Лат­вия), Мантас Савенас (Литва). • Клуб директоры Николай Паниннің ай­туынша, турнир кезінде футболшылар та­ғы да толығуы мүмкін.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ “Алаш айнасы”

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров