2007 жылы "World Soccer Magazine" журналында бұл футболшылар жер шарындағы талантты футболшылардың тізіміне енген. Бүгін олардың арасында жұлдызға айналғандары да, темір торға тоғытылғаны да, футболдағы мансабын аяқтағандары да бар. Сонымен зер залыңыздар:
10 - орын. Херардо Бруно (Аргентина/Испания)
Мадридтік "Реал" академиясының түлегі, испандық және аргентиналық футболдың үкілеген үміті 2007 жылы үлкен футболдағы алғашқы қадамын "Ливерпуль" командасынан бастады. Мерсисайдтықтар сапында бірде-бір ойынға қатыса алмаған Бруно, 2011 жылы "Блэкпул" командасына ауысып, 2 рет жасыл алаңға шыққан. Бүгінде бұл футболшы испанияның үшінші дивизионында өнер көрсететін - "Уэска" клубында ойнайды.
9 - орын. Брено (Бразилия)
Футбол мамандары болашағынан зор үміт күткен Брено бүгінде жасыл алаңнан көрінбей кетті. 2007 жылы "Бавария" командасына ауысқан футболшы қатты күйзеліске түсіп, мансабын аяқтауды ойлады. Клуб басшылығы оны емдеуді ойластырған. 2011 жылы қыркүйек айында Брено өз үйін өртеді деген күдікпен тұтқындалды. Шығын көлемі 1,5 миллион евроны құрады. 2012 жылдың шілде айында бразилиялық ойыншыны 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бавария басшылығы Бреноға қол ұшын беріп, ол 2013 жылы тамыз айында мерзімінен ерте босатылды. Бүгінгі таңда Брено мюнхендік клуб қатарында жас жеткіншектердің бапкері ретінде еңбек етуде.
8 - орын. Боян Кркич (Испания/Сербия)
"Барселона" академиясының түлегі өзіне артылған сеніміді ақтамады. Дегенмен "Барселона", "Рома", Милан", "Аякс" клубтарында ойнап үлгерді. Бірақ, сол командалардың басты сенім артар ойыншысы бола алмады. Боян Кркичтің жасы бар болғаны 23- те. Жұлдызды шағы енді басталып кетуі де ғажап емес. Мүмкін...
7 - орын. Серхио (Кун) Агуэро (Аргентина)
Міне, нағыз сенім артқан ойыншы! Ол бүгінде ағылшындық "Манчестер Сити" командасының ғана емес, ағылшын Премьер Лигасының да жұлдызына айналып үлгерді. Агуэро Аргентина ұлттық құрамасының негізгі футболшысы. Бүкіл әлем оның әр ойынына қызығушылықпен таңырқай қарайды. Марадонаның күйеу баласына қайын атасының жолын берсін деп тілейміз.
6 - орын. Гарет Бэйл (Уэльс)
"World Soccer Magazine" журналының жеңімпазы десек те болатын шығар. Мадридтік "Реалға" ауысқан Бэйл әлемдегі ең қымбат футболшы атанды. Уэльс ұлттық құрамасының футболшысы 94 миллион евроға бағаланған болатын. Жаңа командасымен жаңа белестерді бағындырмақ болған Бэйл үшін керемет мүмкіндік туып тұр.
5 - орын. Джованни Дос Сантос (Мексика)
Ол "Барселонада" Рональдиньоның жолын жалғастырушылардың бірі есебінде күтілген. 18 жасында каталондық команда сапында жасыл алаңға шыққан Дос Сантос кіл мықтылармен таласуға дайын емес болып шықты. Төзім мен шыдам жетіспеді (Александр Глебті еске түсіреді). Англияны бағындырам деп талпынған жас футболшы үшін "Тоттенхэм" аса сәтті қадам болды деп айта алмайсың. Қайтадан Испанияға табан тіреген Дос Сантос "Вильярреал" командасын таңдады. 19 ойында 8 гол салып, 7 нәтижелі пас шығарған мексикалық жас пері нағыз бабына енді.
4 - орын. Андерсон (Бразилия)
Еуропа алаңында ойнайтын тағы бір бразилиялық футболшының ойыны сүреңсіз деуге келмес. Бірақ, ол бұдан да жоғары ойнай алатын ойыншы. АПЛ - да "Манчестер Юнайтед" командасының сапында 104 ойын өткізген. Ойынына сөз жоқ. Ал голы... 8 голдың авторы атанған Андерсонның соңғы кездері "Олд Траффорд" алаңына шығуы арманға айналып кетті. Ақыр соңы итальяндық "Фиорентинаға" жалға берілді. Ол Италия жерінде өзін басқаша қырынана көрсеткісі келді ме, өзгеруге бел буды. 8 - ші нөмірін 88 - ге алмастырып, жейдесіндегі "Anderson" деген жазуды "Andow" қылып өзгертті. Жаңа имидж қалыптастырды.
3 - орын. Алешандро Пато (Бразилия)
Пато екінші Пеле болуы керек еді. Уақыт өте келе футболшының деңгейі "екінші Рональдиньоға" дейін төмендеді. "Миланда" өткізген 5 маусымда Италияның А сериясын, Италия Суперкубогын ұтқанымен, басшылық артқан сенімді ақтай алмады. 2013-ші жылдың қаңтар айында Пато өз Отанына оралды. Бразилиялық "Коринтианс" командасымен 4 жылдық келісім-шарт жасасты. "Сантостан" (1:5) есебімен оңбай ұтылған "Коринтианс" командасы жанкүйерлерінің алдында масқара болды. Команда шабуылшысы Пато жанкүйерлерінен сөгіс алып, ақыры "Сан-Паулу" командасына ауыспақшы көрінеді.
2 - орын. Исмаэль Айссати (Голландия/Марокко)
"World Soccer Magazine" журналының 2007 жылы шығарған шешімі бойынша екінші орынды "ПСВ" академиясының түлегі Исмаэл Айссати алған болатын. Марокко ұлттық құрамасында 1 ойын өткізген футболшы қазіргі кезде грозныйлық "Терек" командасының ойыншысы. Голландиялық "ПСВ", "Аякс", "Твенте", "Витесс" және түркиялық "Антальяспор" командаларында өнер көрсеткен.
1 - орын. Садик Адамс (Гана)
2007 жылы Гана жастар құрамасының Әлем чемпионатында 4 орын алуына 17 жасар Адамс көп көмектесті. Қола жүлде үшін болған кездесуде оның құрамасы Германия жастарынан жеңіліп қалған болатын. Бразилия жастарын ұтқан Гана жастар құрамасы үшін жеңіспен пара-пар болды. Әлем чемпионатынан кейін мадридтік "Атлетиконың" басты назарына іліккен, алайда, ФИФА басшылығы 18 жасқа толмаған футболшыға испандық командаға ауысуға рұқсат бермеді. Араб Әмірлігі, Тунис және Гана чемпионатында доп тепкен. Бүгінде 24-жасар Адамс Сауд Арабиялық "Аль-Над" командасының футболшысы.
Абылайхан ЖҰМАШ