Төрешілер... Футбол асабалары... Кейде командалардың тағдырын шешеді. Кейде жанкүйерлердің шашын жұлғызады. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады. Ешқашан футбол жанкүйерлеріне жақпайды. Футболдың өгей баласы құдды. Зерттеушілер әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың біріне төрешілікті де жатқызыпты. Бірақ төрешілік мамандық па, жоқ па ол жағы талас туғызатын мәселе. Талас туғызатын себебі сол, төрешілердің қазылықтан бөлек айналысатын кәсіптері бар болып шықты. Мінекей әлемдегі танымал төрешілердің бірқатары және олардың кәсіптері.
Аяқдоп төрешілерінің төл кәсіптері таңқалмасыңа қоймайды. ФИФА-ның белді қазыларының арасында адвокат, дәрігер, электрик, ұстаз, сәулетші, инженер, банкир, тіптен желілік дүкен иесі де бар болып шықты.
2012 жылғы Еуропа чемпинатының финал матчтарына төрелік еткен венгр қазы Виктор Кашшаидың негізгі ісі баспагерлік. Голландиялық футбол асабасы Бьорн Кёйперс төрешіліктен ауысқан уақыттарында өзі басшылық ететін желілік дүкенінің шаруасын шаруалайды. Француз Стефан Ланнуа болса аяқдоп ойынынан бөлек компьютер ойындарының дистрибъюторы болып жұмыс жасайды. Словакиялық төреші Дамир Скомина тіптен үш кеменің басын ұстайды, төрешілік, қозғалмайтын мүлік бизнесінен бөлек туризм агенттігінің қожайыны.
2005 жылдан бері ФИФА-ның тізіміндегі төрешілердің бірі ағылшын Говард Уэбб комиссардың жәрдемшісі. Португалдық Педру Проэнса төрешіліктен бос қалған уақыттары қаржы кеңесшісі болып қызмет етеді. Алманиялық Вольфганг Штарк та қаржыгер. Италиялық Никола Риццоли сәулетші, испан ұлтының өкілі Карлос Веласко Карбальо мен чех Павел Краловец инженер, шотланд Крейг Томсон және Феликс Брих болса адвокат.
Норвегиялық Том Харальд Хаген, сальвадорлық Хоэль Агилар және шотланд Вильям Коллум ұстаз. Бельгиялық төреші Франк Де Бле́кере пиар менеджері, румын Овидиу Алин Хэцеган матчтан қолы қалт еткенде адам емдейді. Австриялық Томас Айнваллер мен француз Фреди Фотрель ойын жоқ кезде банкада цифрларға көміледі. Бір кездері Венгр командасы Ференцвароштың форварды болған Иштван Вод атасы секілді төрешілікті серік етіпті. Қарындасы да төреші Иштван Водтың тағам өндіретін зауыттың да қожайыны. Исландиялық Кристинн Якобссонның да дәл осындай кәсібі бар.
Лондон Олимпиадасында матчқа төрелік еткен қазылардың бірі Марк Кла́ттенбург негізі білікті электрик. Канадалық нәзік жынысты төреші Ченар Кароль шынтуайтына келгенде микробиолог. Африка Халықтарының чемпионатына қазылық еткен котдивуарлық Нумандез Ду болса дәріханашы.
Пианино мұғалімі, тіл маманы...
Төрешілікпен қош айтысқандардың бірі австриялық Ко́нрад Пла́уц футболдан бөлек теарт әртісі және әуесқой театр труппасының жетекшісі. Грек Кирос Вассарас өз заманының ең бесаспап төрешілерінің бірі деуге болады. Селаниктегі бір туризм агенттігінің басшылығынан бөлек ол полиглот әрі тіл маманы. Грек тілінен бөлек неміс, ағылшын және испан тілдерін жетік біледі.
Италиялық Робе́рто Розе́тти физиотерапевт. Голланд Питер Винк те Говард Уэбб секілді полицей. Бірақ Винк төрешілікке ден қою үшін полицейліктен бас тартқан.
Төрешілер арасында шығармашылық адамдары жетерлік. Бір музыка мектебінің директоры неміс Хе́рберт Фа́ндель басшылықтан бөлек шәкірттеріне пианино үйретеді. Норвегиялық Том Хеннинг Эвребё психолог болса, швейцарлық Массимо Бузакка-кәсіпкер.
Шетелдік баспасөз беттерінен терген Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ