Сөйле, сурет! «Ливерпульде» жүргенде араларыңда қыл өтпес дос едіңдер, енді сендерге не болған?! Бұрын қуанышты сәттерде бір-біріңді қапсыра құшақтаушы едіңдер, енді неге қол алысудан ары бара алмай тұрсыңдар? Тіпті, бір-бірлеріңнің көздеріңе тік қарауға да өркөкіректеніп тұрсыңдар ғой... Өйткені, киген жейделеріңнің түстері екі бөлек, бәлкім содан шығар?!
Бұл қысқы базардың соңғы минуттарында «Ливерпульді» тастап «Челсиге» команда ауыстырған Фернандо Торрестің ақсүйектердің сапында алғашқы ойынын «Ливерпульге» қарсы өткізгендегі сәті. Бұл суретке «коллаждың» да, «фотошоптың» да мүлдем қатысы жоқ. Боямасыз көрініс. Талайлар бұл суретті көрген болуы да керек. Бірақ, бұл жігіттердің осы сәттегі үнсіз ұғынысу тілін түсінген жан бар ма?
Фернандо ТОРРЕС:
– Джеррард, өзің білесің, «Ливерпульмен» жеңіске жету үшін барымды салдым. Бірақ, барлығы жақсарудың орнына, команда құлдырап бара жатыр. Бірақ, бұл «Челсимен» барлығына қол жеткізем деген сөз емес. Алайда, үміттің бар екендігін де жоққа шығармаймын.
Стивен ДЖЕРРАРД:
– Мен сені түсінем. Бірақ, соңғы шешіміңді ешкімге айтпа й кеткеніңе әлі реніш білдіремін. Тек мен ғана емес, бүкіл команда бұл шешіміңді түсінбестен қала берді. Тіпті, жанкүйерлер де сен үшін не нәрсеге дайын тұратынын білесің ғой. Бірақ, кім не істесе де, өз еркі.
Фернандо ТОРРЕС:
– «Ливерпульді» сенсіз елестету мүмкін емес. Шындығын айтсам, маған «Ливерпульден» емес, «Атлетикодан» кету қиынға соқты. Бірақ, «Ливерпуль» менің мәңгі жүрегімде қалады. Оған сенімім мол. Уақыт өте келе жанкүйерлер де мені түсінеді деп ойлаймын.
Стивен ДЖЕРРАРД:
– Уақыт бәріне төреші. Ливерпуль секілді тарихи клубтың маңдайына әлі сен сияқты талай жұлдыздар келеді. Бірақ, сенің орның бөлек қашан да.
Фернандо ТОРРЕС:
– Ілтипатыңа рахмет, Стиви! Сен нағыз жігітсің! Сен Ливерпульмен талай асуды бағындырған адамсың. Бірақ, бұл биікке мен шыға алмай кеттім. Қуатымның барында басқа команданы да сүйреп көрейін. Іске сәт!
P.S. Егер олар ұзағырақ тұрғанда, диалог та бірнеше бет болар еді. Әркім өзінше түсінеді. Бірақ, мен бұл үнсіз ұғынысуды парасатты жолмен жеткіздім деп ойлаймын. Ал, сіз қалай ұғындыңыз?!
Автор ғой...