Виктор Мудрак "Ордабасыдан" кеткені туралы қауесетке нүкте қойды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Шымкенттік "Ордабасының” Молдовалық қорғаушысы Виктор Мудрак Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында клубпен келісімшартының әлі де күшінде екенін мәлімдеді. Соңғы кездері БАҚ беттерінде футболшының командадан кеткені туралы ақпарат жиі айтыла бастаған болатын.
Transfermarkt порталында Мудрақтың 1 қаңтардан бастап клубсыз қалғаны туралы ақпарат шыққан еді. Алайда футболшы бұл мәліметті жоққа шығарды:
"Менің "Ордабасымен” қолданыстағы келісімшартым бар. Иә, Transfermarkt-та еркін агент ретінде көрсетілгенімді көрдім, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда мен командамен бірге емеспін, өйткені жарақатыма байланысты ем қабылдап жатырмын.” — деді қорғаушы.
Виктор қазіргі уақытта Сербияда емделу үстінде. Ол тізе жарақатының асқынып кеткенін және оңалту процесінің ұзаққа созылып жатқанын жасырмады.
Футболшы Сербияда төрт айдан бері жүр және наурыз айының соңына дейін сонда болады.
Ең қызығы, шетелдегі емделу шығындарын клуб өтемейді. Мудрак барлық шығынды өз қалтасынан төлеп жатыр.
Ойыншы алғашқы төрт жарым айды тиімсіз өткізіп алғандықтан, тізесінің жағдайы нашарлап кеткенін айтты.
Біздің серіктес: FONBET