Жарнама
Жарнама

Төрт үздік төрге озды

08.04.2012, 05:25
Жарнама
Жарнама
06 Сәуiр 2012, 09:46 Төрт үздік төрге озды | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал 1080 Испания футболының қос бірдей мықтысы - «Барселона» мен «Реал» және немістің бетке- ұстары - «Бавария мен ағылшынның атақты ұжымы - «Челси» УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды. «Реал» осы мәртебелі жарысты ең көп - 9 рет ұтқан команда саналса, дарынды ойыншы Лионель Месси бастаған «Барселона» - бүгінгі таңдағы ең үздік клуб.
 Германияның абыройын асырып жүрген «Бавария» да Чемпиондар лигасында қалай өнер көрсету керектігін өзгелерден жақсы біледі. Өйткені бұл ұжым бағалы кубокқа төрт рет қол жеткізген еді. Оның үстіне Германия футболының ең таңдаулы ойыншыларымен қатар Арьен Роббен, Франк Рибери сынды саңлақ легионерлермен жасақталған «Бавария» кез келген қарсыласқа лайықты соққы беруге әзір. Ал Англияның «ақсүйек» клубы - «Челси» ше? Иә, бұл команданың ішкі біріншіліктегі жағдайы бұрнағы жылдармен салыстырғанда мәз емес. Ең қиын шақта команданың бас бапкері Андре Виллаш-Боаш қызметтен қуылды. Өліара кезеңде команда тізгінін қожайын, ұлты жебірей ресейлік миллиардер Роман Абрамович бас бапкердің көмекшісі Роберто Ди Маттеоға ұстатуға мәжбүр болды. Бірақ көпшілік мамандардың сыни пікірлеріне қарамастан, «Челси» Еуропаның ең мықты ұжымдары бас қосатын жарыстың жартылай финалына аман жетті. Осының өзі-ақ керек кезінде «ақсүйектердің» тау қопара алатындығын аңғартады. Ішкі жарыста биыл ауыз толтырарлықтай табысқа қол жеткізбестерін жақсы түсінетін «Челси» жігіттері ендігі бар күшті еуропалық чемпиондардың бәсекесіне аударатындары мәлім. Сондықтан жартылай финалға жолдама алған төрт команда да бір-бірлеріне лайық қарсыластар. Әрине, бұл саптан УЕФА Чемпиондар лигасын 7 рет жеңіп алған Италияның «Миланы» түсіп қалғаны өкінішті. Бірақ италиялықтардың ширек финалда анау-мынау емес, азуы алты қарыс «Барселонаға» жол бергенін ескерейік. Биыл 57-рет ұйымдастырылып отырған, жиырма жылдан бері Чемпиондар лигасы деген атауды иеленіп келе жатқан жарыстың жартылай финалында» Барселона» мен «Челси», «Реал» мен «Бавария» өзара кездеседі. Мамандар мен футбол жанкүйерлерінің басым көпшілігі осы бастан-ақ алғашқы жұпта каталондықтарды фаворит деп тануда. Расымен, оған дау айту қиын. Месси, Хави, Иньеста, Пуйоль, Вилья, Алвес, Фабрегас, т.б сынды сайыпқырандар тоқайласқан команда соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарсылас шыдатпай жүр. Жас та болса білікті маман Пеп Гвардиола «Барселонаның» жаңа бет бейнесін қалыптастырып, даңқты клубтың қайта түрленуіне өз үлесін қосқаны анық. Каталондықтардың өткен маусымда Чемпиондар лигасын қалай ұтып алғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Англияның төрінде өткен финалда Гвардиола шәкірттері жергілікті «Манчестер Юнайтедтен» шеберлік асырып кеткен еді. «Барселона» биыл да сол биіктен көрінуге кетәрі емес. Дегенмен шешуші кездесудің алдында «Челси» бөгетін бұзып өту қажет. Ал ағылшындық ұжымда ұшқыр ойлы, жылдам аяқ Мессилерді тұсап ұстауға қауқарлы жігіттер жеткілікті. Ди Маттеоның нағыз сыналар тұсы осы жартылай финалдық қос кездесу болмақ. Әліптің артын бағып отырған Роман Абрамовичтің де италиялық маманның шын әлеуетін осы ойындар барысында танитыны анық. Ендеше, 18 сәуірде Лондонда, 25 сәуірде Барселонада өтетін қос команданың теке тіресін біз де ағылшындық және испандық жанкүйерлермен бірге асыға күтетін боламыз. Биылғы жарыс барысында салыстырмалы түрде айтқанда, бірде-бір күшті қарсыласпен бетпе-бет шықпаған «Реалдың» жағдайы қалай болады екен? Криштиану Роналду, Кака, Марсело бастаған жігіттер әсіре қарқын алып тұрған «Бавариямен» бәсекеде қандай күйге түседі? Бұл сұрақтардың да ала доппен бірге алөкпе болатын жанкүйерлер көкейінде тұрғандары анық. Аталған екі ұжым арасындағы алғашқы кездесу 17 сәуірде Германия жерінде өтеді. Сондықтан жауап ойынды қабылдайтын «Реал» үшін осының өзі аздап болса да басымдық беріп тұр. Гол соққыш мергендердің бәсекесіне назар аударатын жанкүйерлер де биылғы жарыстан көп ләззат алмақ. Ең көп гол енгізгендер тізімінің алғашқы төрт сатысында Лионель Месси, Марио Гомес, Криштиану Роналду және Кәрім Бенземелардың тұруы отқа май құя түсуде. Аргентиналық биылғы Чемпиондар лигасының 9 кездесуінде 14 гол соғып, өзгелерден озық тұр. Одан кейінгі орында 8-ойында 11 нәтижелі соққы жасаған «Баварияның» өкілі Марио Гомес келеді. Португалиялық мерген Криштиану Роналду 8 кездесуде 8 гол соғып, үздік үштікті түйіндеп тұр. Оның командалас досы Кәрім Бензема болса 9 ойында 7 гол енгізіп, төртінші сатыға жайғасты. Осы төрт футболшының да өз көрсеткіштерін жақсарта түсулеріне мүмкіндіктері бар. Десек те, олар үшін бірінші кезекте команданың табысы маңыздырақ екені анық. УЕФА Чемпиондар лигасының шешуші ойыны 19-мамырда Германияның Мюнхен қаласындағы «Альянц-Аренада» өтеді. Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров