Түркістандық «Тұран» футбол клубының директоры Айбек Тілеужан Prosports.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, клубтағы жағдай мен өзгерістер жайлы, сәтсіздіктер туралы айтып берді.
- «Тұранға» келгелі бері істеген жұмысыңызға қандай баға бересіз?
- Шыны керек, өзіме баға беруге үйренбегенмін... Қандай да бір мақсат болса - сол бағытта жұмыс істейміз, ал тапсырмалар болса - оларды орындау керек. Мен әрқашан жұмысымды жақсы істеуге тырысамын. Директор қызметіне келгелі жеткен ең маңызды жетістігіміз - басты мақсатымызды орындадық: команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Құрылымдық өзгеріс жасап, клубтың жұмысы өзгерді. Бүгінде команда сәл өзгеше жұмыс істейді.
Команданың 700 миллион теңге көлемінде қарызы болған, біз жыл соңына дейін 104 миллион теңгені оңтайландырдық. Соңынан футболшылар алдындағы барлық қарызды жаптық.
Жаңа маусымда команда құрамы 90% өзгерді. Қазақстандық деңгейде командамыз жақсы жасақталды. Бірақ алғашқы турларда ойыншылар бір-біріне үйренісе алмай, жеңілістерке ұшырадық. Дегенмен қатты уайымдамаймыз, командаға сенеміз. Әркез клубтың барлық бөлімінде тәртіп болуын талап етемін. Әр футболшы өз міндетін түсініп, жұмыс істейді. Бұдан бөлек ойыншылардың артық уайымы болмауын қадағалаймыз. Олар жаттығып, жақсы ойнау қажет. Ал қалғаны - қызметкерлердің міндеті. Әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Өйткені футболда жұмыстың үлкен-кішісі жоқ.
Аз уақыт ішінде біз бірнеше идеяны іске асырдық: жанкүйерлерге арналған фан-шопты аштық, стадионда фудкорд қызметін бастады. Жанкүйерлер ойынды жайлы көруі үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Осы ретте, Еуропа футболын үлгі етіп аламыз. Адамдарға футбол мерекесін сыйлағымыз келеді. Жанкүйерлер стадионға отбасымен келіп, ойыннан барынша ләззат алса дейміз.
Тағы айта кетерлігі, біз ірі әуе компаниясымен серіктестік орнатқан жалғыз қазақстандық командамыз. Клубтың титулдық демеушісі - еліміздегі ірі әуе компанияның бірі FlyArystan. Бұған қоса, командаға тағы да демеуші тарту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз.
- Неге бас бапкер қызметіне Владимир Газзаевты таңдадыңыздар?
- Владимир Газзаев «Ақтөбе» мен «Тобылда» жақсы нәтиже көрсеткен. Осыған байланысты оның кандидатурасын қарастырдық. Бұған қоса, ол чемпионаттың деңгейін, Қазақстан футболын жақсы білетін. Сондықтан Владимир Газзаевпен келісім-шартқа отырдық.
- Бірақ «Ақтөбеде» де, «Тобылда» да толық жұмыс істемеді. Бұл жолы Владимир Газзаев үш матчтан соң қызметінен кетті. Оның себебі неде?
- Командадан кетуіне отбасылық жағдай әсер етті. Бәрі Ресейдегі қазіргі ахуалды жақсы біледі. Сондықтан ол осындай қиын уақытта отбасымен бірге болуды шешті.
- Қазір команда бас бапкерсіз жүр. БАҚ беттерінде Талғат Байсуфинов және Вахид Масудовпен келіссөз жүріп жатқаны туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?
- Өз басым екеуімен де байланысқа шықпадым. Байсуфиновпен де, Масудовпен де сөйлеспедім. Олардың кандидатурасын қарастырған жоқпыз.
- Қазір командада Ғафуржан Сүйімбаев, Еркебұлан Тұңғышбаев және Седрик Гогуаның неге жоқ екенін айта аласыз ба?
- Сүйімбаев және Тұңғышбаевпен келісім-шарт бойынша мәмілеге келе алмадық. Сондықтан олар жиында командадан кетті. Ал Седрик Гогуамен келісім-шартқа отырған едік, алайда көші-қон қызметі оған Қазақстан аумағына кіруге тыйым салған екен. Бір қызығы, бұл жайлы оның агенті білген екен. Бірақ сонда да келісім-шартқа отырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды.
- Клубтың биылғы бюджеті қандай?
- Бюджетіміз көп командалармен бірдей-ақ. Президенттің жолдауында кәсіпқой футбол клубтары бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңгеден артық қаражат алмауы керегі және футболшылардың айлық жалақысы 2 миллион теңгеден аспауы керегі жайлы айтылды. Сол себепті осы талапты орындаймыз.
- Клубтың қаржылық жағдайына қарасты байланысты қандай мақсат қойылды? «Тұранның» бастапқы мақсаты маусымды сәтсіз бастаған соң өзгермеді ме?
- Команда былтыр Премьер-лигадағы дебютін өткізді. Бірақ бұған қарамастан, басшы ретінде менің алдыма, жаттықтырушылар мен футболшылардың алдында әр матчта тек жеңіске жету деген мақсат қойылды. Біздің жеңістен басқа мақсатымыз жоқ.
Біздің серіктес: FONBET