Жарнама
Жарнама

Түрік футболындағы тазарту

04.09.2011, 06:05
Жарнама
Жарнама
Түрік командасының дәл қазір сапында сүттей ұйыған береке болмай тұр. Өйткені, бірнеше айдан бері мұнда жанжал өріп тұр. Түркия үкіметі ел футболында «нәтижесі алдын ала астыртын келісілген ойындар» мәселесі туындағанына дабыл қағып, көмекке заң-құқық орындарын шақырды. Полиция назарын кейбір матч нәтижелеріне болжап жасап, бәс тіккендердің қырғын табысқа кенеле кеткені күдік тудырыпты. Тексерушілер «ұлттық біріншіліктегі кемінде 19 ойынның нәтижесі әу баста келісілген» (біразы - пара ұсыну арқылы, біразы - қорқыту-үркіту жолымен) деп отыр. «Тазарту» операциясы салдарынан Түркия футбол федерациясы ел чемпионатының басталуын 5 тамыздан 9 қыркүйекке шегерді. Ел ішін кәдуілгідей дүрліктірген оқыс оқиғалардан соң Суперкубок та ойналған жоқ. Полиция ұзын саны 31 адамды жауапқа тартуда, оның ішінде биылғы ұлттық біріншілік жеңімпазы - «Фенербахченің» төрағасы Әзиз Йылдырым да бар. Бұған қоса «Фенербахче» УЕФА Чемпиондар лигасына қатысу құқынан айрылды (оның орнын күміс жүлдегер «Трабзонспор» басты). Рас, чемпион-клуб Лозаннадағы Жоғары спорт сотына шағым түсіріп жатыр, бірақ одан ештеңе өнбейтін түрі бар. Түрік футболындағы жанжал ұлттық кубоктың иегері «Бешікташты» да айналып өтпеді. Кубок финалындағы матчтың шикі тұстары бар деп табылып, команда бапкері Тайфур Хавутчы қамауға алынды. Мұнан соң клуб басшылығы бапкер ақталғанға дейін кубокты федерацияға қайтаруды ұйғарды. «Тазарту» операциясының жалыны басқа клубтарды да шарпып өтті. Алайда әзірге қанаты қатты күйгендер - «шымшықтар» («Фенербахчені» түріктер осылай да атайды) мен «қырандар» («Бешікташ») ғана. Тіпті «Бешікташтың» басына әлі де қауіп төніп тұр. Еуропа лигасының жеребесі тартылып қойғанымен, атқамінерлер оны түбінде басқа клубпен алмастырып тынуы да ықтимал. Өткен футбол маусымын өзі үшін өте төмен көрсеткіш - 8-орында тәмамдаған «Галатасарай» ғана дау-дамайдан дін аман. Маусым басында Франк Райкаард, онан соң Георге Хаджи, кейін Бүлет Үндерге тиген бас бапкер эстафетасы клубқа мұнан бұрын да талай қаны мен тері сіңген түрік футболының қадірлі ақсақалы Фатих Териммен тәмамдалды. Клуб президенттігіне сайлауда басқа үміткерлерден басым дауыспен жеңіп шыққан Үнал Айсал соңғы екі жылда маман құтаймай, қожырап кеткен жаттықтырушы мәселесіне осылай нүкте қойды. «Император» әуелі айналасына 2000 жылдардағы команданың аңыз құрамының мүшелерін қызметке шақырды. Соның бірі Хасан Шаш - қазір Ф.Теримнің көмекшісі. Ұжымдағы ұн мен кебекті елеуге бірден бел шешіп кіріскен тәжірибелі бапкер Мехмет Батдал, Барыш Өзбек, Джем Сұлтан, албаниялық аяқдопшы Лорик Кана, австралиялықтар Хэрри Кьюэл, Лукас Нейл, колумбиялық қақпашы Робинсон Сапата секілді ойыншылармен қош айтысты. Ал өткен жылдан бері футболдан бөлек жеке өміріндегі жаңалықтарымен баспасөз бетін бермеген капитан Арда Тұранды мадридтік «Атлетико» аттай қалып, сатып алды. Оның трансфері клуб қазынасына 12 млн. еуро табыс әкелді. Сол ақшаның және басқа да қаржылай мүмкіндіктердің көмегімен «Атлетикодан» чех Томаш Уйфалушиді, «Лациодан» уругвайлық қақпашы Фернандо Муслераны, «Болтоннан» швед шабуылшысы Йохан Эльмандерді, «Ювентустан» бразилиялық Фелипе Мелоны, «Арсеналдан» Кот-дИвуар құрамасының ойыншысы Эммануэль Эбуэні, «Трабзонспордан» Селчук Инанды құрамына қосқан «Галатасарай» енді еңсесін қайта тіктемек. Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ http://jaqsy.kz
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров