Түркия Супер Лигасындағы 28-апта ойындары мейлінше қызықты өтті. Лидер Галатарасайды өкшелеп келе жатқан Фенербахчені Ескішехірспор сүріндірсе, Трабзонспор Мерсин Идманюрдына тісін батыра алмады. Аптаның шымылдығы Галатасарай-Бешікташ матчымен жабылды. Футболсүйер қауым тағатсыз күткен екінші дербиде Галатасарай қонақжайлық таныта қойған жоқ. Фенербахчемен ойнаған матчта ұпай олжалай алмаған Бешікташ Галатасарай алаңынан да құр қол қайтты.
Дербидегі ең алғашқы голдың авторы Эльмандер атанды. 15 минутта қарсылас қақпасынан саңылау таба алған Эльмандер аталмыш матчтың жұлдызы еді десек артық айтқандық емес. Команданың үш ұпайындағы Эльмандердің үлесі барлығынан басым екендігі дау тудырмайды. Өйткені 90+1дегі командаға жеңіс сыйлаған голдың авторы да осы Эльмандер болатын. Түркия Футбол Федерациясының шешімімен дербиге қонақ команданың жанкүйері кіре алмайтын-ды. Сондықтан Галатасарай жанкүйерінің қолдауын барынша сезіне алғандықтан матч бойынша жанды, еті тірі ойнауы да заңдылық еді. Жасыратын несі бар, Бешікташтың кей кездері сылбыр тартып қалғаны байқалды. Алғашқы жарты 1-0 нәтижесімен бітті. Екінші жарты бастала салысымен Ибрахим Тораман Куарежманың көмегімен есепті теңестірді. 52-минутта Сельчук Инанның пасын Фелипе Мело голға айналдырып, алаң иелерінің есебін еселеді: 2-1.
73 минутта Куарежманың оң қапталдан жаза алаңына тепкен добына тосқауыл қоюға әркеттенген Семих Кая өз қақпасына гол соғып есепті теңестірді: 2-2. 90+1де Эльмандер Сельчуктың сол қапталдан тепкен добын басымен қақпаға жолдады. Есеп 3-2. Осылайша дәу дербиде алаң иелері жеңісті олжалады. Матчта Галатасарайдың үш ұпайында Эльмандердің рөлі зор екенін айтсақ, Бешікташтағы Куарежма да 90 минут бойы атына лайық ойын өрнегін көрсетті.
Аталмыш ойыннан кейін Лидер Галатасарайдың Фенербахчемен арасындағы ұпай айырмасы 9-ға, Бешікташпен ұпай айырмасы 14-ке шықты.
Матчта стадионның пегасус трибунасынан ашылған Фатих Теримнің мүсіні мен футболшылардан құралған 3D плакат пен шоу ойынға рең қатты деуге болады. Аталмыш шоу команда бапкері Фатих Теримнің көзіне жас алғызбай қоймады.
Мұнымен қоса, дерби кикілжіңсіз, қос команда аяқдопшыларының ойын барысында бір-біріне деген құрметімен есте қалды.
Ғалия Серікқызы
Біздің серіктес: FONBET