Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы ұлттық құрамалар арасындағы ірі турнирлер – Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдерінің форматын қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама ұйымның ұлттық құрамалар жөніндегі комитеті жанынан құрылған арнайы жұмыс тобына жүктелген.
Мақсат – соңғы жылдары азайып кеткен табыс көлемін және көрермендердің қызығушылығын арттыру. УЕФА мәліметінше, іріктеу матчтарының көрермен саны мен телетүсірілім табысы төмендеп барады, ал керісінше, Ұлттар лигасының көрсеткіштері айтарлықтай өсуде.
Жұмыс тобы бірнеше балама нұсқаны қарастырып жатыр. Олардың бірі – Ұлттар лигасын іріктеу турнирінің бір бөлігі ретінде пайдалану. Тағы бір ықтимал шешім – Швейцариялық жүйе деп аталатын жаңа форматты енгізу. Бұл жүйе өткен маусымнан бері Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының топтық кезеңдерінде қолданылып келеді және барлық командаларды бірыңғай турнир кестесінде біріктіреді.
Екі апта бұрын Малага қаласында өткен 55 ұлттық қауымдастықтың бас хатшыларының кездесуі кезінде бұл жоспар алғаш рет ресми түрде талқыланған.
УЕФА-ға жақын дереккөздің айтуынша:
"Іріктеу кезеңдеріндегі табыс пен қызығушылық азайғанымен, Ұлттар лигасы өз көрерменін тарта алды. Бұрын да бұл мәселе көтерілген, бірақ мұндай жүйені енгізу өте қиын – ірі құрамаларға да, шағын елдердің командаларына да әділетті шешім табу қажет."
Жаңа формат қабылданған жағдайда, бұл өзгерістер 2028 жылғы Еуропа чемпионатының немесе 2030 жылғы Әлем чемпионатының іріктеуінен бастап іске асуы мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET