Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы Еурокубоктық турнирлердің негізгі кезеңдеріне қатыспайтын клубтар үшін ынтымақтастық төлемдерінің көлемін айтарлықтай ұлғайтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жаңа үш жылдық циклде Еуропалық футбол одағы ынтымақтастық бағдарламасына әр маусым сайын 308 миллион еуро бағыттайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен циклде бұл сома 175–176 миллион еуроны құраған болатын. УЕФА-ның мәлімдеуінше, бұл төлемдер спорттық теңгерімді сақтауға және клубтардың жоғары ұйымдастырушылық стандарттарға жетуіне көмектесу үшін беріледі. Осылайша, табыстың бір бөлігі тек турнир қатысушыларына ғана емес, бүкіл Еуропалық футбол клубтарына ортақ пайда әкелу үшін қайта бөлінеді.
2002 жылдан бері УЕФА мүшесі болып табылатын Қазақстан футбол федерациясы да осы бағдарлама аясында төлемдер алып келеді. Қаржы ҚФФ арқылы тиісті талаптарға сай келетін клубтар арасында бөлінеді. Бұл бағдарламаға жоғарғы дивизиондағы Еурокубоктарға қатыспаған клубтар, сондай-ақ белгілі бір критерийлерге сай келетін екінші дивизион клубтары қатыса алады.
Бұл қаржыландырудың нақты мақсатты бағыты бар. Дереккөзге сүйенсек, бөлінген қаражат келесі салаларды дамытуға жұмсалуы тиіс:
– Балалар мен жасөспірімдер академияларын дамыту
– Инфрақұрылымды жақсарту
– Жас футболшыларды даярлау орталықтарының жұмысын ілгерілету
Бұл қолдау шаралары Қазақстандағы футбол клубтарының ішкі әлеуетін арттыруға және жас таланттарды тәрбиелеу ісіне жаңа серпін беруге бағытталған.
Біздің серіктес: FONBET