Жарнама
Жарнама

УЕФА – ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

29.04.2011, 21:45
Жарнама
Жарнама
НЕМЕСЕ ҚАЙТЫП КІРЕР ЕСІКТІ ҚАТТЫ ЖАППА Еуропа мен Азия. Азия халқының тіршілігі ала-құла. Бірі доп тебе алмаса, бірі шаңғы тебе білмейді. Бірі дамыған, бірі мүлдем артта қалған. Бірі дінге қатты көңіл бөлсе, бірі спортқа, ал бірі дымға да. Миллиардтан астам халқы бар қаптаған қытайдың арасында жөні түзу доп тебетін ешкім жоқ. Сол баяғы Жапония, Оңтүстік Корея, Ирак сияқты сары құрлықтың фавориттері бар. Оңтүстігінің футболы дами түскен соң, Солтүстік Корея да өздерін қамшылап, 2010 жылғы ОАР-да өткен әлем чемпионатына алып шықты. Әрине, кернеген намыстың арқасында. Бірақ қанша намысқа тырыссаң да, Еуропа футболында шынжырыңның жеткен жеріне дейін ғана үресің. Қысқасы, Азия едерінде бұқаралық-саяси спорт түріне жататын футболдың даму деңгейі әрқилы.

Сондықтан он өгіз жарысса да, біреуі озып келеді деген көзқарас бар. Ал Еуропа ше? Кіл мықтылар. Жәй ғана ортақол командасын алып Азияға қоссаңыз, теңдессіз командаға айналып шыға келуі ықтимал. Бірақ біз әлі күнге дейін Еуропаның ортақол командасына айналып та үлгергеніміз жоқ. Қалай десек те, аутсайдерміз. Еуропада қанша еңсеміз түссе де, ақырын дамып келе жатырмыз. Салымыз суға кетсе де, допты сауатты тебуді үйрендік (әңгіме нәтиже туралы емес). Қазір Азияға қайта оралғанмен, он қадам басып олжаға кенелеміз деу бос қиял. Қазір Азия футболына шалғайда жатқан Австралия мен Жаңа Зеландия секілді аралдың атжалмандары қосылды. Бәсеке бұрынғыдай десеңіз, қатты қателесесіз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзі де «сен тұр, мен атайын» деп жалаңдап тұр. Сондықтан, «қайынжұртқа» қайта келсек, бармақ тістеп, тіпті масқара болып қалуымыз бек мүмкін... Қазақстан құрамасы 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарының 5-турында Германиямен ойнап, 0:4 есебімен ойсырай ұтылғанын білесіздер. Осы сәтсіздіктен кейін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мүлдем кері пікір айтты. «Футбол – бұл бұқаралық-саяси спорттың түрі және біз бұған барынша көңіл бөліп келеміз. Ұлттық құраманың деңгейін жоғарылату үшін де аз қаражат бөлінген жоқ. Бірақ бөлінген қаржыға сай нәтиженің жоқтығын көріп отырсыздар. Мен алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропада емес, сары құрлықта өнер көрсеткенін қалар едім. Егер Азияға қайта оралсақ жетістіктерге жетіп, үздік алты команданың қатарына енер едік», – деген министр оны республика Футбол федерациясының президенті Ә.Жақсыбековпен де талқылағанын айтып өтті. «Ал ойыншылардың болашағына келетін болсақ, құраманың қатарын жергілікті ұлт өкілдерімен толықтыру қажет. Қазір 27 қазақ баласы Бразилияда жаттығып жүр, олар 18-ге толғанша осы спорт түрін толық меңгеруі қажет. Бүгінде олардың екеуі Бразилия жастар құрамасының сапына өтті. Келісім-шарт бойынша осы дайындықтан өтіп жатқандардың ешқайсысы шет елде қала алмайды, шартқа сәйкес дайындықтан кейінгі жеті жыл бойы біздің ұлттық құрамада ойнауға міндетті. Осы өрендердің Отанына оралып, қазақ футболының еңсесін көтеретініне сенімім мол», – деді Т.Досмұхамбетов. Министр бұл сөзді Германиядан емес, Әзірбайжаннан жеңілген кезде айтса, жарасып-ақ кетер еді. Бірақ Азияға оралу жайы он жылдан кейінгі екінші қателік болмасына кім кепіл. 1991 жылы Заманбек Нұрқадiлов пен Құралбек Ордабаевтың алдына «Еуропа немесе Азия» деген таңдау болды. Шімірікпестен «Азия», – деді олар. Кейін ТМД шекпенінен шыққан Белорусь, Украина сынды елдер УЕФА-ның төрінен көрінгенде қандай қателікке бой ұрынғанымызды байқадық. Енді солардан асып түсудің орнына, тауымыздың шағылғанын айтып, Азияға қайта оралуды көздейміз. Біле-білгенге, Азияға қарағанда Еуропаның футбол ойнау жүйесі бізге тиімдірек. Мұнда Әлем чемпионатына шығу жолы да бір, Еуропа чемпионатына шығу жолы да бір. 2016 жылдан бастап Еуропа біріншілігінде бұрынғыдай 16 емес, 24 команда ойнауы мүмкін. Демек іріктеу сынында топта үшінші орын алған команданың да Еуропа біріншілігінде өнер көрсетуге мүмкіндігі бар. Бұл меже қолжетімді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, құрамаға бапкер болған жандардың бәрі тәжірибесіз деп айта алмайсыз. Барлығы бір команданы ұшпаққа шығарған мамандар. Егер сөз іске жалғасып Азияға оралатын болсаңыз, Беранектерді шаммен іздеп таба алмай қаласыз. Олар Қазақстан УЕФА-да өнер көрсеткеннен кейін ғана келіссөз жүргізіп отыр. Үшіншіден, Еуропаға кіргелі ұлттық құраманың деңгейі көтерілмесе де, отандық клубтар оң нәтиже көрсетіп жүр. Өйткені, онда талас жыл сайын өрби түсуде. Бірнеше жыл ішінде бұл белесті де бағындырып, болашақ чемпиондарымызды чемпиондар лигасының топтық кезеңінен көріп қалуымыз ғажап емес. ... Еуропа футболының пайдасын жіпке тізе берсек, ұзағынан толғануға болады. Қысқасы, Азияға келіп Непал мен Қырғызстаннан айламызды асырғанша, Германияға биыл төрт гол, келер жылы үш голдан артық доп жібермеуіміздің өзін алға өсу деп бағамдаған жөн. 2002 жылы «Азияның деңгейі төмен» деп менсінбей кеткенде, Еуропадан бір нәтиже шығаруға ұмтылуымыз қажет-ақ. Ендігі ретте Азиядан неге кеткендігіміз үшін де жауап беруіміз керек қой... Жандос СМАЙЫЛ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров