«Дерби Каунти» клубы өзінің ресми сайтында бас бапкер Уэйн Рунидің қызметінен кеткенін хабарлады.
Бір қызығы, Англия құрамасының 36 жастағы экс-футболшысы клуб басшылығына өз еркімен жұмыстан кететінін айтқан.
«Бүгін мен клуб басшылығымен кездесіп, «Дербиден» кететінімді айттым. Шынымды айтсам, олар мені командада қалдыру үшін көп тырысты, бірақ шешім әлдеқашан қабылданып қойған еді.
Өз басым, қазір команданы соңғы 18 айда болған оқиғалардың ықпалына түспей, тың күшпен келетін адам басқаруы керек деп ойлаймын. Мен «Дербиде» өткен уақытты мақтанышпен және сүйіспеншілікпен еске аламын. Барлық қызметкерлерге, ойыншыларға және, әрине, жанкүйерлерге керемет қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді. Мен оларды ешқашан ұмытпаймын және бәрін алдағы уақытта қайта көремін деп үміттенемін.
Клубты басқарғысы келетіндердің әлі де бар екенін білемін. Олар үшін мен тек мынаны айтайын: «Дерби Каунти» – үлкен тарихы мен тамаша жанкүйерлері бар клуб. Командаға барлық жақсылық пен үлкен табыс тілеймін», - деді Руни.
Еске салайық, Уэйн Руни 2020 жылдың қараша айынан бері «Дерби Каунтиді» жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда турнирлік кестеде соңғы орынға жайғасып, Чемпионшиптен ұшып кетті. Айта кетейік, 2021/2022 маусымында клуб қаржылық қиындықтарға тап болды.
Біздің серіктес: FONBET