Украина Солтүстік Македониядан айласын асырды

18.06.2021, 02:00
Украинаның қос футболшысы қатарынан екінші матчта гол соқты.

Бүгін, 17 маусымда Украина мен Солтүстік Македония құрамалары арасындағы матч өтті. Топтық кезеңнің 2-турындағы кездесу Бухаресттегі (Румыния) Ұлттық стадионда өтіп, Украина құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

29-минутта Украина құрамасының шабуылшысы Андрей Ярмоленко есеп ашты. 34-минутта шабуылшы Роман Яремчук қақпашымен жеке-дара шығып, өз мүмкіндігін пайдаланды. 56-минутта Солтүстік Македония пенальти тебу құқығына ие болды. Эзджан Алиоскидің он бір метрлік айып добынан тепкен добын қақпашы қайтарды, ал кері серпілген допты "Лидс" футболшысы голға айналдырды. 84-минутта Украина құрамасы пенальти алды. Жартылай қорғаушы Руслан Малиновский бұл мүмкіндікті мүлт жіберді.

Украина құрамасы үш ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орынға жайғасты. Ең соңғы орында Солтүстік Македония (0) келеді.