Жарнама
Жарнама

Ұлтшылдық пен ұлттық болмысты шатастырмайық

07.10.2011, 19:39
Жарнама
Жарнама
Өткен аптада «Ұлттық болмысымызды жоғалтпайық» деген мақала жазып едім. Сол мақалам көпшілікке әртүрлі әсер еткендей…

Бұл мақаланы Қазақстан футбол феде­рациясы орысшаға аударып, өз сайтына салды. Сондай-ақ тағы бір спорт­тық пор­талда жарық көрді. Мақаланың орыстілді нұсқасын оқығандар авторға (яғни маған) риза болмай, тілдерінің ұшына жиған ащы запырандарын төгуде. Бірақ мен ұлтшыл болсам да, арандатушы немесе ұлт пен ұлыстар арасына іріткі салушы емеспін. Жалпы, орыстілді оқырмандардың өкпе­лерін де түсінемін. Өйткені бұл мақала қазақ­тілді оқырмандарға арналған еді. Себебі қазақтілді жанкүйерлердің ара­сында, еліміздің құрамасын «Қазақстан ұлттық құрамасы» деп жазсаң, реніш біл­діретіндері де бар. Бұл тұрғыда олар «қа­лай ғана ұлттық құрама деуге болады, құ­рамын­да қазақтар жоқ немесе тым аз» деп шала бүлінеді. Міне, сондай қызуқанды жанкүйерлер үшін «қазір құрама сапында қазақтар көбейіп келеді» деп, сүйінші сұра­ғандай жар салған едім. Спорт жан­күйерлері ел боксын қалай жақсы көрсе, футболымызға да сондай ықылас танытса деген ниетім еді.

Өз басым Сегізбаев, Ордабаев, Бай­шақов, Смақов шыққан қазақ даласы фут­бол өнері таланттарына кенде емес екен­дігіне бек сенімдімін. Аман болсақ, қазақ­тың сайын даласынан да футбол жұл­дыздары шығар.

Содан соң, кейбіреулер ойлағандай, бұл мақала Қазақстан футбол федерациясы басшыларына жағу үшін жазылған жоқ. Жанкүйерлеріміздің ұлттық рухын, ұлттық намысын жану үшін жазылды. Бірақ шы­ным­ды да айтайын, Қазақстан футбол федерациясы басшыларының бірнеше игілікті ісі маған ұнады:

1. «Қазақ тілі көлеңкеде қалып қойды» деп зар илегенімізде, ресми сайттарын қазақшалап, мемлекеттік тілге айрықша көңіл бөле бастады. Ана тілімді төрлеріне шы­ғарғаны үшін мен неге риза болмауым керек?!

2. 2008-2009 жылдары Төрешілер және нұсқаушылар департаментінің бас­шы­сы тізгінін Еуропа футболында беделі жоғары, Ресей маманы Николай Левни­ковке ұс­татты. Осылай әділ қазылар қыз­метін рет­теуге тырысты. Бізден көрді ме, білмедім. Әйтеуір, былтырдан бері Украи­на мен Ресей осындай қадамға аяқ басты. Украина былтыр төрешілер корпусын әйгілі Италия маманы Пьерлуиджи Колинаға сеніп тапсырса, Ресей биылдан бастап оның отандасы Роберто Розеттиге төреші­лерін басқартып отыр. Әдетте біз Ресей­ді қайталаушы едік, бұл жолы Ресей бізден үлгі алып отыр. Маған салса, біздегі Төре­шілер және нұсқаушылар департа­ментін қайтадан беделді, бейтарап шетел­дік маманға басқартқанын қалар едім.

3. Ұлттық құрамамыз бен жастар ара­сындағы құрамамызға еңбекқор бапкерлер шақыртылды. Мирослав Беранек те, Сло­бодан Крчмаревич те қос құрамамызды түлетіп, қолдарынан келгендерін істеп жүр. Екеуін де тауып, біздің елге әкелген ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжанов көрінеді. Бізге дәл қазір Хиддинк, Моуринью секілді атақты бапкерлер келмейді. Оны мойындау керек. Сондықтан әзірше осындай қара­пайым, дегенмен еңбекқор бапкерлермен көшімізді жүре түзей бергеніміз дұрыс сияқты.

Бір нәрсені түсінбеймін. Шетелдіктер Қазақстанда тұратын ұлттардың бәрін қазақ дейді. Мысалы, қазақстандық орыс Ресейге барса, оны ешкім орыс дей қоймас. Қазақ дейді. Ол түсінікті. Сонда біздегі өзге ұлт өкілдері шетелде қазақ атануға келісіп, өз елімізде қазақ атанғы­лары келмей, мөңкитіндері қалай?! «Қазақ­стандықпыз» дейді. Шетелде қазақ па, онда бізде де қазақ болуы керек қой. Ал мен ұлттық құрама сапындағы сүйікті ойыншы­ла­рымның бірі Юрий Логвиненко мен Андрей Карповичті еш қазақтан кем көрмеймін.

Автор: Нұрғазы Сасаев

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров