2022 жыл басталған кезде Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын бірден Молдоваға қарсы өткізіп бастады. Бұл Ұлттар лигасының өтпелі матчы еді. Себебі оның алдыңғы жарыста біздің команда өз тобында ең соңғы орын алды. С лигасында қалуды көздеген Қазақстан құрамасы бапкер ауыстырып, Талғат Байсуфиновтың орнына Андрей Карповичті тағайындады. Ол алғашқы матчында жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда, «Астана Аренадағы» ойында Андрей Карпович шәкірттері 0:1 жеңіліп қалды. Қос матчтың есебі қайта теңесіп, ойын соңынан кейінгі пенальтилер сериясы белгіленді.
11 метрліктерді тамаша тосатын Игорь Шацкий осы бір тұста қайта көзге түсті. Тәжірибиелі қақпашы Молдова құрамасының екі пеналтиін тосып, құрамамызға жеңіс сыйлады. Әйтпегенде Қазақстан құрамасы ең соңғы Д лигасына түсудің аз-ақ алдында тұрған. Қазір ең төменгі лигада Молдова құрамасы өнер көрсетіп жатыр. Ал біз С лигасында қалып қана қоймай, ғаламат қадам жасадық. Енді келесі жарыста біз В лигасында ойнайтын боламыз. Ұлттық құраманың абыройы көтеріліп, рейтингісі де жақсара түспек.
Мамыр айының соңында Қазақстан құрамасының бас бапкері болып Магомед Адиев тағайындалды. ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов дұрыс шешім қабылдапты. «Шахтер» бапкерін бас командаға әкеліп ойынды күшейтетінін сезгендей. Адиев келе салып командаға керек емес бірнеше футболшыны командадан шығарды. Ол Алексей Щеткин, Дмитрий Шомко секілді футболшылар еді. Сонымен қатар құрамаға келіп өзін дұрыс көрсетет алмаған Бауыржан Байтана да командаға кейіннен шақырту алмай қалды. Қытайда жүрген Георгий Жуковтың да командаға керегі шамалы екенін бапкер баспасөз мәслихатында нық айтты.
12 күннің ішінде 4 ойын өткізген құрамамыз үшін бұл шыны керек қысқа мерзімді турнирге ұқсас өтті. Құдды бір Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде топтық ойындарды бастан өткергендей әсерде қалды. Алдымен өз алаңында Әзербайжанды жеңіп бастаған Әдиев шәкірттері кейіннен сырт алаңда 4 ұпай еншілеп қайтты. Словакиядан басым түсіп, Белорусьпен тең ойнады. Одан кейін өз алаңымызда Словакияны тағы жеңдік. Тура осы 4 ойын турнирдің тағдырын шешті десек те болады. Белорусьпен ойында алған үш ұпай Қазақстан құрамасына жолдама сыйлады. Ең соңғы Әзербайжанға қарсы кездесу жәй жолдастық матчқа айналып кетті. Командаға жаңа леп әкелген Магомед Әдиев Қазақстан құрамасына сенімділік әкелді. Бір ұжым болып ойнаса, алынбайтын қамал жоқ екенін де анық аңғартты. Осы күні жанкүйерлердің де құрамаға деген сенімі артып келеді.
Ермұхамед Мәулен
Біздің серіктес: FONBET