Жарнама
Жарнама

Ұлттық құраманың қазақстандық футболшыларға қандай пайдасы бар?

28.09.2024, 17:57

Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын ойыншылардың дені ҚПЛ өкілдері.

Қазақстан құрамасы
Жарнама
Жарнама

Сондай-ақ, Ұлттар Лигасы аясында қыркүйекте өткен екі матчқа шақырту алып, өнер көрсеткен футболшылардың басым бөлігі де өзіміздің ішкі біріншілікте ойнайтын спортшылар. Сондықтан, түрлі турнирлерде бүкіл ел болып үміт артатын аталған футболшылардың деңгейі жанкүйерге жақсы таныс деуге болады.

Құрама қатарында ел намысын қорғаудың, тіпті алаңға шықпаса да жай шақырту алудың өзі аталған азаматтарға кәдімгідей қанат бітіреді. Мысал үшін, Асхат Тағыберген мен Бауыржан Исламхан (екеуі де Ордабасы», Ян Вороговский (Астана) мен Еркін Тапаловтың (Тобыл) және тағы бірқатар ойыншының чемпионат соңына қарайғы бабы көңілден шығуда. Бұған ең бірінші кезекте Қазақстан құрамасының кездесулерінде жинаған тәжірибе оң ықпал етті дейміз. Бір орында тоқтап қалмай, дамуды ойлаған кез-келген футболшы үшін бұл - үлкен абырой! Құрама қатарында шыңдалудың нәтижесін Рамазан Оразов, Әлібек Қасым, Әділет Садыбеков пен Иван Свиридов сынды жас футболшылардың ойынынан көруге болады. Басты командадағы түрлі деңгейде тәжірибелері аталған футболшылардың мансабына кәдімгідей импульс бергенін көруге болады. Жалпы, ұлттық құрама факторы Қазақстандағы көптеген жас футболшының жігерін жанып, шеберлігін шыңдады.

Асхат Тағыберген       

Құраманың оң ықпалын тәжірибелі футболшылар да жоққа шығармайды. Мысалы, ұлттық команданың капитаны Асхат Тағыберген басты команданың сапынан оралғаннан кейін үнемі жемісті ойынымен көзге түседі. Норвегиямен болған бәсеке мен Словенияға сапарынан кейін «Ордабасы» өкілінің екінші тынысы ашылғандай әсер қалдырады. Тағыберген шымкенттіктер үшін ҚПЛ-дің соңғы ширегіндегі аса маңызды кезеңде көп пайдасын тигізуде. Асхаттың «Атырау» қақпасына салған добын айтуға болады. Ол матчта шымкенттік ұжымның капитаны жалпы кездесудің соңына дейін жоғары деңгейде өнер көрсетіп шықты. 36 дағы ойыншының бабына құрама сапындағы ауыр екі матч теріс әсер етуі кәдік болған. Алайда, ол Қазақстан құрамасы мен клубындағы капитандықты адал ақтап жүр.

Бауыржан Исламхан

Асхат Тағыбергеннің шымкенттік клуб пен құрамадағы командаласы Бауыржан Исламханды алайық. Ұлттық команда бір кездері еліміздегі ең талантты футболшының бірі саналған жартылай қорғаушының мансабына тың серпін берді. Ойын тығырығына тірелген футболшыға екінші мүмкіндік берілді деуге де болады. Бауыржан сөзсіз ақылды футболшы, бұл туралы жуырда Станислав Саламұлының өзі де айтты. Чемпиондыққа таласта шымкенттік клубқа бұл футболшының тәжірибесінің септігі тиері анық. Кеше Бауыржан «Тұранға» қарсы матчта тәп-тәуір ойнады. Кездесудің тағдырын шешкен  екінші голды соғып, жалпы шымкенттіктер қатарында бұл кездесудегі ең белсендінің бірі болды.

Ян Вороговский

Вороговский өз позициясында премьер-лигадағы ең үздік футболшының бірі! Бұл ойыншысыз құрама команда мен «Астананы» елестету мүмкін емес. Қыркүйектегі қос кездесуде де тоқсан минуттан ойнап шыққан Вороговскийдің мансабына да ұлттық команданың оң ықпал еткені даусыз. Ян «Астанаға» турнирлік маңызы жоғары саналған «Ордабасымен» болған ойынның қаһарманы. Елордалық команданың табысты ойыны көбіне-көп Қазақстан құрамасының осы қорғаушысына тәуелді.

Ислам Чесноков

Қазақстан құрамасы мансабына сөзсіз үлкен ықпал тигізген футболшының бірі - Ислам Чесноков. Биылғы біріншіліктің сұрмергені уақыт өте ұлттық команданың айқын көшбасшысына айналып келеді. Ұлттар Лигасына дайындық аясындағы оқу-жаттығу жиындары жағымды әсер еткен болуы керек, Исламның әсіресе күздегі бабы керемет! «Тобылдың» соңғы екі турдағы төрт голын салды. Жалпы, Чесноков премьер-лига өкілдерінен соңғы кездегі ең көп талқыланып жүрген футболшының бірі: жанкүйерлерге қызығы - Ислам өзінің мансабын қай жақта жалғастырмақ? Самородовтың артынан «Ахматқа» барады десті, Ресейді бетке алады деген қауесеттер де тараған. Бірақ, әзірге еш өзгеріссіз.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров