Жарнама
Жарнама

Ұлттық арнада үлкен футбол!

28.11.2011, 18:46
Жарнама
Жарнама

Алдағы жазда Украина мен Польшада өтетін футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатын республика ауқымына тарату құқығын жеңіп алған «Қазақстан» телеарнасы үш аптаға созылатын дүбірлі доп додасын бастан-аяқ назарларыңызға ұсынады. Көрсетілімдердің «бісмілләсі» биылдан басталмақ. 2-ші желтоқсан күні Киевте өтетін жеребе тарту рәсімін біздің арнамыздан сағат 23:00-де тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Қарт құрлықтың  үздік 16 командасы көзсіз жеребе арқылы төрт топқа бөлінеді.  2012 жылғы Еуропа чемпионатының шымылдығын ашу құрметі қай құрамаларға бұйыратыны да дәл осы күні белгілі болмақ.  Жалпы,8-ші маусымда Варшавадан бастау алып 1-ші шілдеде Киевте мәресіне жететін финалдық кезеңде бас-аяғы 31 матч ойналады. Соның 22-ін назарларыңызға тікелей эфирде, ал қалған 9-ын түпнұсқада ұсынатын боламыз.

Сондай-ақ, келесі жылдың ақпан айынан бастап «Еуро-2012 жолында»тележурналы эфирге шығады. Одан бөлек біріншілік барысында күн сайын ойындарға шолу жасалып, қайталанбас қызықты сәттерге куә боласыздар.

Төрт жыл бұрын Австрия мен Швейцария жасыл алаңдарында өткен Еуропа чемпионаты телекөрермендерді ең көп жинаған біріншілік ретінде тіркелген болатын. Ойындарды 231 елдің 203 хабар тарату компаниялары көрсеткен. Орта есеппен алғанда бір матчты тікелей эфирден 155 миллион жанкүйер тамашалапты. Ал, алдағы аладоп аламанында бұл рекордтық көрсеткіштердің мұрты бұзылуы мүмкін дейді мамандар. Оның ішінде қазақстандық жанкүйерлердің үлес салмағы да болатындығы анық.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
Тевес «Миланда»?