Жарнама
Жарнама

Ұлттық құрамаға үлкен үміт артамыз

23.01.2012, 20:01
Жарнама
Жарнама

Міне, 2012 жыл да басталды. Бұйыртса, 29 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасы түріктің Анталиясында Латвия құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Оған да бір айдан астам уақыт қалыпты. Көзді ашып-жұмғанша бір ай да өте шығар. Осыған орай, біз бүгін ұлттық құрамамыздың былтырғы жылғы ойындары мен нәтижелеріне тоқталып өтсек деп едік.

Былтырғы жылды аса сәтті болды деп айта алмаймыз. Себебі қуанышымыз бен сәтсіздігіміз кезектесіп, синусоида сызығындай әрлі-берлі тербелумен болды. Бірде мәз болсақ, бірде күйзеліп, өзегіміз өртенді. Бірақ көп ой түйдік. Шама-шарқымызды ажыратып, олқы тұстарымызды анықтадық. Күшімізді қалай жұмсасақ, тиімді екенін біліп, қарекет жасай бастадық. «Көш жүре түзеледі» дегендей, осылай ойын өрнегімізді жетілдіре түсуге айрықша көңіл бөлумен болдық.

2011 жылғы ойындарымызды тізбектеп шығар болсақ, әуелі Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, ақпан айында Беларусь құрамасымен тең түстік. Есеп – 1:1. Жолдастық кездесу болса да, соңғы жылдары есеміз кетіп жүрген Беларусь футболшыларына дес бермедік. Қарсыласымыздың азуын айға білеген Франция құрамасының өзін түзде тізерлетіп, тасы өрге домалап тұрған кезінде именбей, итжығыс түстік. Алайда наурыз айында 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы кезекті ойынымызды Кайзерслаутернде өткізіп, айбынды Германия құрамасынан 0:4 есебімен ойсырай ұтылдық. Есесіне, маусым айында Астанада Әзірбайжан құрамасын 2:1 есебімен тізерлетіп, алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Несін жасырайық, осы жеңістен соң қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болды. Бірақ тамыздың бірінші жартысында Сирия футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, Ораза айында ауыз бекітіп жүрген қарсыластарымызды ұта алмай, сан соқтық. Есеп – 1:1. Өзімізбен деңгейлес команданы жеңе алмай, жер шұқыдық. Бұдан соң, яғни қыркүйктің басында тегеурінді түрік футболшыларымен кездестік. Түзде Түркияның зәре-құтын алып, жандарын мұрындарының ұшына келтірдік. Ұтылсақ та (1:2), түріктерді әжептәуір састырдық. Қазақстан құрамасының бұл ойынына сүйсінбеген жан болмады. 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында өзімізбен бір топта ойнайтын қарсыластарымыздың көбісі секем алып, сескеніп те қалды. Өкінішке қарай, төрт күннен соң Бакуде Әзірбайжан құрамасын тықсырып тұрып, жеңісті уысымыздан шығарып алдық. Есеп – 2:3. Айналасы 15 минуттың ішінде өз қақпамыздан үш мәрте доп қармап, салымыз суға кетті. Аптығымыз басылып, жүніміз жығылып сала берді. Қазан айының басында Брюссельде Бельгия құрамасынан 1:4 есебімен оңбай ұтылдық. Соңғы ойынды Астанада өткізіп, Австрия футболшыларымен 0:0 есебімен тең түстік. Біздің құрама көңілге қонымды ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлеріміз бір желпініп қалды.

Енді, осы ойындарда жадымызға түйген ойларымызға тоқталсақ. Басты назар аударымыз, ұлтық құрманың бас бапкері осыдан бір жыл бұрын ғана тағайындалған. Чех маманы Мирослав Беранек құрама тізгінін қаңтардың соңғы күні ғана қолына алды. Содан «мыналар – біздің ең үздік футболшыларымыз» деп, Қазақстан футбол федерациясының ұлттық құрамалар департаментіндегі мамандар жинап берген ойыншыларымызбен Түркияға аттанды. Белекте оқу-жаттығу жиыны өткізіп, футболшыларымызбен танысты. Ұлттық федерация мамандары жинап берген футболшыларға тоқмейілсіп отыра бермей, ел чемпионатын жіті қадағалап, құрама ойынын жандандыра алатын таланттарды іздей бастады. Осылай ізденіп, көргенін өз ойында саралап жүріп, әуелі Ұлан Қонысбаевтың томағасын сыпырып, табан тірескен дүлей додаға салды. Өз кезегінде Ұлан да сенімді ақтап, ойын сайын жетіле түсіп, бүгінде Қазақстан құрамасының белді ойыншысына айналды. Көп ұзамай Сергей Гридинге көзі түсіп, шабуыл өтіне 24 жастағы бойшаң, денелі жігітті қойды. Сөйтіп шабуылымыздың ұшын «өткірлеп», қайрай түскендей болды. Қорғанысымыздың бел ортасын Мұхтар Мұхтаровпен нығайтты. Қайрат Нұрдәулетовті капитан тағайындады. Құрама сапындағы қазақ жігіттерінің санын көбейте бастады. Жамбыл Көкеев, Таңат Нөсербаев, Марат Шахметов, Мақсат Байжанов, Азат Нұрғалиев, Серікжан Мужиков, Дәуренбек Тәжімбетов, Нұртас Құрғулин сынды жігіттерімізге мүмкіндік берілді. Виталий Евстигнеев сынды таланттардың да бағын ашуға тырысуда.

Ең бастысы, бас бапкер кейбір нәрселерді іс жүзінде түсініп, «тазы болып шалуға» кірісті. Бұған соңғы төрт матч дәлел бола алады. Мысалы, Түркия және Әзірбайжан құрамаларымен болған матчтарда түрік тарландарымен тәп-тәуір ойнап, жеңіп те кете жаздадық. Ал Әзірбайжан құрамасына бірінші таймда әлімжетік жасағанымызбен, екінші таймда дәл солай жоғары деңгейде ойнауға күш-қуатымыз жетпей қалды. Осылай Әзірбайжан құрамасынан жеңіліп қалдық. Егер түріктермен табан тіресе шайқасып, күш-қуатымызды сарқ етпегенде, Әзірбайжанды жеңетін де ма едік? Түріктермен болған матчта Шмидтгаль мен Мұхтаров жарақаттанып қалып, Бакуде алаңға шыға алмады. Яғни түріктермен аянбай шайқасамыз деп, екі бірдей белді ойыншымыздан да айырылып қалдық. Мойындау керек, дәл сол кезде біздің құраманың күш-қуаты еуропалық деңгейдегі екі ойынға қатар жетпейтін еді. Сондықтан осы екі ойыннан кейін чех маманы басқаша айлаға көшті. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Мирослав Беранек Брюссельде Стамбулдағыдай деңгейі өзімізден жоғары команданың «жағасына жармаспады». Деңгейі жоғары құрамамен жанталаса шайқасып, күш-қуатын сарқ еткісі келмеді. Сол себепті, негізінен жастарға мүмкіндік беріп, соларды додаға салды да, негізгі күшін Австриямен болатын ойынға сақтады. Осы ішкі есебінің арқасында «Астана-Арена» стадионында Австриямен тең түсіп, бір ұпай еншіледі. Әрі жанкүйерлеріміздің көз алдында ұятқа қалмай, ұлттық құрамамыздың жоғары қарқындағы ойын өрнегін көрсетуіне қол жеткізді.

Міне, ұлттық құраманың былтырғы ойындары жайлы айтарымыз – осы. Бір жылда бас бапкер де біраз ой түйген болар. Биыл соның бәрін жүзеге асыруға тырысары сөзсіз. Қандай бапкер болмасын, өз ойын, қабілетін бір жылдың ішінде жүзеге асыра алмайды. Алекс Фергюсон да, марқұм Валерий Лобановский мен Константин Бесков те өз клубтарымен бірнеше жыл жұмыс істеп, жоғары жетістіктерге солай қол жеткізген жоқ па? Ендеше, Мирослав Беранектің келісімшартының екі жылға ұзартылуына үмітпен қараймыз, көңілге қонымды нәтиже күтеміз.   

"Алаш Арена"

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров