Ағылшын Премьер лигасында күтпеген жаңалық. "Ноттингем Форест" клубы бас бапкер Анже Постекоглумен небәрі 40 күн жұмыс істеген соң келісімшартты бұзды. Бұл шешім "Челсиден" 0:3 есебімен жеңілгеннен кейін қабылданған.
Клубтың ресми хабарламасында былай делінген:
"Соңғы кездесулердегі көңіл көншітпейтін нәтижелер мен ойын сапасына байланысты Анже Постекоглу бас бапкер қызметінен босатылды."
Австралиялық маман 9 қыркүйекте қызметке тағайындалған болатын. Ол Нуну Эспириту Санту мен клуб иесі Эвангелос Маринакис арасындағы келіспеушіліктен кейін шақырылған еді. Постекоглу Маринакистің басты таңдауы болғанымен, "Форест" оның басқаруында сегіз матчтың біреуінде де жеңіске жете алмады және команда қазір төменгі лига аймағынан бар болғаны бір ұпай алда тұр.
Бұл Премьер лига тарихындағы ең қысқа мерзімді бапкерлік кезең ретінде тіркелді. Бұған дейінгі антирекорд 2006 жылы "Чарлтонды” небәрі 41 күн жаттықтырған Лес Ридке тиесілі болатын.
Постекоглу бар-жоғы 5 Премьер лига матчында команда басқарды, бұл 2017 жылы "Кристал Пэласты” 4 ойыннан кейін тастап кеткен Фрэнк де Бурдан бір ғана матчқа артық.
Постекоглу маусымды "Арсеналдан” 0:3 есебімен ұтылып бастады. Кейін Кубокта "Суонси” клубына қарсы матчта 2:0 есебімен алда келе жатып, соңғы минуттарда жеңіліс тапты. Одан кейін "Бёрнлимен” 1:1 тең, Еуропа лигасында "Бетиске" қарсы 2:2 нәтижесі тіркелді. Бірақ одан соң бәрі құлдырады, "Сандерленд”, "Мидтьюлланн", "Ньюкасл" және соңғысы – "Челсиден” төрт рет қатарынан жеңілді.
Жанкүйерлер де бапкерге қарсы шықты, "Мидтьюлланнға" қарсы Еуропа лигасы матчыннан кейін стадионда “sacked in the morning” ("ертең жұмыстан кетеді") деген ұрандар айтылды. Көпшілігі тіпті бұрынғы бапкер Нуну Эспириту Сантуға қолдау көрсетті.
Дегенмен Постекоглу соңғы мәлімдемелерінде команда дамып келе жатқанын айтқан еді:
"Премьер лигада әрқашан бір бапкер нысанаға алынады, мен бұған дайынмын. Үш апта жарымда нәтиже талап ету әділетсіз. Бірақ мен командада алға жылжу бар екенін көріп тұрмын. Нәтижелер де келеді.” — деген болатын ол "Ньюкаслмен” кездесуден кейін.
Алайда бұл сөздер клуб басшылығын да, жанкүйерлерді де сендіре алмады. Осылайша, Анже Постекоглу Премьер лига тарихындағы ең қысқа мерзімде қызметінен кеткен бапкер ретінде тарихта қалды.
Біздің серіктес: FONBET