Жарнама
Жарнама

Үмітімізді үкілей түстік

19.07.2011, 17:57
Жарнама
Жарнама
Еуропа лигасы аясында өнер көрсететін үш командамыздың да келесі кезеңге жолдама алар мүмкіндіктері бар. Әсіресе, сырт алаңда гол соғып, тең ойнаған «Ертіс» пен «Ақтөбенің» жауап ойын қарсаңындағы жағдайы тым тәуір деуге келеді. Ал Қарағандының «Шахтеры» өз алаңында жеңіске жеткенімен, қақпасына гол жіберіп алды. Бұл әрине, қарымта кездесуде қарсылас командаға септігін тигізуі ықтимал. Десек те, қарағандылықтар Ирландия жерінде өтетін жауап ойында жанкүйер үмітін ақтайды деген сеніміміз мол. БАСЫҢНАН АЙНАЛАЙЫҚ, ВАСИЛЕВИЧ Еуропа лигасының біліктілік кезеңіндегі екінші айналым шымылдығын «Шахтер» мен «Сент-Патрикс» арасындағы кездесу түрді. Қарғандылықтардың бас бапкері Виктор Кумыков тосын сынақ жасамай, алаңға ішкі біріншілікте әбден ысылған құрам ойыншыларын шығарды. Кездесу басталысымен-ақ, алаң иелері жеңіске деген құлшыныстарының деңгейін өткір шабуылдарымен бағамдатты. Тараз футбол мектебінің қос бірдей түлегі Жамбыл Көкеев пен Ұлан Қонысбаев «Сент-Патрикс» қорғанысын жиі бұзып-жарып, алаң толы жанкүйер делебесін қоздырды. Аракідік ойын тізгінін қолға алған қонақтар да қарап қалмай, Мокин қорғаған қақпаны реті келген сәтте нысана етуге ұмтылды. Сондай жағдайдың бірінде ала доп «Шахтер» қақпасының бағанасына тиіп, кері серпілді. Дегенмен ойынның алғашқы жартысы есеп ашылмаған күйі аяқталды. Екінші кезең тағы да алаң иелерінің шабуылдарымен басталды. Бірақ Пит Мэхон шәкірттері сауатты қорғанып, қауіптің бетін сәтті қайтарып жатты. Ал 52-минутта жергілікті жанкүйер орындарынан өре түрегеліп, қиқуға басты. Қарағандылықтар сапындағы босниялық қорғаушы Никола Василевич бұрыштама добын орындау кезінде баспен гол соққан еді. Есеп: 1:0. Алғашқы голдан соң көп ұзамай алғашқы «сары қағаз» да көрсетілді. Кездесудің 65-минутында «Шахтердың» сұр мергені Андрей Финонченко төрешіден ескерту алды. Арада төрт минуттай өткенде қонақтар сапындағы Дэвид Макмилланға да «сары қағаз» көрсетілді, ол Джидичті шалып жыққанымен қоймай, төреші шешіміне наразылық білдірген болатын. Бұл ойыншы кездесудің 79-минутында тағы көзге түсті, осы жолы Макмиллан әріптестерін гол соғып қуантты. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда тығырыққа тірелген «Шахтер» футболшылары енді тек қана алға ұмтылу қажеттігін жете түсінді. Олардың бұл әрекеттері өз жемісін берді. Бәсекенің 86-минутында Никола Василевич дубльдің авторы атанып, «Шахтерға» жеңіс әкелді. Есеп: 2:1. БОЛГАРДЫҢ БАҒЫ ЖАНЫП, СЕНЕГАЛДЫҚ СЕНІМДІ АҚТАДЫ Жалқы гол айырмашылығымен ұтқан «кеншілер» өз қақпаларына гол енгізіп алғандықтары себебінен жауап ойын жауапкершілігін арттыра түсті. Бірақ біздің үміт басым, Виктор Кумыков шәкірттері Дублинде тым құрығанда тең ойнаса деп тілейміз! Бұл күні Павлодардың «Ертісі» Грузияның Рустави қаласында сынға түсті. Грузин халқының маңдайына біткен ақиық ақын Шота Руставелидің туған жерінде керекуліктер «Металлургке» қарсы тұрды. Алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан-ақ тізгінді қолға алып, «Ертіс» қақпасына ұмтылумен болды. «Ертіс» футболшылары абырой болғанда алғашқы қысымға төтеп бере алды. Кездесудің 34- минутында австриялық қазы грузин ойыншысы Реваз Гецадзенің атына «сары қағаз» тіркеді. Бірінші кезеңнің соңына таман ғана «Ертіс» ойыншылары «Металлург» иелігіне дендеп ене бастады. Ал 40- минутта грузин футболшысы Михаил Махвиладзе төрешіден ескерту алды. Ойынның екінші жартысында алаңға Мұрат Тілешев шықты. Ол әріптесі Глеб Мальцевті алмастырған болатын. 49- және 58-минутттарда ескерту алу кезегі қонақтарға да жетті. Алдымен Владислав Чернышовты, соңына таман Сергей Ивановты австриялық төреші тәртіп бұзғандары үшін жазалады. Ойынның 73-минутында грузиндер көздеген мақсаттарына жетіп, есеп ашты. Цирин қорғаған қақпа құлпын алаң иелерінің капитаны Александр Квахадзе бұзды. Есеп: 1:0. Бірақ грузиндердің қуанышы көпке созылмады, арада бар болғаны алты минуттай өткенде «Ертістің» болгариялық легионері Георги Даскалов өзіне жүктелген сенімді ақтап, таразы басын теңестірді. Кездесудің қалған бөлігінде алаң иелері қанша жерден шабуылдап, гол соқпақ болса да, «Ертіс» қорғанысы сыр бермеді. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Әрине, сырт алаңда тең ойнау, оның үстіне гол соғып кету жауап ойынды үйде өткізетін ұжым үшін қомақты табыс. Талғат Байсуфинов жаттықтыратын командамыз қарымта кездесуде гол жібермесе болды, келесі кезеңге аяқ басады. Еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбенің» есімі Еуропаға таныс. Атағы жер жарып тұрмаса да ақтөбеліктердің былтырғы еурододадағы ойыны кішігірім аңыз іспеттес. Қарт құрлықтың айбарлы командаларымен иық тірестіре бәсекелескен «Ақтөбе» жайлы қарсыластарының бәрі жылы пікір айтады. Ақтөбеліктердің биылғы жарысты екінші кезеңнен бастағаны мәлім. Олардың бұл жолғы қарсыласы - Венгрияның «Кечкемет» командасы. Осы ұжымның басшылары мен бапкерлері «Ақтөбенің» қауіпті қарсылас екенін алға тартып, қазақ футболының атына мақтау арнаған еді. Өз кезегінде «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов та «Кечкеметтің» оңай шағылар жаңғақ еместігін, мұндай командамен сырты алаңда тең түсудің өзі ғанибет екенін баспасөз мәслихатында баяндап өткен болатын. Кейіннен оның ойы жүзеге асты да... Кездесу басталған тұста алаң иелері басымдыққа ие болып алуға тырысты. Бірақ ә дегенен сақ ойнаған ақтөбеліктер допты оңайлықпен беріп қоймау қажеттігін ұғынып, алаңның әрбір бұрышында таласты күшейтті. Бірінші кезеңде Самат Смақов пен Еміл Кенжесариев айып соққысын орындап, «Кечкемет» қақпашысын тексеріп көрді. Алайда алғашқы голды соғу мәртебесіне бәрібір алаң қожайындары ие болды. Кездесудің 30-минутында венгриялықтар қатарындағы Синиш Раданович Андрей Сидельниковтың осал тұсын дөп басты. 44-минутта «Кечкемет» ойыншысы Фрэнсис Лицинги ереже бұзып, израильдік төрешіден ескерту алды. Ойынның екінші жартысы тіптен тартысты басталып, екі жақтың футболшылары да «сары қағаз» еншіледі. Алдымен, «Ертістің» өкілі Юрий Логвиненко алаң ортасындағы допқа талас кезінде қарсыласын баудай түсіріп, төреші назарына іліксе, одан кейін Евгений Аверченконы сұлатып салған Бори Габор жаза тартты. Кездесудің 59-минутында «Ақтөбенің» сенегалдық легионері Мәлік Мане қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Бұл - осы ойындағы соңғы гол болды. «Ақтөбе» қарымта кездесуді көтеріңкі көңілмен өткізуге тиіс. Жауап ойындар 21 шілде күні өтеді. Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров