Бір матчта үш пенальтиді тойтару кез келген қақпашы үшін карьерасының ең жарқын сәттерінің бірі болары сөзсіз. Қазақстан футболында тек Темірлан ғана емес мұндай ерлікті барлығы үш бірдей қақпашы жасаған. Нұрлан Абуов, Игорь Шацкий және Темірлан Анарбеков. Әрқайсысының оқиғасы жеке бір аңыз, Қазақ қақпашыларының қайсар мінезін дәлелдейтін ерекше жайт.
1999 жыл. Нұрлан Абуов
20-шы ғасырдың соңында Қызылорданың “Қайсар-Харрикейн” командасы Азия Кубок иегерлері кубогында бақ сынады. 1999 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстандық клуб Тәжікстанда “Ходжа Каримовқа” қарсы алаңға шықты.
Негізгі уақытта Абуов бір пенальтиді қайтара алды. Ал шешуші сәт пенальтилер сериясында тіркелді. Нұрлан тағы екі соққыны тосып, барлығы үш рет қақпасын аман сақтап қалды. Нәтижесінде “Қайсар-Харрикейн” қарсыласын жеңіп, келесі кезеңге өтті. Бұл қазақ футболының халықаралық аренадағы алғашқы “пенальтилік” ерліктерінің бірі еді.
2021 жыл. Игорь Шацкий
Келесі тарихи сәт араға 22 жыл салып қайталанды. 2021 жылы Қарағандылық “Шахтёр” УЕФА Конференциялар лигасында Украиналық “Колоспен” кездескен. Екі ойында да гол соғылмай, бар назар пенальтилер сериясына ауды.
Команда капитаны әрі қақпашысы Игорь Шацкий дәл сол жерде өзінің мінезін көрсетті. Ол төрт соққының үшеуін қайтарып, “Шахтёрды” келесі кезеңге алып шықты. Қарағанды футболшылары сол кеште Еуропаға Қазақстандық қайсар рухты тағы бір мәрте танытты.
2025 жыл. Темірлан Анарбеков
2025 жылдың 26 тамызы Қазақстандық футбол тарихына алтын әріппен жазылатын күн. Алматыдағы Чемпиондар Лигасы плей-оффының жауап матчында “Қайрат” Шотландиялық “Селтикке” қарсы ойнады.
Негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, алаңға 21 жастағы қосалқы қақпашы Темірлан Анарбеков шықты. Ол 120 минут бойы сенімді өнер көрсетіп қана қоймай, пенальтилер сериясында үш бірдей соққыны қайтарды. Нәтижесінде “Қайрат” тұңғыш рет Чемпиондар лигасына жолдама алды. Бір апта бұрын ел ішінде ғана танымал болған жігіт, сол түні бүкіл Еуропаның спорт жаңалықтарының басты кейіпкеріне айналды.
Нұрлан Абуов – 1999
Игорь Шацкий – 2021
Темірлан Анарбеков – 2025
Үш буын, үш тарихи матч, үш мәрте қайсарлықтың үлгісі. Қазақ қақпашыларының бұл ерліктері ел футболының дамуына ғана емес, жас ойыншыларға шабыт беретін шынайы аңыз болып қалары анық.
Біздің серіктес: FONBET