Жарнама
Жарнама

Үш жылдан кейін «өш» алды

15.11.2011, 18:10
Жарнама
Жарнама

«Ордабасы» ел кубогы жолындағы бәсекеде өзгелердің алдын орап кетті. Шымкенттік ұжымның өнері біріншілік барысында да жанкүйер қауымға ұнағаны рас. Бұл команда өзінің күшті мінезді, жігерлі екенін дәлелдеп, мықтылардың қай қайсысымен болса да тең бәсекелескені мәлім. Қазақстан кубогының жартылай финалында біз «Ордабасы» футболшыларының осы қасиеттеріне тағы көз жеткіздік. Шымкенттіктер сырт алаңдағы ойын қорытындысы бойынша «Тараздан» екі гол айырмасымен ұтылса да, жауап кездесуде қарымта қайырып, финалға жолдама алды. Ал ақтық сында «Ордабасы» өткен жылғы Қазақстан чемпионы Қостанайдың «Тобылын» жалғыз голдың көмегімен ұтып, тұңғыш рет ел кубогының иегері атанды. Қазақстанның футбол федерациясы келтірген деректер дәл болса, Алматының «Орталық» стадионында өткен ойынды тамашалауға 8500 жанкүйер жиналған екен. Сондай-ақ финалдық бәсекені «Хабар» агенттігі республика көлемінде көрермендерге көгілдір экран арқылы таратып, игілікті іс атқарды. Кездесу басталған тұста-ақ қос команда аңдысып жатпай, өткір шабуылдарға көшті. Алдымен шымкенттіктер қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Іле-шала қостанайлықтар да «Ордабасы» қақпасы маңында дауыл тұрғызды. Бірақ бұл екі сәтте де жанкүйер қауым соғылған голға куә бола алмады. Тағы бірде «Ордабасының» капитаны Қайрат Әшірбеков алдыңғы шепте белсенді қимылымен көзге түсті. Сол сияқты шымкенттік жанкүйердің сүйікті футболшыларының бірі Дәуренбек Тәжімбетов те қарсыластар қақпасын көздеудің амалдарын іздеп, қостанайлық қорғаушылардың мазасын қашырды. Әрине, «Тобыл» ойыншылары да қарап қалмады, дегенмен олардың тым сылбыр әрекет еткендей көрінгендері рас. Қостанайлықтар көп жағдайда қос қаптал арқылы шабуылдауды жөн санады. Бірақ «Ордабасының» ойыншылары қиыр шепте епті қорғана білді. Биылғы жылы көремендер көзайымына айналғандардың бірі Сергей Гридин де есеп ашуға талпынып, шымкенттік қақпашы Алмат Бекбаевтың осал тұсын аңдумен болды. Дегенмен есепті «Ордабасы» ойыншылары ашты. Кездесудің 40-минутында шымкенттік ұжымның төл шәкірті Мұхтар Мұхтаров стандартты жағдайды ұтымды пайдаланып, баспен гол соқты. Матч барысында өз командаларын қызу қолдап отырған «Ордабасы» жанкүйерлерінің қуанышында шек болмады. Мұндайда гол соққан ойыншы да шыдап тұрсын ба, кеудесін кернеген сезімін тежей алмай, жанкүйерлерге қарай жүгірді. Үзілістен кейін «Тобыл» есе қайтаруға тырысып, «Ордабасы» ойыншыларын айып алаңдарына қарай жиі тықсырды. Алайда сауатты қорғанып, реті келгенде қарсы шабуылдарға шығуды ұмытпаған шымкенттіктердің де гол соғатын мүмкіндіктері жеткілікті болды. Ойын сәттерінің бірінде «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Ненад Сливич өрескел қателікке бой алдырып, «Ордабасы» ойыншысының гол соғуына мүмкіндік беріп қоя жаздады. Дегенмен ол қақпашымен бетпе-бет қалған Дәуренбек Тәжімбетовті шалып жығып, нәтижелі соққы тіркелмеді. Есесіне кездесуге төрелік еткен Руслан Дүзмамбетов қалтасынан «қызыл қағаз» суырып, Ненад Сливич алаңнан қуылды. Бір ойыншысы кемігесін «Тобылдың» жағдайы тіптен қиындады. Жеңістің дәмін сезген «Ордабасы» футболшылары мейлінше жинақы қимылдап, қорғаныста мығым ойнады. Бұл команданың екінші нөмірлі қақпашысы саналатын Алмат Бекбаевтың өнерін де ерекше атап өту артық емес. Ол бірнеше сәтте қауіптің бетін қайтарып, командасының жеңісіне елеулі үлесін қосты. Кездесудің нүктесін де осы ойыншы қойды десек қателеспейміз. Ол ойынның соңғы минутында Сергей Костюктің күшті соққысына тосқауыл бола білді. Осылайша біріншілік барысында жүлдеге қол жеткізе алмаған қос команда арасындағы тартыста «Ордабасының» жолы болды. Шымкенттіктер үшін бұл жолғы жеңістің орны бөлек. Өйткені осыған дейін «Ордабасы» бірде-бір рет жүлде олжалап көрмеген еді. Иә, 2007 жылы шымкенттіктер ел кубогын иеленуге жақын қалды, бірақ финалда дәл осы «Тобылдан» 0:3 есебімен ұтылып қалған болатын. Енді міне, араға үш жыл салып «Ордабасы» есе қайырды. Кездесу соңында сөз алған «Ордабасының» бас бапкері Виктор Пасулько: «Мен қатты қуанып тұрмын! Бүгін өз алаңымызда ойнағандай жағдай қалыптастырған жанкүйерлерімізді және футболшыларымды шын жүректен құттықтаймын. Осы ойынға келе алмай қалған жанкүйерлерді де ортақ жеңіспен құттықтаймын. Командамыз өте сауатты ойнады, ең бастысы, шәкірттерім жеңіске деген жігерлерін жани білді. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, чемпионаттың екінші кезеңіндегі бәсекелердің біз үшін турнирлік маңызы жоқ еді. Бірақ соған қарамастан, жігіттер барларын салып, әрбір ойынды тартысты етуге жұмылды. Бірде бір ойыншыма менің өкпем жоқ. Бұл - үлкен жеңіс. Біз жартылай финалда «Таразды» айналып өтіп, финалда «Тобылды» ұтып, кішігірім ғажайып тудырдық. Шәкірттеріме мың алғыс!» - деді. «Тобылдың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Александр Беляков та «Ордабасы» командасын жеңісімен құттықтады: «Олар бүгін керемет ойнады, жеңіске лайық болды. Бәсеке шын мәнінде, кубоктық сипатқа сай келді: өткір шабуылдар, қым-қиғаш тартыс оның ажарын кіргізді. Десек те ойын тең жағдайда өрбіді, мұндайда бір ғана қателіктің бәрін шешіп кететіні мәлім. Біздің сондай бір ғана қателігіміз голға апарып соқтырды. Өзіміздің де гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды, бірақ сәттілік бетін бізге қарай бұрмады. Тіпті соңғы минутта айып соққысын орындадық та, алайда қарсыластарымыздың қақпашысы шеберлік таныта білді. Осы жеңілістен кейін біз қай бағытта жұмыс істейтінімізді айқындайтын боламыз. Ал әзірше қорғаныс пен жартылай қорғаныс шебінде осал екенімізді мойындаймыз. Қалай десек те мен өз футболшыларыма алғысымды жеткіземін. Сондай-ақ командамыздың қамқоршысы әрі жанкүйері облыс әкімі Сергей Кулагин мырзаға да ризашылығымды білдіргім келеді». Жеңімпаз командаға бағалы кубок пен жүлдені еліміз футболының басшылары Сейілдә Байшақов пен Михаил Гурман тапсырды. Кубокты көкке көтерген Қайрат Әшірбеков бастаған «Ордабасы» футболшыларының құрметіне дәстүрлі түрде отшашу атылып, жеңімпаздарға арналған ән шырқалды. Ел кубогын иелену жөнінен әзірге Алматының «Қайратына» тең келер ешкім жоқ. Бұл күндері тоқырауды бастан өткеріп отырған «Қайратымыз» ең алғаш Қазақстан кубогын 1992 жылы ұтып алса, соңғы рет 2003 жылы олжалаған екен. Тарих қойнауына аттанған Астананың «Жеңіс» командасы ел кубогын үш мәрте иеленген болатын. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы «Ақтөбе» кубоктық бәсекеге келгенде жақсы көрсеткішпен мақтана алмайды. Ол тек бір рет қана, 2008 жылы бағалы жүлдені еншілеген екен. Қостанайдың «Тобылы» ел кубогын бір-ақ рет, 2007 жылы ұтып алса, Қарағандының «Шахтері» бұл белесті әлі күнге дейін бағындыра алмай жүр. «Кеншілер» бұл бәсекенің ақтық сынына екі рет, 2009 және 2010 жылдары шыққан болатын. алғашында олардың жолын «Атырау» командасы кессе, өткен жылы «Астана» (ол кезде «Локомотив» деп аталды) қиды. Шалқар ЕСТЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров