Жарнама
Жарнама

Үздік үштік қайта өзгерді

10.06.2011, 17:35
Жарнама
Жарнама

Қазақстан премьер-лигасындағы тартыс екінші айналымда тіптен қыза түсті. Осы жолы ойналған 14- турдың нәтижелері турнир кестесіндегі үздік үштіктің құрамын өзгертті. Жаңа атауға ие болып, енді «Астана» атанған бұрынғы «Локомотив» бұрынғысынша көш бастап келеді. Оны өкшелей қуған «Ақтөбе» де кезекті үш ұпайды еншіге жазды. Ал Қарағандының «Шахтеры» қонақта жүріп, «Жетісудан» ұтылды және сол себепті кестеде бір саты төмендеп, өз орнын талдықорғандық ұжымға босатып берді.

Сонымен, 14-турдың орталық кездесуі әрине, «Жетісу» мен «Шахтердің» арасында өтті. Осы ойынның қарсаңында бұл екі команданың арасын бір ғана ұпай бөліп, «кеншілер» алда тұрған болатын. Асқар Қожабергенов, Серік Әбдуәлиев сынды білікті мамандардың ақыл-кеңесіне сүйенген талдықорғандықтар бұл кездесудің қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Әлбетте қарағандылықтардың да Жетісу төрінде өтетін ойынға тас-түйін бекініп келгені анық. Екі команданың арасындағы биылғы алғашқы матч 3:3 есебімен тең аяқталғаны мәлім. Бұл жолғы нәтиженің қандай боларын болжап білу мүмкін емес еді.

Бірден айта кетейік, «Жетісудың» сапындағы Цветкович, Климавичус және Щеткин сияқты белді ойыншылар осы жолы өз командаларына көмектесе алмады. Алдыңғы екі футболшы «сары қағаздар» санының шектен асып кетуі себебінен бәсекеден тыс қалса, жас шебер Алексей Щеткин Қазақстан жастар құрамасының қатарында Румыния командасына қарсы доп теуіп, жарақат алып қалған болатын. Дегенмен ұжым үшін орындары ерек саналатын үш ойыншыны өзге әріптестері жоқтата қоймады. Кездесуді қонақтар қарқынды бастап, екі бірдей өткір шабуыл ұйымдастырды. Алдыңғы шепте Андрей Финонченко мен Сергей Хижниченко белсенді қимылдаған еді. Әйтсе де «Жетісу» ойыншыларының да шабуылдаушы футболды сүйетіні көпке мәлім, көп ұзамай Мокин қорғаған қақпаға да қауіп төне бастады. Ұрымтал сәттердің бірінде Остапенко әріптесі Берікбаевтың керемет пасын рәсуа етті. Ал тағы бір ойын сәтінде қонақтар сапындағы Джидич өз айып алаңдарының ішінде ереже бұзып, талдықорғандықтар пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Нүктеге «Жетісудың» өзбек легионері Ұлықбек Бақаев беттеп, Мокин қақпашыны қапы қалдырды. Кездесудің 28-минутында тіркелген жалғыз гол ойын тағдырын шешті. Ойынның аса тартысты өткенінің бір мысалы «сары қағаздардың» шеруі. Кездесуге төрелік еткен ақтөбелік маман Жуковский 10 ойыншыға ескерту жазды.

Матч соңынан сөз алған «Шахтердің» бас бапкері Виктор Кумыков ойыншыларының бірінші таймдағы салғырттығы жалпы қорытындыға әсер еткенін қадап айтты. Оның пікірінше, кездесу барысындағы бәсеке тең жағдайда өрбіген.

«Жетісудың» бас бапкері Серік Әбдуәлиев те осы пікірмен келісетінін мәлімдеп, өз шәкірттерінің жеңіске деген үлкен құлшыныстың арқасында мерейлері үстем болғанын тілге тиек етті.

Көш басындағы «Астана» бұл турда «Атырауды» қабылдаған еді. Турнир кестесінің төменгі бөлігінде жүрген мұнайлы өлкенің ұжымы азулы қарсыласына тек екінші таймда қауқар көрсете алды. Ойынның бірінші жартысында алаң иелері екі бірдей жауапсыз гол енгізіп, мәселені шешіп тастағандай болды. 23- минутта Рожков, 35-минутта Жұмасқалиев мергендік танытып, жергілікті жанкүйердің үмітін ақтаған-ды. Үзілістен кейінгі алғашқы голды да астаналық футболшылар соқты. Гол авторы атану кезегі Таңат Нөсербаевқа да жеткен еді. Ойынның осыдан соңғы бөлігін «Атыраудың» сапындағы Алейниковтың екі бірдей нәтижелі соққысы көркемдей түсті. Ол алдымен 74-минутта Эрич қорғаған қақпа торын бүлк еткізсе, арада 5-минуттай өткенде екінші рет есеп айырмасын қысқартты. Бірақ қанша талпынса да қонақтар таразы басын теңестіре алмады. Кездесу 3:2 есебімен аяқталды.

Үздіктердің бірі «Ақтөбе» Өскеменнің «Востогын» аса қиналмай ұтты. Турнир кестесінің ең соңғы сатысындағы «Востокқа» жаңа бапкер де көмектесе алар емес. Бұл кездесудің алғашқы голын 28-минутта жартылай қорғаушы Мақсат Құрмашев соқты. Екінші таймда ақтөбеліктер тағы екі рет нәтижелі соққы тіркеді. Мәлік Мане 57-минутта Прядкин иелігінен саңлау тапса, 79-минутта Еміл Кенжесариев ойынның нүктесін қойды: 3:0.

14-турда Қостанайдың «Тобылы» да ірі жеңіске жетті. Кереку өңірінен келген «Ертіс» алаң иелерінің күшті қарқынына төтеп бере алмады. Олар тек бірінші кезеңде ғана лайықты бәсекелесіп бақты. Бұл кездесудің қаһармандарының бірі Әзірбайжанға қарсы ойында ұлттық құраманы алға сүйреген Сергей Гридин болды. Еңсегей бойлы шабуылшы осы жолы да өз шеберлігін сан қырынан таныта білді. Ол ойынның 16-минутында есеп ашып, 66-минутта «дубльдің» авторы атанды. «Ертістің» қатарында Заречный 38-минутта таразы басын теңестірген еді. Бірақ 44-минутта Волков командасын алға шығарып, 47-минутта Бекрич басымдықты бекемдей түскен болатын. Матч қорытындысы 4:1.

Шымкентте Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған жергілікті «Ордабасы» қолда тұрған үш ұпайдан көз жазып қалды. Кездесудің 17-минутында Касьяновтың көмегімен есепте алға шыққан шымкенттіктер ойынның негізгі уақыты аяқталуға 4 минуттай қалғанда гол жіберіп алды. «Қайсарды» жеңілістен құтқарып қалған Тағыбергеннің голы еді.

«Тараз» өз алаңында маңызды жеңіске жетті. Тараздықтар Алматының «Қайратымен» шеберлік байқасқан болатын. Ойынның 30-минутында Диакате соққан гол алаң иелеріне үш ұпай сыйлады.

14-турдан кейін 30 ұпай олжалаған «Астана» әзірге алда келеді. Елордалықтардан бір ұпай кем жинаған «Ақтөбе» 2-сатыға жайғасса, «Шахтерді» ұтып, үздік үштіктің қатарына қайта қосылған «Жетісуда» 28 ұпай бар. Ал «кеншілердің» ұпай саны - 26.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров